1 наурыз күні Қазақстан Республикасында Алғыс айту күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай қазақстандықтарға Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александр құттықтауын жолдады:
Құрметті қазақстандықтар! Қадірлі ағайындар!
Сіздерді еліміз үшін айрықша мәні бар мереке – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке қасиетті қазақ жерінде өмір сүріп жатқан барша азаматтар үшін ерекше маңызға ие. Ол жүректерімізде ең ізгі сезімдерді – жақынға деген сүйіспеншілікті, ризашылық пен мейірімділікті оятады. Дәл осы асыл қасиеттер түрлі этностар мен діни дәстүр өкілдерін біріктіреді. Ал халқымыздың бірлігі мен татулығы – Ұлы даланың ең қымбат қазынасы, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған баға жетпес мұрасы.
Алғыс айту күнін атап өте отырып, біз елдің байырғы халқы – қазақтарға ерекше құрмет пен шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Зұлмат жылдары, ауыр сынақ кезеңінде олар көптеген қуғын-сүргінге ұшыраған қоныс аударушыларды бауырындай қабылдап, кеңпейілділік пен жанашырлық танытты. Солардың арасында Православие Шіркеуінің көптеген өкілдері – иерархтар, дін қызметкерлері, монахтар мен қарапайым сенушілер де болды. Біз Қазақстан халқының көрсеткен қамқорлығын жүрегімізде мәңгі сақтаймыз. Себебі жер аударылған дін қызметкерлері мен сенушілерге көмек көрсете отырып, олар талай адамның өмірін ғана емес, Православиелік сенімді де сақтап қалуға ықпал етті, посткеңестік кеңістіктегі халықтардың рухани жаңғыруына орасан зор, баға жетпес үлес қосты.
Мазмұны терең бұл мереке алдағы уақытта да қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, халқымыздың бірлігі мен Қазақстанның өркендеуіне қызмет ете берсін.
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Алғыс айту күніне орай ел Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевқа, мемлекеттік басшылыққа, Парламент депутаттарына, облыстар мен қалалардың әкімдеріне құттықтау жеделхаттарын жолдады.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр