ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
05.07.2026, 18:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Астанадағы Радонеждік қасиетті Сергий атындағы храмның жаңадан салынған қабырға суреттерін қасиеттеу рәсімін өткізді

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Астанадағы Радонеждік қасиетті Сергий атындағы храмның жаңадан салынған қабырға суреттерін қасиеттеу рәсімін өткізді

5 шілде 2026 жыл. Астана. Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александр Радонеждік қасиетті Сергийдің құрметіне арналған храмның жаңадан салынған қабырға кескіндемелерін қасиеттеу рәсімін өткізді.

Қасиеттеу рәсімінде дұға еткендер: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстан мен Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері О.Н. Овчинников; елорда приходтарының құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев), құрметті өкілдің көмекшісі иерей Сергий Дианов, Астана епархиялық басқармасының қызметкерлері, дін қызметкерлері және Сергий храмының прихожандары.

Митрополит әмірші храм Жарғысына сәйкес дұғаларды оқып, храм күмбездері мен қабырғаларын қасиетті сумен шашып қасиеттеді.

Сергий храмының қабырға кескіндемелерін жасау жұмыстары үш ай бойы жүргізілді. Храм қабырғалары қасиетті Сергийдің өмірінен алынған көріністермен безендірілді: болашақ әулиенің дүниеге келуі, ақсақалдың жас Варфоломейді (шомылдыру рәсіміне дейінгі есімі) жарылқауы, оның иерейлікке қол қойылуы, болашақ шәкірттерінің нышаны болған көптеген құстардың ғажайып көрінісі, дұға арқылы бұлақтың пайда болуы және Литургия кезінде періштенің бірге қызмет етуі. Композицияның орталығы – Өмір Бастаушы Қасиетті Үштіктің бейнесі.

Қасиеттеу рәсімі аяқталғаннан кейін Митрополиттік округтің Басшысы Ресей Суретшілер одағының мүшесі, белгілі икона шебері В.К. Курилов бастаған Палех қаласының шеберлеріне атқарған еңбектері үшін алғыс айтып, олардың алдағы қызметіне Құдайдың жарылқауын тіледі.

Бұған дейін Ресейдің Иваново облысындағы Палех қаласының     икона шеберлері Астанадағы Республикадағы басты храм – Успение кафедралды соборының, Христос Құтқарушы храмының, Александр Невский және Владимир храмдарының, Алматыдағы Иверско-Серафимовский әйелдер монастырінің София храмы мен қасиетті Серафим Саровский шағын шіркеуінің қабырғалары мен күмбездерін көркем кескіндемелермен безендірген болатын. Сонымен қатар олар Ақмол кентіндегі (Малиновка) Ақмола жаңа азапкерлері мен діндарлары құрметіне арналған храмды, Ақмола облысының Малотимофеевка ауылындағы Әулие Николай храмын және Қостанай епархиясының Рудный қаласындағы Иоанн Богослов храмын да көркемдеді. Жалпы алғанда, палехтік     икона шеберлері Қазақстандағы храмдардың 25 мың шаршы метрден астам қабырғасын фрескалармен безендірді.

2025 жылғы 18 қыркүйекте Мәскеу және бүкіл Русьтің Қасиетті Патриархы Кирилл қасиеттеген Радонеждік қасиетті Сергий атындағы храм сәулеттік кешеннің бір бөлігі болып табылады. Кешен құрамына Қазақстан жерінде жарқыраған Бүкіл әулиелердің құрметіне арналған собор және Қазақстан Митрополиттік округінің рухани-мәдени әрі ағартушылық орталығы кіреді.

Көптеген православие сенушілері асыға күткен бұл жоба Қасиетті Патриарх Кириллдің батасын алған. Митрополит Александр Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевпен кездесуі барысында Мемлекет басшысына жобаны таныстырып, елордада православиелік ағартушылық орталық пен оған қарасты храм салу бастамасы қолдау тапты. Президенттің тапсырмасы бойынша Астана қаласының әкімдігі Митрополиттік округке жер телімін бөліп берді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қайырымды жандардың қаражаты есебінен қарқынды жүргізілуде.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді