ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
05.05.2026, 18:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің қоғаммен байланыс бөлімінің дін қызметкерінің бейнесін жасанды интеллект арқылы жасалған контентте пайдалану жөніндегі мәлімдемесі

Қазақстан Православие Шіркеуінің қоғаммен байланыс бөлімінің дін қызметкерінің бейнесін жасанды интеллект арқылы жасалған контентте пайдалану жөніндегі мәлімдемесі

Соңғы уақытта цифрлық кеңістікте жасанды интеллект технологияларының көмегімен және православие дінбасыларының қызметін қайталайтын бейнелер - «жасанды дін қызметкерлері» деп аталатын құбылыс кең тарала бастады. Қазақстан Митрополиттік округінің қоғаммен байланыс бөлімі осыған байланысты төмендегі ұстанымды білдіруді қажет деп санайды.

Жасанды интеллект өз алдына технологиялық құрал болып табылады және оны қолдану мақсатына қарай ғана бағалауға болады. Ол білім беру және көмекші мақсаттарда, соның ішінде материалдар дайындауда, аударма жасауда және ақпаратты жүйелеуде қолданылуы мүмкін.

Алайда діни салада технологияларды қолданудың рұқсат етілген шекаралары аса маңызды мәнге ие.

Православие Шіркеуіндегі дін қызметкерінің бейнесі жай ғана медиялық форма немесе шартты символ болып табылмайды, керісінше ол Діни қызмет Таинствосымен, апостолдық мұрагерлікпен және нақты клириктің Құдай мен Шіркеу алдындағы жеке жауапкершілігімен ажырамас байланыста.

Осыған байланысты төмендегілерге жол берілмейді:

жасанды түрде жасалған дін қызметкерлерінің бейнелерін пайдалану;

нақты осы қызметтің иесі болмай тұрып, Шіркеу атынан рухани тәлімгерлік пен уағызға еліктеу;

сенушілерді жаңылыстыратын анонимді немесе жалған шынайы сипаттағы діни контентті тарату.

Уағыз айтуға, рухани тәлім беруге немесе сенімді түсіндіруге байланысты әрі діни қызметкердің беделін пайдаланатын кез келген контент нақты, канондық түрде тағайындалған дін қызметкерінен шығуы және оның жеке жауапкершілігімен байланысты болуы тиіс.

Осындай технологияларды манипуляция жасау, бұрмаланған ілімдерді тарату немесе азаматтарды алаяқтық әрекеттерге тарту мақсатында пайдалану, соның ішінде әлеуметтік-қайырымдылық қызметі деген желеумен қаржы жинау ерекше алаңдаушылық туғызады.

Осыған байланысты дін қызметкерлері мен зайырлы қауым өкілдерін сақ болуға шақырамыз, сондай-ақ:

осындай құбылыстарға байланысты қауіптер туралы сенушілерді ақпараттандыруды;

цифрлық кеңістікке мониторинг жүргізуді;

ақпараттық кеңістікте діни бейнелерді пайдалануды құқықтық реттеу тетіктерін әзірлеуге жәрдемдесуді қажет деп санаймыз.

Шіркеудің шынайы рухани өмірі Мәсіхпен тірі қарым-қатынаста, Қасиетті Таинстволарға қатысуда және приход қауымының өмірінде жүзеге асатынын есте ұстау қажет.

Қазақстан Митрополиттік округінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы протоиерей Александр Суворов.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді