ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
11.06.2026, 17:00

Қырым әулиесі Луканы еске алу күні митрополит Александр Мәскеудегі Митрополиттік округ Өкілдігінің храмында Құдайлық Литургияны өткізді

Қырым әулиесі Луканы еске алу күні митрополит Александр Мәскеудегі Митрополиттік округ Өкілдігінің храмында Құдайлық Литургияны өткізді

2026 жылғы 11 маусым – Симферополь және Қырым архиепископы, әулие әрі дәрігер Лукаға арналған еске алу күні.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр Мәскеу қаласындағы Патриархтық аула – Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркесінің Митрополиттік округі Өкілдігінің қасиетті шейіттер Вера, Надежда, Любовь және Софияның құрметіне арналған храмында Құдайлық Литургияны өткізді.

Архипастырға қызмет еткендер: Алматы рухани семинариясының проректоры, теология ғылымдарының кандидаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор игумен Агафангел (Гагуа); протоиерей Павел Вишневский; протоиерей Алексий Федоренко; иеромонах Даниил (Макагон); иеромонах Викторин (Асеев); митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин; диакон Анатолий Леденев және диакон Роман Фролов.

Құлшылық барысында дұға еткендер: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Орыс шіркеулік ән өнерін дамыту жөніндегі Патриарх кеңесінің мүшесі О.Н. Овчинников, Өкілдік қызметкерлері және храм прихожандары.

Храм хорының әндерін Анна Рожнованың жетекшілігімен хор орындады.

Қасиетті өлеңнен кейінгі уағызды протоиерей Павел Вишневский оқыды.

Литургия аяқталған соң қасиетті діндар әрі емші Қырымдық Лукаға арналған мадақтау рәсімі өтті.

Митрополит Александр дін қызметкерлеріне, монахтық өмір өкілдеріне және приход мүшелеріне ортақ дұға үшін алғысын айтып, жиналғандарды Қырым әулиесінің мерекесімен құттықтап, уағызын айтты.

Құлшылық соңында архипастырь Қазақстан Митрополиттік округінің наградаларын табыс етті. Православие игілігі жолындағы еңбектері және мерейтойлық туған күндеріне байланысты келесі тұлғалар шіркеулік марапаттарға ие болды: игумен Агафангел (Гагуа) – «Ынталы қызмет үшін» орденімен;

«Скиния» православие қоғамының төрағасы, шіркеу және қоғам қайраткері А.В. Бугаевский – «Ынталы қызмет үшін» орденімен;

В.И. Литвяков – «Еңбек үшін» орденімен марапатталды.

Иерарх марапат иелеріне жан мен тәннің саулығын, сондай-ақ барлық игі істері мен бастамаларында Құдайдың көмегі мен жарылқауын тіледі.

Қырымдық әулие Лукаға арналған уағызында митрополит Александр, атап айтқанда, былай деді:

«Әлемге танымал хирург, көрнекті ғалым, медицина профессоры, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көптеген бірегей ғылыми еңбектердің авторы болған ол Шіркеу тарапынан тақуалық жолындағы ерлігі үшін, Христосқе деген сенімі үшін азап шеккен діндар, дұғагер және Інжіл ілімінің жаршысы ретінде дәріптелді. Бала кезінен-ақ оның жүрегінде Құдайға және жақындарына деген сүйіспеншілік үстем болды. Осы қасиеттерін ол архипастырь әрі хирург-дәрігер ретіндегі қызметінде толық жүзеге асырды.

Ондаған жылдар бойы демалыссыз және мерекесіз, жанын да, тәнін де аямай, дәрігерлік қызметте еңбек етті, әсіресе кедейлер мен мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Ташкентте хирург болып қызмет атқарған кезінде болашақ иерарх шіркеу өміріне белсене қатысты. Ташкент және Түркістан епископы Иннокентийдің: «Дәрігер, сізге діни қызметкер болу керек», – деген сөздерін ол Құдайдың шақыруы ретінде қабылдады.

Иерей санында үш жыл қызмет еткеннен кейін әкей Валентин қасиетті елші, евангелист әрі дәрігер Лука есімімен монахтық постриг қабылдады. 1923 жылғы 31 мамырда иеромонах Лука Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Әулие Тихонның батасымен құпия түрде Ташкент және Түркістан епископы болып тағайнындалды. Осы уақыттан бастап оның сенімді батыл түрде мойындаған діни қызметкерлік крест жолы басталды.

Көптеген тұтқындаулар, қорлаулар, азаптаулар мен жер аударулар әулиенің архипастырлық міндетін атқарудағы және дәрігерлік қызметтегі ынта-жігерін әлсірете алмады. Үшінші рет Красноярск маңына жер аударылған кезінде, Ұлы Отан соғысының басында, епископ Лука билікке жараланған жауынгерлерді емдеу үшін өзінің дәрігерлік тәжірибесі мен өнерін ұсынды. Мыңдаған әскери қызметкер өлімнен немесе өмір бойғы мүгедектіктен аман қалды. Өмірінің соңына дейін ауыр сырқаттар мен сынақтарға қарамастан, әулие тұрақты түрде құлшылық жасап, үздіксіз уағыз айтып, көмекке мұқтаж жандарды қабылдап отырды.

Қасиетті діндар Лука 1961 жылғы 11 маусымда Иеміз Қүдайдың құзырына аттанды. Құдай Өзінің адал құлын көптеген ғажайыптармен дәріптеді: әулиенің дұғалары арқылы әртүрлі дерттер мен аурулардан көптеген сауықтырулар болып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. 2000 жылы Орыс Православие Шіркеуінің Мерейтойлық Архиерейлік соборында ол әулие әрі діндар ретінде қасиеттілер қатарына қосылды.

Даналыққа толы әулие архипастырьді және мейірімді дәрігерді дұғаларымыз бен шіркеулік әндерімізде мадақтай отырып, біз оның өсиеттерін, өз қауымына тынымсыз жеткізген әділдік сабақтарын еске алуымыз қажет: «Қайырымдылық істерінде зор ынта мен үлкен құлшыныс таныта аламыз, бақытсыздарға, аштарға, науқастарға, қайғыға батқан және рухы түскен жандарға әрдайым мейірімді бола аламыз – иә, біз мейірімді бола аламыз!».

Иеміз әулие әрі дәрігер Лукадың дұғалары арқылы бізге тән саулығы және жан тыныштығымен қатар, Інжіл өсиеттеріне негізделген өмірді сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жүргізуге қажетті рақымға толы күш-қуат берсін».

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді