23 ақпан 2026 жыл - Ұлы посттың бірінші аптасының дүйсенбісі; Магнезийск епископы қасиетті азап шегуші Харалампийді еске алу күні.
Таңертең Астана және Қазақстан митрополиті Александр митрополиттік резиденциядағы Ивер-Серафим үй храмында Жарғыға сай қызметте дұға етті.
Кешке Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Алматы қаласындағы Вознесенский кафедралды соборында қасиетті Андрей Критскийдің Ұлы тәубелік каноны оқылатын Ұлы кешкі құлшылық қызметін өткізді.
Канонның 9-әнінен кейін архипастырь жиналған қауымға батасын беріп, жамағатқа уағызын арнады.
Кешкі жоралғы әндерін Ресейдің Еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинниковтың жетекшілігімен Митрополиттік округ хоры және Е. Богуславецтің жетекшілігімен Вознесенский соборының хоры орындады.
Құдайы қызметке жамағатпен бірге Митрополиттік округ бөлімдерінің жетекшілері, Оңтүстік астананың басты храмының клириктері, Алматы епархиялық басқармасының қызметкерлері қатысты.
Қазақстан Митрополиттік округінің «Semirechie» YouTube арнасында қасиетті Андрей Критскийдің канонының оқылуы тікелей эфирде көрсетілді.
Митрополит Александр Ұлы тәубелік канонды оқуын Алматыдағы Вознесен кафедралды соборында қасиетті Қырықкүндіктің бірінші аптасының сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері жалғастырады. Басталуы – сағат 18:00-де.
«Жаным менің, жаным менің, неге ұйықтап жатырсың? Соңы жақындап келеді…» – деп естиміз біз посттың алғашқы күндерінде қасиетті Андрей Критскийдің Ұлы тәубелік канонынан. Мағынасы терең, рухани қуаты зор бұл дұғалық туындының оқылуы жүректен шыққан ыстық күрсініспен басталады: «Өмірімдегі бейшара істерімді жоқтауды неден бастаймын? Бүгінгі көз жасымды, уа, Мәсіх, қай тұстан бастасам екен?»Әрі қарай әрбір тропарьге қайырма ретінде жыршы Давидтің тәубелік үні естіледі: «Маған рақым ете гөр, Құдайым, маған рақым ете гөр».
Қасиетті Андрей Киелі Жазбадағы негізгі оқиғаларды жүрекке жетерлік терең өкініш рухында баяндай отырып, олардың әрқайсысын күнәһар жанның күйімен ерекше шеберлікпен байланыстырады. Ол Киелі Жазбаның рухани қазынасынан тәубеге келуге және адамгершілік түзелуге жетелейтін ең қуатты құралдарды алады. Канон тропарьлерінде ізгі өмірдің өнегелері мен зұлым өмірдің сақтандырар мысалдары ұсынылады, тәубенің құтқарушы сабақтары мен Құдайға белсенді рухани көтерілу жолы ашылады. Мұнда көптеген ұрпақтардың баға жетпес рухани тәжірибесі жинақталып, жанды күнә ұйқысынан ояту, өзін-өзі сынау, өзін айыптау және шынайы өкінішке келтіру мақсаты көзделген. Киелі тарихтағы мысалдармен қатар, канон авторы ең терең рухани құлдыраудан Құдай рақымымен қайта көтерілген қасиетті тақуа Мария Египетскаяның өмірін тірі үлгі ретінде көрсетеді. Ол рухани кемелдіктің биік дәрежесіне жеткен. Митрополит Александрдың сөзінен.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр