Қарағанды және Шахтинск архиепископы,
Жоғары мәртебелі СЕВАСТИАН мырзаға
Қарағанды епархиясының дін қызметкерлері мен қауымына
Қарағанды қаласындағы Богородице-Рождественский құрметіне арналған әйелдер монастырінің игумениясы Олимпиадаға (Салопеко) және монастырь тұрғындарына
Жақында дүниеден озған схиархимандрит Пахомийдің (Горошко) рухани перзенттеріне
Аса құрметті Жоғары мәртебелі!
Қадірлі әкелер, құрметті игумения ана, ардақты бауырлар мен әпке-қарындастар!
Қазақстан Митрополиттік округінің ең қарт дін қызметкері – схиархимандрит Пахомийдің (Горошко) дүниеден озғаны туралы қаралы хабар жүрегімізге терең қайғы салды.
Ол «өмірге әбден қаныққан» (Быт. 25:8), көптеген еңбек пен сынаққа толы ғұмыр кешті. Енді міне, Қасиетті әрі Ақиқат Ие (Откр. 6:10) Құдайдың шынайы тақуалығы мен әділдігінің үлгісін көрсеткен Өзінің адал қызметшісін Өзіне шақырды.
Жаңадан дүниеден озған тәлімгер Қарағандының қасиетті әулиесі Севастианының кішіпейіл шәкірті әрі адал ізбасары болу бақытына ие болды. Ол – «Қасиетті Үштіктің қызметшісі», Оптина ақсақалдарының соңғыларының бірі, сенім жолындағы мойындаушы және Қазақстан жерінің көктегі қамқоршысы еді. Мәсіхтің Шіркеуі қудалау мен қысымның ең ауыр кезеңдерін бастан кешкен сол бір жылдары Қарағандының Михайловка ауданындағы қасиетті Севастиан құдайсыз биліктің қаулыларына қарамастан ғажайып түрде тұрғызған қарапайым ғибадатхана ұлан-ғайыр елдің түкпір-түкпірінен жұбаныш пен рухани демеу іздеп келген жүздеген мың сенуші үшін екінші Оптинаға айналды. Дәл сол кезде Қасиетті Құдай Анасының Рождествосына арналған құпия монастырьда бүгін мәңгілік сапарға шығарып салып отырған Пахомий әкенің Құдайға және адамдарға қызмет ету жолы басталды. Қазақстандағы Православие тарихына Қарағанды ақсақалының шәкірттері мен серіктері – мәңгі есте қалатын архимандрит Анатолий (Киселев) мен схиигумения Севастиананың (Жукова) есімдері алтын әріптермен жазылды. Бүгінде дүниеден озған бақташы да солардың қатарында құрметпен еске алынады.
Қасиетті Севастиан ақсақалдан қабылдаған тақуалық дәстүрлері мен рухани тәжірибесін схиархимандрит Пахомий өзіне кеңес пен көмек сұрап келген әрбір жанмен жомарттықпен бөлісетін. Ол даналыққа толы сөзімен, жалынды дұғасымен және өз өмірінің өнегесімен адамдардың жүрегінде Мәсіхке деген құтқарушы сенімнің шырағын жағып, монахтар мен зайырлы қауымды Құдайдың ұлылығын тануға жетеледі (2 Кор. 4:6). Иеміз оған құдайсыздық дәуірінің ауыр сынақтарына қайсарлықпен төтеп беруге күш-қуат беріп, Қазақстанның кеншілер өлкесінде православиелік сенімнің қайта жаңғыруының куәгері әрі қатысушысы болуға, Қарағанды жерінде Інжіл ізгі хабарын тарату ісін дамытуға лайық етті. Пахомий әке өзінің рухани әкесінің өсиетін өмірде жүзеге асыруға әрдайым ұмтылып, қасиетті қарияның: «Тату-тәтті өмір сүріңдер. Бейбітшілік пен сүйіспеншілік – ең бастысы», – деген сөздерін үнемі қайталап жүрді. Жақында дүниеден озған Жаратқан Иенің қасиетті құрбандық үстелінің қызметшісі Қарағандыда жаңа ғибадатханалардың бой көтеруі үшін көп еңбек сіңірді және Өмір Беруші Қасиетті Үштік пен өзінің ұстазы – қасиетті Севастианның құрметіне салынған кафедралды соборлардың көкке бойлаған күмбездерін өз көзімен көру бақытына ие болды. Православие игілігі жолындағы көпжылдық еңбегін ескере отырып, Мәскеу және бүкіл Русьтің Қасиетті Патриархы Кирилл схиархимандрит Пахомийді Орыс Православие Шіркеуінің санаулы ғана тәлімгерлерінің қатарында жоғары діни марапат – екінші кеуде крестін тағу құқығына лайық деп таныды.
Схиархимандрит Пахомий туған Қазақстан жерінде Православие игілігі үшін жалынды жүрекпен еңбек етті, ал енді мәңгілік өмірге қайта дүниеге келді. Жердегі өмірінің аяқталуына аз уақыт қалғанда, Иеміз Өзінің адал қызметшісін рақымымен Өмір Беруші Қасиетті Қүпияларға қатысуға, «күнәлардың кешірілуі мен мәңгілік өмір үшін» қабылдауға лайық етті. Елші Павелмен бірге біз де былай деп куәлік етеміз: «Ешқайсымыз өзіміз үшін өмір сүрмейміз және ешқайсымыз өзіміз үшін өлмейміз. Өмір сүрсек – Иеміз үшін өмір сүреміз, өлсек – Иеміз үшін өлеміз. Сондықтан өмір сүрсек те, өлсек те – Иемізге тәнбіз» (Рим. 14:7–8).
Бүгін қасиетті Ефрем Сириннің тақуа ақсақалдың дүниеден өтуіне байланысты айтқан сөздерін еске алып, оларды марқұмның өміріне арнағым келеді: «Сен Құдай Ұлының шәкірттеріне ұқсадың. Олар өткінші байлық жинаған жоқ. Сен де солардан үлгі алып, жер бетінде ештеңе жинамадың. Осылайша Мәсіхке ұнамды болып, енді Онымен бірге қуаныш мекенінде шаттанасың».
Жалпышіркеулік мойынсұнуларға байланысты жерлеу рәсіміне жеке қатыса алмайтындықтан, жүрегіме жақын схиархимандрит Пахомий әкемен ойша қоштасып, бүкіл жер бетіндегі адамдардың жүрер жолына аттанған оған өзімнің архипастырлық батамды жолдаймын, ал баршаңызға дұғалық жұбаныш сөздерін арнаймын. Менің тапсырмам бойынша Қазақстан Православие Шіркеуінің барлық храмдары мен монастырьларында жаңадан дүниеден өткен Құдайдың құлы схиархимандрит Пахомийдің рухына арнап аза құдайы қызметтері өткізілетін болады. Аса Мейірімді Иеміз Өзінің адал қызметшісінің жанын Өз жүзі нұр шашып тұрған, ауру да, қайғы да, күрсініс те жоқ, мәңгілік өмір салтанат құрған мекенде тыныштыққа бөлесін.
Марқұмды таныған әрбір адамның жүрегі оның жанын көктегі әділдердің мекеніне қабыл ету туралы шынайы дұғамен толы болсын. Оның рухани өсиеттері Қазақстандағы православие сенушілері үшін әрдайым сенімді бағдар болып қала береді және бәрімізге де «тыныштық байланысында рухтың бірлігін сақтауға» (Еф. 4:3) жәрдемдеседі деп сенеміз.
«Бізді сүйген әрі рақымымен мәңгілік жұбаныш пен игі үміт сыйлаған Иеміз Иса Мәсіхтің Өзі және Құдай Әкеміз жүректеріңізді жұбатып, әрбір игі сөз бен игі іске бекітсін» (2 Сал. 2:16–17).
Құдайдың құлы схиархимандрит Пахомийге мәңгі әрі алғысқа толы естелік!
Құдайдың жарылқауын тілей отырып,
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ОРЫС ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ МИТРОПОЛИТТІК ОКРУГІНІҢ БАСШЫСЫ
Көкшетау және Ақмола епархиясы дін қызметкерлерінің епархиялық жиналысы өтті
Толығырақ
Алматыда Верный және Жетісу епископы, қасиетті шейіт Пимен құрметпен еске алынды
Толығырақ
Верный қаласының қасиетті шейіті Пименді еске алу күні митрополит Александр Мәскеудегі Қазақстан Митрополиттік округінің Өкілдігінде Литургияны өткізді
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр