Құрметті діни қызметкерлер, қымбатты бауырлар мен әпке-сіңлілер!
Баршаңызды қасиетті шейіттер Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы Софияны еске алу күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін Алматыдағы Иверско-Серафимовсаий монастырінің басты шіркеуінде ежелден тақуалар арасында «Кіші Пасха» деп аталып келген храмдық мейрам атап өтілуде.
Христиандық басты ізгілері – Вера, Надежда және Любовь есімдерін иеленген қасиетті бойжеткендер өздерінің тақуа анасы Софиямен бірге біздің дәуіріміздің 137 жылы Рим императоры Адрианның билігі тұсында Мәсіх үшін азап шекті. Төртеуі де пұтқа табынушы билеушінің алдына келіп, адам кейпіне енген, өлімнен қайта тірілген және Өзіне сенетіндердің барлығына мәңгілік өмір сыйлайтын шынайы Құдайға деген сенімдерін еш қорықпастан мойындады.
Сарай философтарының ешқандай уәжі мен пұтқа табынушы данышпандардың шешендігі христиан жүректерінің жалынды сенімін әлсірете алмады. Сонда ашуға булыққан Адриан балаларды анасының көз алдында түрлі азаптарға салуды бұйырды. Әулие София тәндік азапқа ұшыратылмады, бірақ балалардың қинауын көруге мәжбүр етіліп, ауыр жан азабына душар болды. Ол қыздарының қасиетті сүйектерін жерлеп, екі күннен кейін олардың қабірінің басында жанын Құдайға тапсырды.
Православие дәстүрінде тақуа бойжеткендер мен олардың дана анасының азап шегуі туралы хикаяға ерекше мән беріледі. Өйткені Мәсіхтің шіркеуі өз сенімі үшін жас балалардың саналы түрде азапқа барғаны туралы мұндай оқиғалардың өте аз екенін біледі. Біз ежелгі хикаяларды немесе ХХ ғасырдағы куәліктерді толқыныспен оқимыз: пұтқа табынушыларға немесе құдайсыз қуғыншыларға қарсы ересек христиан батылдықпен шыққанда, оның табандылығы мен ерлігіне таңғаламыз. Ал бүгін біздің рухани көз алдымызда бұдан да теңдессіз ерлік көрінеді – 9, 10 және 12 жастағы бойжеткендер Мәсіх үшін өз өмірлерін қияды.
Олар не болып жатқанын толық түсіне отырып, азапқа барады, императордың айлакер үгіттері мен уәделерін батыл түрде қабылдамайды. Олардың қорықпайтындығының сыры неде? Әулиелердің өмірбаянында бойжеткендердің анасы София-Дана оларды сәби кезінен өздері атын иеленген басты Інжіл ізгіліктеріне тәрбиелегені баяндалады. Құдайға деген берік сенім, Жаратқан Иеге деген мызғымас үміт және Оған деген жалынды махаббат олардың санасын нұрландырып, ерік-жігерін нығайтты.
Балалық жастарына қарамастан, Вера, Надежда және Любовь осы дүниенің данышпандары мен философтарына ақиқатты тану жолында төтеп беріп, рух күшінің арқасында өздерін азаптаушыларын жеңді. Оларға елші Павелдің: «Мені күшейтетін Иса Мәсіх арқылы бәріне де шамам келеді» (Флп. 4:13) деген сөзі орындалды. Сондықтан «өлім де, өмір де, періштелер де, биліктер де, күштер де, қазіргісі де, болашағы да, биіктік те, тереңдік те, басқа ешбір жаратылыс та бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды» (Рим. 8:38–39).
Бүгінде құрметтеліп отырған шейіттер өздерінің ерлігімен Құдайдың рақымымен нығайтылған адамдар үшін тән күшінің аздығы, табиғаттың әлсіздігі немесе жас ерекшелігі рухтың беріктігін, ізгілікті өмірдегі табандылықты танытуға және христиандық сенімге куәлік етуге кедергі бола алмайтынын әрі болмауы керектігін анық көрсетеді.
Қазақстан үшін шейіттер Вера, Надежда, Любовь және Софияның есімдерінің айрықша мәні бар. XIX ғасырда Жетісу жеріне қоныстанған православие дінін ұстанушылар оларды өздерінің көктегі қамқоршылары әрі қорғаушылары етіп таңдаған. Еліміздің Оңтүстік астанасы Алматы қаласы алғашында шейіт Вераның құрметіне «Верный» деп аталды, ал қасиетті бойжеткендердің қалған үшеуінің құрметіне кейіннен Қаскелең, Есік және Талғар қалаларына айналған жақын маңдағы станицалар аталды.
Шейіттер Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы Софияның атымен аталған монастырь соборы Қазақстан Митрополиттік округінің рухани қазынасы болып табылады. Мұнда Құдайдың ұлы әулиелерінің қасиетті жәдігерлерінің бөлшектері және Аспан Патшайымының ғажайып иконаларынан түсірілген, қасиетті орындарда киелілендірілген дәлме-дәл көшірмелер жинақталған. Мұнда әйгілі Годенов Кресінің «өлшемі мен ұқсастығы» көтеріліп тұр және миллиондаған діндарлар қастерлейтін қарт-әулие, митрополит Иосифтің (Чернов) қабірі орналасқан.
Жақында, 2 қазанда, осы ғибадатханада Тримифунт епископы, әулие Спиридонның шірімеген оң қолының қасиетті жәдігерін қарсы аламыз. 6 қазанға дейін бірнеше күн бойы бүкіл әлемге танымал осы әулиенің қасиетті жәдігерлері осында болып, бізді рухани тұрғыдан нығайтып, жұбаныш сыйлайды. Өзіңіз келіңіздер және туған-туыстарыңызға, жақындарыңыз бен таныстарыңызға да айтып, Мәсіх әулиесінің ғажайып әрі шипалы қасиетті жәдігерлерінің таусылмас қайнарынан рақым алуға осында асығуға шақырыңыздар.
Ежелгі дәуірде де, жақын өткен заманда да өмір сүрген Шіркеудің әкелері мен ұстаздары: «Ғибадатхана – жердегі Көктей» дейді. Христиан үшін ғибадатхана – жер бетіндегі ең қымбат әрі сүйікті орын. Өйткені дәл осы жерде адамның табиғаты рухани өзгеріп, тазару үдерісі жүреді.
Сондықтан қуанышты жүрекпен «тірі әрі шынайы Құдайға қызмет ету үшін» (Евр. 9:14) осы қасиетті күмбездердің астына ұмтылайық. Өзіміз ғана шіркеудің рақымға толы панасына келіп қоймай, балаларымыз бен немерелерімізді де Құдай ғибадатханасын құрметтеуге және құлшылықты сүюге үйретейік. Олардың ішіндегі ең бастысы – Божественный Литургия. Литургия кезінде Евхаристияның қасиетті Құрбандығы жасалып, Құтқарушының Өмір Беруші Тәні мен Қанын қабылдауымыз жүзеге асады.
Қасиетті шейіттердің мерекелерін қастерлей отырып, біз рухымызды нығайтамыз, әлсіздіктерімізді жеңуді және күнә-қылықтардан арылуды үйренеміз, Мәсіхтің өсиеттерін орындау жолында сенімімізді бекемдейміз.
Қасиетті шейіттер Вера, Надежда, Любовь және олардың анасы Софияның дұғалары арқылы Жаратқан Ие бізге Інжіл өсиеттеріне негізделген өмірді сөзбен емес, іспен жүргізуді нәсіп етсін. Баршамызға сенімнің қуаты мен үміттің беріктігін, ал ең бастысы – Құдайға және жақынға деген сүйіспеншіліктің күшін сыйласын.
Бүгін қасиетті шейіттердің есімдерін иеленген жандарға ерекше құттықтау сөздерімізді жолдаймыз. Бүгін біз олардың қасиетті жадын жарқын түрде атап өтудеміз.
Мерекелік тропарьдің қорытынды сөздерімен қасиетті бойжеткендерге жалынды дұғамызды арнайық:
«Үшбірліктің қорғаушылары, Вера, Любовь және Надежда, бізді сенімде, сүйіспеншілікте және үмітте нығайта гөр!»
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр