26 маусым 2026 жыл. Алматы. Биыл Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен Алматы қаласында ашылған Алматы және Қазақстан митрополиті Иосифтің (Чернов) мемориалдық музейінің қоры жаңа жәдігерлермен толығуын жалғастыруда.
Сенім жолындағы мойындаушы әрі тақуалық өмірімен танылған, православие қауымы ерекше қастерлейтін митрополит Иосифтің музейіне оның өзіне тиесілі болған, шіркеулік славян тіліндегі қасиетті Алтарьдағы Інжіл тапсырылды. Бұл Жаңа Өсиеттің данасы Мәскеу қаласының Братеево ауданындағы Иоанн Предтеченің басының алынуы құрметіне арналған храмның клиригі протоиерей Георгий Гуторовта сақталған.
Қасиетті Алтарьдағы Інжіл – құрамында Төрт Інжілдің (Матфей, Марк, Лука және Иоаннан жазылған Інжілдер) мәтіні мен литургиялық оқылымдардың тәртібі қамтылған құлшылық кітабы. Оның мәтіні оқылымдарға бөлінген. Қасиетті Жазба оқылмайтын уақытта бұл Інжіл әрдайым қасиетті Алтарьдағы престолдың үстінде сақталады.
Протоиерей Георгий қасиетті жәдігермен бірге түсіндірме хат та жолдаған. Онда былай делінеді:
«Бұл Інжілді маған 1990-жылдардың ортасында (1995 немесе 1996 жылы) қайын атам – митра тағу құқығына ие протоиерей Андрей Бурдин табыс етті. Ол Қазақстан Митрополиттік округінің Астана және Алматы епархиясындағы ең аға дін қызметкері болатын. Андрей әке Құдай Тағындағы діни қызметін алпыс жылға жуық атқарды, соның ішінде қырық жылға жуығы Алматы қаласындағы Әулие Николай кафедралды соборының клиригі болды. Содан бері бұл қасиетті жәдігер біздің үйде аса ұқыптылықпен сақталды. Алматы және Қазақстан митрополиті Иосифтің (Чернов) мемориалдық музейі ашылғаннан кейін бұл Інжілді үйімде сақтауды дұрыс деп санамадым. Сондықтан оны зор қуанышпен, шын жүректен музейге сыйға тарттым. Осындай тарту жасау мен үшін үлкен мәртебе».
Бұл құлшылыққа арналған Інжіл 1904 жылы Киев-Печерск Успение Лаврасының баспаханасында жарық көрген. Кітап сапалы қалың қағазға басылған; тақырыптары, айдарлары мен бас әріптері қызыл киноварь бояуымен безендірілген; беттері өрнекті сәндік композициялармен көркемделген; түптемесі күңгірт шие түсті барқытпен қапталып, күмістелген металл қаптамаға орнатылған.
Кітаптың ерекше құндылығы – оның алдыңғы форзацында митрополит Иосифтің 1918 жылы өз қолымен жазған жазбасының сақталуы. Бұл – оның өмірбаянына қатысты қысқаша естелік:«Монахтыққа қабылданған күнімде қадірлі архидиакон Иеронимнен сыйға алдым. Таганрог. 1918 жылғы 6 ақпан. Архиепископ Иосиф».
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр