15 маусым 2026 жыл. Кострома. Астана және Қазақстан митрополиті Александр Кострома кремліндегі Богоявление кафедралды соборында сақталған Православие әлемінің ұлы қасиетті жәдігері – Құдай Анасының Феодоров иконасының алдында дұға етті.
Митрополит Александр жиырма жылдан астам уақыт бойы, Кострома және Галич архиепископы қызметін атқарған кезінде, Ең Қасиетті Құдай Анасының осы көне ғажайып бейнесінің сақтаушысы болды.
Кострома митрополиясының басты храмында Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысымен бірге дұға еткендер: Қазақстан Митрополиялық округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының өнер қайраткері, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы жанындағы орыс шіркеулік ән өнерін дамыту жөніндегі Шіркеу-қоғамдық кеңестің мүшесі О.Н. Овчинников; Кострома митрополиясының дін қызметкерлері, епархиялық басқарма қызметкерлері және прихожандар.
Митрополит Александр Қазақстан Митрополиялық округінің епископаты, пастырлары, монахтық жолындағылар мен сенушілері үшін, Қазақстан жерінің тыныштығы мен өркендеуі, Республика Президенті, билік өкілдері, әскери қызметкерлері мен халқы үшін ерекше дұғалар жасады.
Көктегі Патшайымның ғажайып Феодоров иконасының алдында жасалған дұғадан кейін иерарх жиналған қауымға уағызын айтты. Митрополит костромалықтарға Қазақстан жерінің қасиетті орындарының батасын жеткізді. Бұл жерді марқұм болған Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Алексий II «ашық аспан астына жайылған антиминс» деп атаған болатын.
«Апостолдар заманынан бері христиан әлемі Құдай Анасының иконаларын ерекше қастерлеп келеді. Шіркеу дәстүріне сәйкес, Оның алғашқы бейнесін қасиетті евангелист Лука салған. Біздің тақуа ата-бабаларымыз Көктегі Патшайымға шынайы әрі терең сүйіспеншілік танытқан. Бұған Православие шіркеуінде ғажайыптарымен даңққа бөленген Құдай Анасының көптеген иконалары куә. Солардың қатарында – Ең Қасиетті Құдай Анасының ұлы қасиетті жәдігері саналатын Феодоров иконасы бар. Оның көпғасырлық тарихы шіркеу өмірі мен Отан тарихындағы даңқты оқиғалармен тығыз байланысты.
Шамамен сегіз ғасыр бойы Костромада сақталып келе жатқан Көктегі Патшайымның Феодоров бейнесінің тарихында көптеген ғажайыптар, православ христиандарына көрсетілген Құдай Анасының рақымды қамқорлығы мен аналық жәрдемі туралы естеліктер сақталған. Бұл ұлы қасиетті жәдігер сенім мен тақуалық жолындағы белгілі діндарлары, атақты қолбасшылар мен патшалармен байланысты. Көптеген ғажайыптарымен даңққа бөленген Құдай Анасының Феодоров иконасы отбасылық амандықтың, бала туу мен тәрбиелеудің қамқоршысы ретінде құрметтеледі, сондай-ақ ауыр босану кезінде жәрдем береді. Осы икона алдында жасалған дұғалар арқылы ауыр сырқаттардан, соның ішінде бедеуліктен сауығу оқиғалары орын алып келеді. Бұған нақты әрі құжатпен расталған куәліктер бар». Митрополит Александрдың уағызынан.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр