9 мамыр 2026 жыл. Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Митрополит Александр қазақстандықтарды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойымен құттықтады:
Құрметті қазақстандықтар! Ардақты бауырлар мен әпке-қарындастар!
Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
9 мамыр – жарқын қуаныш пен терең қайғыға толы бүкілхалықтық мереке. Бұл – Отанын қорғап, жер бетінде бейбітшілікті сақтап қалған көпұлтты халықтың теңдессіз ерлігі, қайсар жігері мен рухының мызғымас күшінің символы.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс ата-бабаларымызға сансыз азап, құрбандық пен қиындықтар арқылы келді. Осы күні біз жау шапқыншылығына қарсы тұрған, тылда да, майданда да жанын аямай Жеңісті жақындатқан жандарды еске алып, елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қаза тапқандардың алдында тағзым етеміз.
Ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігін ризашылықпен еске ала отырып, біз Жеңістің ең ұлы жетістігі – халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін бар күшімізді салуға ұмтыламыз.
Православие Шіркеуі Ұлы Отан соғысы туралы мәңгілік естелікті сақтауға, елдегі дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және өскелең ұрпақты Отанды сүю рухында тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Осы қасиетті әрі мерекелі күні Шіркеу Отан қорғаушылары, Қазақстанның берекелі жеріндегі бейбітшілік пен амандық үшін ыстық дұғалар жолдайды.
Бүгін барлық храмдарда адамзатты фашистік езгіден құтқарғаны үшін алғыс айту дұғасы және Ұлы Отан соғысы жылдарында азаппен қаза тапқан жауынгерлерді ерекше еске алу рәсімдері өтуде.
Осы қасиетті әрі мерекелі күні баршаңызға бейбіт өмір, зор денсаулық және амандық тілеймін.
Митрополиттік округтің Басшысы Ұлы Жеңіс күніне орай мемлекет Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевқа, Үкімет мүшелеріне, қала және облыс әкімдеріне, сондай-ақ парламент депутаттарына құттықтау хаттарын жіберді.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр