Қадірлі әкелер, ардақты бауырлар мен әпке-қарындастар, жастардың спорттық форумын ұйымдастырушылар мен қатысушылары!
Биыл біз Қазақстанда ерекше құрметтелетін екі рухани тұлға – иеромонахтар Серафим (Богословский) мен Феогносттың (Пивоваров) қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл толуын дұғамен еске аламыз. Олар Қызыл-Жар шатқалының баурайындағы өздері негізін қалаған Ақсай скитінде азап шегіп қаза тауып, Құдайдан «өшпес даңқ тәжіне» ие болды (1 Пет. 5:4). Сондай-ақ қасиетті мекеннің қайта жаңғыртылғанына 30 жыл толып отыр.
Біздің қасиетті парызымыз – Ізгі хабардың ақиқатын тарату жолында аянбай еңбек еткен әрбір тақуа жанның, Мәсіх үшін өз өмірін құрбан еткен әрбір азапкердің жарқын рухани мұрасын қастерлеп, олардың есімін ұмытпай сақтау.
Бүгін Алматыда осы айтулы күндерге арналған спорттық жарыстар бастау алады. Жастар арасындағы бұл сайыстар – рухани-адамгершілік және отансүйгіштік тәрбиенің маңызды құрамдас бөлігі. Мәсіхтің Киелі Шіркеуі бізді күш ешқашан зұлымдықтың құралына немесе менмендіктің көрінісіне айналмауы тиіс деп үйретеді. Нағыз спортшы – өзгеден оза білген адам емес, өз-өзін жеңе білген адам. Ол өз әдеттерін, сезімдерін, өзімшілдігі мен жалқаулығын жеңуді үйренген жан. Бұл жөнінде Киелі Жазбадағы Нақыл сөздер кітабында былай делінген: «Ұзақ шыдамды адам батырдан артық, ал өзін-өзі меңгерген жан қаланы жаулап алушыдан да артық» (Притч. 16:32). Сондықтан бұл жарыстардың мақсаты тек спорттық жетістіктерге қол жеткізу ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың туған жеріне, оның қасиетті орындарына деген сүйіспеншілігін қалыптастыру және салауатты әрі ізгі өмір салтын ұстануға баулу екені аса маңызды.
Мәскеу және бүкіл Русьтің Қасиетті Патриархы Кирилл былай деген: «Спорт – адамның тән мәдениетімен қатар рухани мәдениетін де биікке көтеретін құрал. Ол – адамның тұлғалық кемелденуіне қызмет етеді. Ерік-жігерсіз, өзін-өзі шектей білмей спортта ешқандай жетістікке жету мүмкін емес. Дәл сол сияқты рухани өмірде де өзін-өзі тежемей және рухани ерліксіз табысқа жету мүмкін емес. Міне, дәл осы тұста Шіркеу, христиандық дүниетаным мен спорт арасындағы терең өзара байланыс қалыптасады».
Осы игі шараны ұйымдастырушыларға, жаттықтырушыларға, тәлімгерлерге және барлық қатысушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамун бастаған ұжымына ерекше алғысымды айтамын.
Құтқарушымыз Иса Мәсіх бүгін құрметтеліп отырған қасиетті азапкерлердің дұғалары арқылы баршамызға Өзінің мол мейірімі мен рақымын жаудырып, Қазақстан жеріне батасын бере көргей. Барлық спортшыларға толағай табыс тілеймін.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІНІҢ БАСШЫСЫ
АСТАНА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН МИТРОПОЛИТІ АЛЕКСАНДР
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр