21 ақпан 2026 жыл. Алматы.
Вознесенский кафедралды соборы жанындағы приход үйінде Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың балалар Құдайлық литургиясының қатысушылары – Мәскеудің «Царевич» православиелік хор студиясымен (көркемдік жетекшісі – Е.С. Тугаринов) және Алматы қаласы мен Алматы облысындағы храмдардың жексенбілік мектептері тәрбиеленушілерінің біріккен хорымен (регенті – Н.О. Головина) кездесуі өтті.
Бұған дейін Мәскеудің «Царевич» православиелік хор студиясының өкілдері – аға хор және «София» вокалдық ансамблі – Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аралас хормен бірге өнер көрсетті. 19 ақпанда Оңтүстік астананың басты храмында Е.С. Тугаринов балалар шіркеу хорларының регенттері мен Алматы қаласындағы жексенбілік мектептердің оқытушыларына арналған шеберлік сабағын өткізді.
Жас әншілердің Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысымен кездесуіне қатысқандар: балалар Литургиясының бастамашылары мен ұйымдастырушылары – Қазақстан Православие Шіркеуінің хатшысы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Митрополиттік округі хорының регенті, Орыс шіркеулік әнін дамыту жөніндегі Патриархтық кеңестің мүшесі О.Н. Овчинников пен «ELEOS-MEIRIM» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамун; Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров және митрополиттің протокол қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин.
Жас әншілерді қарсы алған иерарх, атап айтқанда былай деді:
«Православиелік ән айту адамға дұғаға терең бойлап, Құдаймен шынайы қарым-қатынас орнатуды үйретеді. Әулие Григорий Нисскийдің айтуынша, храм күмбездерінің астында шырқалатын музыка “шіркеулік гимндерде қамтылған ізгілік ілімін тәтті балдай жүрекке сіңіреді”. Бүгінде православиелік музыкалық мәдениетке жастардың қызығушылық танытуы ерекше қуантады – приход жексенбілік мектептерінде шіркеулік ән айту оқытылады, балалар мен жасөспірімдер хор ұжымдары құрылып, олар ересектермен бірге қызметтік өмірге белсенді қатысуда. Құдай қаласа, рухани ағартудың бұл бағыты алдағы уақытта да қарқынды дами берсін».
«Шіркеу хорында ән айту – қуанышқа толы, бірақ сонымен бірге оңай емес еңбек. Бір, екі сағат, кейде одан да ұзақ уақыт бойы тік тұрып, қызметтің барысын, мәтінін, ноталарын, регенттің белгілерін мұқият қадағалап, әрбір сөздің мәніне үңіле отырып ән айту – бұл ересектердің өзіне де оңай емес. Сондықтан сіздердің және жетекшілеріңіз бен ұстаздарыңыздың еңбегі ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Баршаңызға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және шығармашылық табыс тілеймін», – деп атап өтті Митрополиттік округтің Басшысы.
Әңгімелесу барысында архипастырь Қазақстан епархияларында жүзеге асырылып жатқан түрлі рухани-ағартушылық жобалар туралы айтты. Митрополиттің айтуынша, олардың ішінде шіркеулік музыкалық өнер саласында еңбек етіп жүрген регенттер мен әншілердің жыл сайынғы съезін өткізу ерекше орын алады. «Осындай іс-шараларды ұйымдастыру Қазақстандағы музыкалық өнердің дамуына, халқымыздың мәдени-тарихи мұрасын кеңінен насихаттауға және ұмыт қалған әншілік дәстүрлерді қайта жаңғыртуға ықпал етеді», – деді архипастырь.
«Царевич» ұжымының көркемдік жетекшісі Е.С. Тугаринов Вознесенский кафедралды соборында – Жетісу өңірінің тарихи және мәдени жауһары саналатын храмда – Құдайлық Литургияға қатысу мүмкіндігі үшін алғыс айтып, студияның Оңтүстік астананың рухани және мәдени өмірімен танысудан алған әсерлерімен бөлісті.
Кездесу соңында Митрополиттік округтің Басшысы жас әншілерге естелік сыйлықтар табыстады.
Іс-шараның соңындп барлығы бірге естелік суретке түсті.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр