ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Обращение
11.08.2026, 11:00

Астана және Қазақстан митрополиті, Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы митрополит Александрдың Алматыдағы қасиетті шейіттер Серафим мен Феогносттың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл және Ақсай монастырінің қайта жаңғырғанына 30 жыл толуына о

Астана және Қазақстан митрополиті, Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы митрополит Александрдың Алматыдағы қасиетті шейіттер Серафим мен Феогносттың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл және Ақсай монастырінің қайта жаңғырғанына 30 жыл толуына о

Құрметті әкелер, қымбатты бауырлар мен әпкелер!

Қазақстан Православие Шіркеуі құдайға ұнамды өмір сүріп, дінді мойындауда ерлік көрсеткен және шейіт болған иерархтардың, дін қызметкерлерінің, монахтар мен діндарлардың қасиетті есімдерін қастерлеп сақтайды. Олар құдайсыздық қуғын-сүргіні кезінде өлімге дейін Мәсіхке және Оның Қасиетті Шіркеуіне деген сенімін, үмітін және сүйіспеншілігін куә етті. Олар кейінгі ұрпақтарға: «Өмір сүрсек те – Иеміз үшін өмір сүреміз, өлсек те – Иеміз үшін өлеміз» (Рим. 14:8) деген ақиқатты өз өмірлерімен айғақтап кетті.

Бүгінде біз Қазақстан жерінде айрықша қастерленетін тақуалар – иеромонахтар Серафимді (Богословский) және Феогностты (Пивоваров) қасиеттілер қатарына қосып ұлықтаудың 30 жылдығын дұға арқылы еске аламыз. 1921 жылы олар Қызыл-Жар шатқалының баурайында өздері негізін қалаған Ақсай скитінде шейіт болып, Құдайдан өшпес даңқ тәжіне ие болды (1 Пет. 5:4). Апостолдың сөзімен айтқанда, олар өздерін барлық жағынан «Құдайдың қызметшілері ретінде үлкен төзімділікпен, қиыншылықтарда, мұқтаждықтарда, таршылықта, соққы астында, түрмелерде, қуғын-сүргінде, еңбекте, түнгі күзетте, оразада, тазалықта, парасаттылықта, кеңпейілділікте, ізгілікте, Киелі Рухта, шынайы сүйіспеншілікте» көрсетті (2 Кор. 6:4–6). Өткен ғасырдағы жаңамучениктермен және дін жолын мойындаушылармен рухани бірлікті біз ерекше сезінеміз, өйткені олар – біздің отандастарымыз, тән жағынан туыстарымыз, ал аға буын үшін іс жүзінде замандастарымыз.

Алматылық Мәсіх үшін азап шеккендердің шіркеулік қызметінің бастауы Құдай Анасының Рождествосына арналған Глинск монастырімен байланысты. Рухани тәжірибесі мол тәлімгерлері мен көреген қарттары арқылы әйгілі болған осы обительде олар монастырлық постриг қабылдады. Жақсы білім алған және кең-байтақ, жаңадан дамып келе жатқан Түркістан епархиясында ағартушылық ісіне қызмет етуді қалаған монахтар Серафим мен Феогност 1882 жылы көрнекті иерарх – мәңгі есте сақталатын архиепископ Александр (Кульчицкий) Ыстықкөл жағасында негізін қалаған Троицк монастырына қоныс аударды. Олардың еңбегі Верный қаласында жалғасты. Мұнда пастырлар шіркеу басшылығының батасымен түрлі мойынсұну қызметтерін атқарды. Шынайы тақуалығымен, Інжілге тән қарапайым өмір салтымен, тақуалық өмірімен және дұғаға деген сүйіспеншілігімен олар халық арасында үлкен беделге ие болды.

Дұғаға деген ұмтылысты басшылыққа алып және өздерінің рухани ерліктеріне ешкімнің куә болғанын қаламай, иеромонахтар Серафим мен Феогност тауға оңаша кетеді. Осылайша Верный маңында ежелгі Мысыр және Палестина монастырларының үлгісіндегі үңгірлі скиттер пайда болады: біріншісі – Медеу шатқалындағы Мохнатая төбесінде, екіншісі – Қызыл-Жар тауының маңындағы Ақсай шатқалында орналасты. Халық жадында тақуалардың оңаша өмір сүретін орындарын ерекше Жоғарыдан келген нұсқау арқылы тапқаны туралы аңыздар сақталған.

1917 жылдан кейін басталған қайғылы кезеңде Ақсай скиті Верный қаласы мен оның төңірегіндегі рухани өмірдің шынайы орталығына айналды. Құлшылықтарға қатысу, рухани кеңес пен жұбаныш алу үшін мұнда иеромонах әкелердің рухани перзенттері, соның ішінде жаңа билік тарапынан талқандалған Иверско-Серафимовский монастырінің монах әйелдері де келіп тұрды. Православиеге деген өшпенділік жетегінде кеткен қарулы құдайсыздар 1921 жылғы 10 тамыздан 11 тамызға қараған түні скитке келіп, иеромонахтар Серафим мен Феогностқа опасыздықпен қатал жаза қолданды. Ал қасиетті әкелер оларды шын жүрекпен қарапайымдылықпен қарсы алып, баспана мен ас ұсынған еді. Рухани біліммен сусындаған пастырлар мен тақуалар өз өмірлерінің мәнін Інжіл ақиқатына қызмет ету деп біліп, қазіргі Қазақстан аумағында алғашқылардың бірі болып атеистік қуғын-сүргіннің соққысына ұшырады. Мәсіхке деген шынайы сенімге берік болған олар өз өмірлерін Құдайға құрбан етті, осылайша Құтқарушымыздың азаптарына ортақтасып, қайғы жолымен Көктегі Сарайларға көтерілді. «Маған сенетін адам өлсе де, қайта тіріледі» (Ин. 11:25), – дейді Иеміз. Сондықтан Оның лайықты қызметшілері – қасиетті шейіттер Серафим мен Феогност – мәңгілікте тірі және салтанат құруда. Олардың есімдері Православие тарихына алтын әріптермен жазылды.

Отыз жыл бұрын Мәсіх – Иеміздің рақымымен, қасиетті шейіттердің еңбегімен бой көтерген Ақсай обителі қайта жанданды. Монахтарға және күллі православ халқына Құдайдың ерекше ықыласының айрықша белгісі ретінде сенім жолында азап шеккен иеромонахтар Серафим мен Феогносттың қасиетті жәдігерлерінің табылуы болды. Содан бері бұл ұлы қасиетті жәдігер олар негізін қалаған обительде болып, діндарларға сан алуан рақым сыйларын төгіп келеді.

Әулие Василий Ұлы былай дейді: «Сенім жолында ерлік көрсетіп жүргендерді құрметтеген адам солармен бірге сенімге деген құлшынысын айқын көрсетеді. Оларға көрсетілген құрмет олардың қызмет еткен, сол үшін азап шеккен Әміршілері – Құдай Мәсіхке деген құрметпен байланысты». Біздің қасиетті міндетіміз – өз еңбектерімен Інжіл нұрын таратқан және өмірлерін Мәсіх үшін құрбан еткен Ақсайлық тақуалардың есімін ұмытпай, олардың жадын қастерлеп сақтау. Олар бізге, біздің мадақтауымыз бен дұғаларымызға мұқтаж емес, керісінше, біз олардың күнделікті көмегі мен қолдауына мұқтажбыз.

Бүгінде екі мың метрге жуық биіктікте орналасқан таулы скитке қасиетті азап шекккендерді дұға арқылы ұлықтау үшін қиын да ауыр қажылық жолына шыққан әрбір адам апостолдық өсиетті орындап, олардың үлгісіне еруге – Иеміз Иса Мәсіхке және Оның Қасиетті Шіркеуіне адалдықты сақтауға деген өзінің шешімін көрсетеді. Жаңа азап шегушілер өмірбаянымен танысып, олардың ерлігі мен батылдығынан шабыт ала отырып, біз ғана емес, замандастарымыз да, келешек ұрпақтарымыз да рухани-адамгершілік тұрғыдан дұрыс бағдар таба алады, Өзінің қасиеттілерінің арасында ғажайып Құдайды (Пс. 67:36) танып, Оның әрдайым игі әрі кемел еркін қабылдап, орындауды үйренеді (Рим. 12:2).

Серафим-Феогност обителінің настоятелі игумен Трифонға (Печковский) және оның бауырластығына атқарып жүрген игі еңбектері үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ қайырымдылық жасаушыларға ерекше ризашылығымды білдіремін. Есте қаларлық күндерге арналған мерекелік шараларға орай қордың қолдауымен Құдайдың қасиетті құлдарының қасиетті жәдігерлерін сақтауға арналған жаңа оймышты рака жасалды. Осы обительдің өмірін қолдап, Құдайдың рақымымен айрықша белгіленген әрі қасиетті әкелер Серафим мен Феогносттың ерліктері мен азаптарымен қасиеттелген осы ерекше орынға зиярат етуді дамытуға көмектесіп жүрген барша жанды Жаратқан Ие жарылқасын.

Бүгінде құрмет көрсетіліп отырған қасиетті шейіттердің дұғалары арқылы шынайы Құдайымыз Мәсіх бәрімізге Өзінің ұлы әрі мол рақымын нәсіп етіп, Қазақстан жері мен барлық елдер мен халықтарға бейбітшілік сыйласын.

ҚАЗАҚСТАН ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІНІҢ БАСШЫСЫ

АСТАНА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН МИТРОПОЛИТІ

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді