ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Обращение
20.09.2026, 15:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Тримифунт епископы әулие Спиридонның қасиетті жәдігерлерінің әкелінуіне орай жолдаған үндеуі

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Тримифунт епископы әулие Спиридонның қасиетті жәдігерлерінің әкелінуіне орай жолдаған үндеуі

Ардақты архипастырлар!

Құрметті әкелер! Қымбатты бауырлар мен әпке-сіңлілер!

Бүгінде Жаратқан Ие Қазақстан тұрғындарына Өз мейірімін көрсетуде. Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің батасымен елімізге Грекиядан, Керкира аралынан Бүкіләлемдік Православие ұлы мұрасы – Тримифунт епископы, әулие әрі керемет жасаушы Спиридонның қасиетті жәдігері әкелінуде.

Бұл Құдайдың құлы III ғасырдың соңында Кипр аралында дүниеге келген. Ол барлық қаражатын жақындарының қажетіне жұмсап, мұқтаждар мен қиындыққа тап болғандарға көмектескен. Осы арқылы Құдайдан керемет жасау дарынына ие болды. Әділ өмірі үшін кипрліктер оны Тримифунт қаласының епископы етіп сайлады.

Ежелгі дәстүр бойынша, әулие Спиридон 325 жылы I Бүкіләлемдік Соборға қатысқан. Иерарх ариандық еретиктерге қарсы Киелі Үштіктің бірлігін көрнекі түрде дәлелдеді. Ол қолына кірпіш алып, оны қысып қалғанда, бір сәтте жоғары қарай от атқылап, төмен қарай су ақты, ал саз оның қолында қалды. Сол кезде әулие Спиридон: «Міне, үш стихия, бірақ кірпіш біреу. Киелі Үштікте де – Үш Тұлға, ал Құдайлық табиғат Бір», – деген екен.

Әулие Спиридонның өмірі оның адамдарға деген ұлы сүйіспеншілігін – мұқтаждарға қамқорлығын, науқастарға жанашырлығын, жәбірленгендерді қорғауын және ажал аузындағыларды құтқаруын көрсетеді. Шіркеу оны ұлы керемет жасаушы деп атайды: Тримифунт архипастырының дұғасы арқылы өлілер тіріліп, табиғат апаттары тоқтатылып, пұттар қиратылып, науқастар сауыққан, жындар қуылған. Әулиенің дұғамен ара түсуі арқылы адамдар Жаратқан Иеден баспана, жеткіліктілік пен материалдық игілік алған.

Қасиетті Жазбада: «Әділдер мәңгі өмір сүреді» (Прем. 5:15) деп айтылған. Әулие Спиридонның өмірбаянынан ғана емес, өз тәжірибемізден де білетініміздей, ол дұғаны тез естіп, көмекке асығады. Ол қиын жағдайларда бізге келеді, дұғаларымызды естіп, оларға жауап береді.

Қасиетті Патриарх Кирилл өз сөзінде атап өткендей: «Жан дүниесінің қарапайымдылығы мен сезімталдығы, дұғадағы батылдығы және Ізгі хабар ақиқатына деген адалдығы миллиондаған адамның жүрегін Тримифунт епископына тартады – одан ешкім жұбанышсыз қайтпайды».

«Шіркеудің мызғымас тірегі, православиеліктердің даңқы, кереметтердің бастауы, сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнары, сан сәулелі шырақ» – шіркеулік ғибадат жырларында әулие Спиридон осындай сөздермен дәріптеледі.

Әулиелер – Құдай тағының алдында біз үшін өтініш білдірушілер, күнделікті өмірдегі жедел жәрдемшілер, қиындықта құтқарушылар. IV ғасырда өмір сүрген преподобный Ефрем Сирин Құдайдың әулиелері туралы: «Олар – біздің денсаулығымыз үшін үздіксіз қамқорлық жасайтын дәрігерлер, жан мен тәнді сауықтырушылар. Олар сенен тек сенім талап етеді, ал өзің сұрағанның бәрін береді. Егер жаныңда күмән болмаса, тіпті өлі болсаң да, өмірге ие боласың!» – дейді.

Әулиелердің қасиетті жәдігерлері алдында жасалған дұғаның ерекше рақымдылық күші бар. VIII ғасырда өмір сүрген преподобный Иоанн Дамаскин «Православие сенімінің дәлме-дәл баяндалуы» атты еңбегінде: «Әулиелердің қасиетті жәдігерлері арқылы жындар қуылады, аурулар тойтарылады, әлсіздер сауықтырылады, соқырлар көреді, алапестер тазарады, азғырулар мен қайғы-қасіреттер тоқтайды және Көктегі Әкеден келетін барлық игі сыйлар күмәнсіз сеніммен сұрағандарға түседі», – деп жазады.

Әулие Спиридонға бағышталған ыстық дұғалар, оның көктегі шапағатына деген үміт, Тримифунт иерархының қасиетті жәдігерінетағзым ету әрбір діндар адамға қастерлі әулиемен ерекше рухани жақындық сезімін сыйлайтыны сөзсіз. Ең бастысы – ақылымыз бен жүрегімізді «Өз әулиелерінде таңғажайып» (Пс. 67:36) Құдайға жеткізеді.

Әулие Спиридонның қасиетті жәдігерлерінің Қазақстанға әкелінуі бізді өз өмірімізді оның өмірімен салыстыруға жетелейді. Тримифунт иерархы бізге христиандық кемелдік жолын көрсетіп, жақындарымыздың қайғысы мен ауруы кезінде оларға көмектесуді еске салады. Әрқайсымыздың өміріміз күн сайын адам өмірінің көркі болып табылатын және бізге Көк Патшалығының есігін ашатын мейірімділік істерімен толыға түсуі керек.

Әулие әрі керемет жасаушы Спиридонның дұғалары арқылы Жаратқан Ие Қазақстан жеріне бейбіт заман мен жер жемістерінің молшылығын нәсіп етіп, баршамызды әрбір игі сөз бен ізгі істе бекемдей көрсін (2 Фес. 2:17).

Мәсіхтің әулиесі, біздің әкеміз Спиридон, біз үшін Құдайға дұға ете гөр!

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді