Қадірлі әкелер, ардақты бауырлар мен әпке-қарындастар!
Шіркеудің әлеуметтік қызметіне арналған I Бүкілқазақстандық съездің ұйымдастырушылары мен қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын. Бүгін Қазақстан Митрополиттік округінің рухани-мәдени және әкімшілік орталығының қабырғасында өзгенің мұқтажын, ауруы мен қайғысын жүрекпен қабылдап, жақындарының азабы мен қайғы-қасіретін жеңілдету үшін бар күш-жігерін жұмсап жүрген жандар бас қосып отыр.
Ізгі істер жасау Православие Шіркеуінің және әрбір христианның өмірлік болмысымен тығыз байланысты. Өйткені Киелі жазбада айтылғандай, «іс-әрекетсіз сенім – өлі» (Иак.2:26). Мәсіх өсиет еткен мейірімділік – іс жүзіндегі сенім, жақынның игілігіне бағытталған нақты әрекеттер арқылы көрініс табатын сүйіспеншілік. Біз жақынға қызмет етуді әлеуметтік қызмет деп бекер атамаймыз, өйткені ізгілік секілді қоғамның сау қалыптасуына ықпал ететін ештеңе жоқ. Оның үстіне, адамдардың бір-біріне өзара қолдау көрсетуінсіз қоғамның өзі де өмір сүре алмайды – ол ыдырап, жойылып кетер еді. Сондықтан Шіркеудің әлеуметтік қызметі деп аталатын жұмыс өзекті әрі өмірлік маңызы бар міндеттерді шешуге бағытталған. Ізгі істер жасау арқылы сол істерді атқарушы адамның тұлғасы қалыптасады. Мәсіх былай дейді: «Егер өзара сүйіспеншіліктерің болса, барлық адам сендердің Менің шәкірттерім екендеріңді содан біледі» (Ин. 13:35). Ақырғы сот күні Жаратқан Ие бізден игі істер жасадық па деп сұрайды: аш пен шөлдегендерді тамақтандырып, сусын бердік пе, ауруханада немесе түрмеде жатқандарға бардық па, жалаңашты киіндіріп, жолаушыға пана болдық па. Мұндай істерді жасағанымыз немесе жасамағанымыз үшін бізден сұралады, өйткені онсыз адам тұлғасы да қалыптаспайды, қоғам деп атайтын адамзат отбасы да құрылмайды. Сондықтан Шіркеудің әлеуметтік жұмысы – басқарушы, приход, құрметті өкіл немесе епархиялық архипастырь атқаруға тиіс қосалқы міндеттердің бірі ғана емес, біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Біз бұл іске неғұрлым белсенді аралассақ, өзіміздің шіркеулік, отбасылық және жеке өміріміз де соғұрлым игі әрі берекелі болмақ.
Әрбір православиелік қауымда құлшылық пен уағыз айтумен қатар, әлеуметтік және қайырымдылық жұмысының ұйымдасқан түрлері де болуы қажет. Еріктілердің, приход қызметкерлерінің, мейірім сіңлілерінің кәсіби даярлықтан өтіп, науқастарға күтім жасауды меңгергені, сырқат жандармен жұмыс істеудің заманауи әдістерімен таныс болғаны өте маңызды. Епархияның әлеуметтік бөлімі жақындарына көмектескісі келетін әрбір адамның осы игі іске араласуына жағдай жасауы тиіс. Храм жанында мейірім тобының болғаны жақсы, алайда кейде оның бар екенін тіпті приход мүшелерінің көпшілігі де білмей жатады. Бұл қызмет туралы адамдарға айтудан тартынбаңыздар. Сіздің жұмысыңызға қосылғысы келетін жандар ол туралы біліп, қызығушылық танытқан жағдайда ғана оған қатыса алады. Сондықтан приходтарда әлеуметтік қызметті кеңінен насихаттауға бағытталған түсіндіру жұмысы әрбір дін қызметкерінің, әсіресе настоятельдің маңызды ісі болуы тиіс.
Әлеуметтік қызметтің игі жолында еңбек етіп жүрген барша жанды құлшыныстарын әлсіретпеуге және барынша елші Иоковтың сөзімен айтқанда, «аса мейірімді әрі рақымды» (Иак. 5:11) болған Иеміз Иса Мәсіхке еліктеуге шақырғым келеді. Құтқарушы Әкесінің даңқымен және періштелерімен бірге келген кезде, әркімге өз ісіне қарай сыйын береді (Мф.. 16:27).
Құдайдың жарылқауын тілей отырып,
ҚАЗАҚСТАН ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІНІҢ БАСШЫСЫ
АСТАНА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН МИТРОПОЛИТІ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр