27 наурыз 2026 жылы Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркеуінің Митрополиттік округі – Қазақстан Православие Шіркеуін басқаруға кіріскеніне он алты жыл толды.
Митрополиттік округ Синодының мүшелері Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысын осы айтулы күнмен құттықтайды:
Жоғары Мәртебелі, аса қадірлі әмірші!
Осыдан он алты жыл бұрын, 2010 жылғы 27 наурызда, Ең Қасиетті Құдай Анасының керемет жасаушы Феодоров иконасының мейрамы күні, Оның аналық қамқорлығымен Сіз Алматыға келіп, Қазақстан иерархтарының кафедрасына орналастыңыз.
Сіз жаңа қызметіңізді кішіпейілділікпен, жүрек жалындысымен, шынайы ризашылықпен және Мәсіхтің еркіне толық мойынсұна отырып қабылдадыңыз. Сіздің көпжылдық архипастырлық еңбектеріңіз бен талпыныстарыңызды, Православиеге деген шынайы сүйіспеншілігіңізді және Мәсіхтің Қасиетті Шіркеуін (Еф. 4:12) нығайтудағы ыждаһаттылығыңызды көре отырып, Жаратушы әрі Тағдырды басқарушы Сізді осында – Ұлы дала төсіне бағыттап, көптеген христиан халқының қамқорлығын Сізге жүктеді, «ашық аспан астына жайылған антиминс» деп орынды аталатын елдің бай рухани мұрасын Сіздің қарауыңызға тапсырды.
Қазақстанға жасаған алғашқы қасиетті сыйыңыз Православиенің ұлы киелі жәдігері – Құдай Анасының Феодоров иконасының дәл көшірмесі, яғни «өлшемі мен бейнесі» болды. Содан бері бұл көркем икона Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборын безендіріп, жамағат тарапынан құрметке ие болып, құлшылық етушілерге жұбаныш сыйлап келеді.
Бәріміз де Сіздің күн сайын Қазақстан жерінде бар күш-жігеріңізді салып, әрбір сөзіңіз бен қабылдаған шешімдеріңіз үшін зор жауапкершілікті терең сезіне отырып қызмет етіп келе жатқаныңызға куәміз. Өз қызметіңіз арқылы Сіз алдыңыздағы ізашарларыңыз: Ұлы даланың апостолы – архиепископ Софонийдің (Сокольский), көрнекті рухани ағартушы – епископ Александрдың (Кульчицкий), Жетісудың алғашқы шейіті – епископ Пименнің (Белоликов), Мәсіх жолындағы адал қызметкер әрі Құдай ақиқаты үшін азап шегуші – схиархиепископ Антоний Новыйдың (Абашидзе), сондай-ақ данагөй рухани ұстаздар – қасиетті мойындаушы митрополит Николайдың (Могилевский) және тақуа өмір иесі митрополит Иосифтің (Чернов) игі жолын жалғастырып келесіз
Сіздің қызмет ету кезеңіңізде Қазақстандағы Мәсіх Шіркеуінің өмірі жарқын оқиғалармен және игі істермен ерекшеленді. Елде жаңа храмдар мен рухани-мәдени орталықтар бой көтеруде, қираған киелі орындар қалпына келтірілуде, рухани білім беру мен ағарту ісі дамып, жастармен жұмыс пен қайырымдылық қызметі күшейіп келеді. Сіз елдің барлық өңірлеріне сапарлар жасап, дін қызметкерлерімен және мемлекеттік билік өкілдерімен кездесіп, епархиялық және приходтық өмірдің маңызды мәселелерін талқылауға қатысып, олардың шешімін табуына жан-жақты қолдау көрсетіп келесіз. Сіздің жүрекке жететін сөздеріңізді тыңдап, игі істеріңізді көрген адамдар Сізге еліктеп, сенімнің беріктігін, рухтың мықтылығын, еңбекқорлық пен табандылықты үлгі етеді. Сіздің беделді үніңіз адамдарды тәубеге, құтқарылуға, татулық пен келісімге шақырады. Сізге жүгінген әрбір жанға жұбату мен қолдау сөздерін таба білесіз.
Қазақстан жеріндегі қызметіңіздің кезекті белесіне жеткен Сіз тоқтап қалмай, жеткен жетістіктерге масаттанбай, керісінше, Православиені дамыту мен нығайту жолында жаңа жоспарларды ерекше жігермен жүзеге асырудасыз. Шіркеу жолындағы барлық жетістіктеріңізді өзіңізге емес, барлық игіліктердің Иесі – Құдайға теліп, әрдайым Давид пайғамбардың дұғалық сөзін айтасыз:
«Бізге емес, Уа, Жаратқан Ие, бізге емес, Өз атыңа ұлылық бер, рақымың мен ақиқатың үшін» (Пс. 113:9).
Қазіргі таңда біз құрметтеп отырған Құдай Анасының Феодоров иконасының шапағаты және Қазақстанның жаңа азап шегушілері мен діндарларының дұғалары арқылы Құдіреті шексіз Жаратқан Ие Сізді Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы ретіндегі жоғары әрі жауапты қызметіңізде нығайтып, Сізге ұзақ ғұмыр, игі істеріңізге береке және Қасиетті Шіркеудің игілігі жолындағы бастамаларыңызға жар болсын.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр