10 сәуір 2026 жыл. Алматы. Астана және Қазақстан митрополиті Александр Қазақстан Православие Шіркеуінің митрополит Иосиф (Чернов) атындағы рухани-мәдени және әкімшілік орталығындағы жұмыс кабинетінен Мәсіхтің Жарқын Қайта тірілуі мерекесіне арналған онлайн баспасөз конференциясын өткізді.
Пасха алдындағы шараны «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігі ұйымдастырды.
Виртуалды кездесуге қатысқандар: мемлекеттік және жекеменшік БАҚ журналистері, ақпарат агенттіктері мен ақпараттық-талдамалық порталдардың өкілдері, блогерлер.
Шараның спикері ретінде «Интерфакс» баспасөз орталығының директоры Ж.Д. Зейнешев сөз сөйледі.
Митрополит Александр БАҚ өкілдерін жақындап келе жатқан Мәсіхтің Қайта тірілуі мерекесімен құттықтап, мейрамның мәні туралы айтты «Басты христиандық мереке – Мәсіхтің Жарқын Қайта тірілуі жақындап келеді. 11 сәуірден 12 сәуірге қараған түні Қазақстан бүкіл православие әлемімен бірге мерекелердің Мерекесін және салтанаттардың Салтанаты - Қасиетті Пасханы қарсы алады. Баспасөз конференциясына қатысушыларды, еліміздің православие христиандарын және осы жарқын күнді қастерлейтін барша жанды ұлы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Көктемде табиғаттың жаңаруымен бірге әлемге құтқарылу туралы қуанышты хабар қайта-қайта естіледі: “Айқышқа шегеленген назареттік Иса ма? Ол қайта тірілді, Ол мұнда жоқ” (Мк. 16:6). Қабір бос қалды. Иеміз айтқанындай қайта тірілді (Мф. 28:6)! Жаңа Өсиет Пасхасының оқиғаларында өткен дәуірлердегі және қазіргі өміріміздегі барлық құбылыстар мен оқиғалардың шынайы мәні ашылады, Құдайдың адамзатқа және әрқайсымызға қатысты ниеті айқын болады. Егер біз қайта тірілген Құтқарушымен бірге болуға ұмтылсақ, онда Оның мәңгілігі, сүйіспеншілігі, тыныштығы, қуанышы мен нұры бізбен бірге болады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “жалпыұлттық мәдени кодымызға терең сіңген пасхалық дәстүрлер барлық азаматтарды жасампаз істерге, жақындарына қамқорлық жасауға және мұқтаждарға көмек көрсетуге шабыттандырады” деп атап өтті».
Архипастырь сөзінің жеке тақырыбы ретінде Қазақстанға Қасиетті оттың жеткізілуі айтылды: «Таяу Шығыстағы жағдай қазір өте күрделі. Күн сайын біз қайғылы ақпараттар алып отырмыз. Қаза тапқандар, жараланғандар, зардап шеккендер, қираған үйлер мен ауруханалар туралы мәліметтер әрқайсымыздың жүрегімізге ауыр тиеді. Қарулы қақтығыс салдарынан мыңдаған адам зардап шекті және әлі де зардап шегуде, олардың арасында бейбіт тұрғындар, балалар, қарттар мен мүгедектер көп. Маған: Қасиетті от түседі ме? – деген сұрақтар қойылады. Оның жауабын бір Құдай ғана біледі. Әрине, православие әлемі бұл Құдайдың игілігін күтеді.
Қандай жағдай болмасын, алдыңғы жылдардағыдай, мемлекеттік басшылықтың қолдауы мен қайырымды жандардың көмегінің арқасында Пасха түні Алматыға қасиетті Иерусалим қаласынан, Құдай қабірінен Қасиетті от жеткізіледі. Біз бұл қасиетті нұрды арнайы сөнбейтін шамда қарсы алып сақтаймыз, кейін оны Митрополиттік округтің храмдарына таратамыз. Қасиетті отты қарсы алу Пасха күні сағат 17:00-де Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборында өтеді».
Митрополит Қазақстанға ұлы қасиетті жәдігер – Тримифунттық әулие Спиридонның оң қолы жеткізілетінін де қуанышпен хабарлады: «Қазақстан Православие Шіркеуінде адамдардың дұға етуі мен рухани нығаюы үшін ерекше құрметтелетін қасиетті жәдігерлерді алып келудің игі дәстүрі қалыптасты. Біздің елге қасиеттілердің мүрделері сақталған сандықтар мен Құдай Анасының ғажайып иконалары әкелінген болатын. Биыл бізді ерекше сый күтіп тұр.
«Биылғы жылдың 14 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің батасымен Қазақстанға әлемдегі ең танымал қасиетті жәдігерлердің бірі – Тримифунттық әулие Спиридонның оң қолы әкелінеді. Естеріңізге сала кетейін, бұл ұлы әрі ерекше құрметтелетін әулиенің бұзылмаған қасиетті мүрдесі Грекияның Керкира аралында сақтаулы.
2012 жылы бұл қасиетті жәдігер Қазақстан Митрополиттік округінің епархияларында болған еді. Қысқа уақыттың ішінде Тримифунттық әулие Спиридонның оң қолына шамамен 500 000 адам тағзым етті. Маған бірнеше мәрте дін қызметкерлері мен сенушілер қасиетті мүрдені Қазақстанға қайта әкелуді ұйымдастыру туралы өтініш білдірді.
Биылғы жылдың наурыз айының басында қасиетті мүрденің сақтаушысы болып табылатын Корфу және Пакси митрополиті Нектариймен келіссөздер жүргізіліп, оң жауап алынды. Сонымен қатар, митрополиттің өзі де Тримифунттық әулие Спиридонның оң қолы салынған кемені Қазақстанға келетін қажылық сапарында бірге алып жүруге ниет білдірді. Осы қасиетті жәдігер алдында жасалған дұғалардың арқасында көптеген адамдар тән және жан сырқаттарынан айығып, көмек пен жұбаныш алды. Бұл қасиетті жәдігердің әкелінуі Қазақстанның рухани және мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналады».
Сондай-ақ митрополит Александр журналистерге биыл Алматы қаласындағы Қазақстанның рухани, тарихи және мәдени інжу-маржаны саналатын Никольский соборының Православие Шіркеуіне қайтарылғанына 80 жыл толатыны туралы хабарлады:
«Бүгінде бұл көне храм Қазақстан жеріндегі Православиенің қайта жаңғыруының символдарының бірі және ХХ ғасырда Мәсіхке деген сенімі үшін қуғын-сүргін мен қудалауға ұшыраған иерархтардың, дін қызметкерлері мен қарапайым сенушілердің ерлігінің ескерткіші болып табылады. 10 мамыр күні Никольский соборы алдындағы алаңда Қазақстан мен шетел епархияларынан келген қонақ-иерархтардың қатысуымен ашық аспан астында Литургия өтеді. Құдайға құлшылықтан кейін қасиетті мойындаушы митрополит Николайдың (Могилевский) соғыстан кейінгі жылдары храмды қайта жаңғырту жолындағы еңбегі туралы баяндайтын бірегей тарихи фотосуреттер көрмесі ашылады».
Баспасөз конференциясы барысында Митрополиттік округтің Басшысы БАҚ өкілдеріне Оңтүстік астанада Алматы және Қазақстан митрополиті Иосифтің (Чернов) музей-үйінің ашылатыны және «Пасхалық ән» атты халықаралық музыкалық фестиваль – хорлар соборы өткізілетіні туралы айтты.
Кездесу соңында митрополит «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігінің басшылығына және кездесуге қатысушыларға алғыс айтып, баршаны Мәсіхтің Қайта тірілуі мерекесімен құттықтап, денсаулық, амандық, бейбітшілік және Құдайдың мейірімін тіледі.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр