2026 жылғы 14 шілде – Римдік қасиетті күміссіз емшілер Косма мен Дамианды еске алу күні.
Астана және Қазақстан митрополиті Александр Алматы қаласында салынып жатқан Космо-Дамиановский храмында болды. Сапар барысында архипастырь қасиетті күміссіз емшілерге арналған дұға қызметін өткізіп, храмның күмбездеріне орнатылатын жаңадан жасалған айқыштарды қасиеттеді.
Космо-Дамиановский храмы Оңтүстік астанада қайырымды ктиторлардың қаражаты мен сенушілердің садақалары есебінен, президенті Валерий Михайлович Капсамун болып табылатын «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының тікелей қолдауы және қатысуымен салынып жатыр.
Айқыштарды қасиеттеу рәсіміне қатысқандар: Алматы қаласындағы Құдай Анасының «Барлық қайғы-қасірет шеккендердің Қуанышы» иконасы құрметіне арналған храмның басшысы протоиерей Евгений Воробьев; Алматы рухани семинариясының ректоры, Митрополиттік округтің ақпараттық-баспагерлік бөлімінің жетекшісі протоиерей Евгений Иванов; Митрополиялық округ Басшысының хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек); Космо-Дамиановский храмының басшысы иерей Андрей Шкляр; митрополит хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий); Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; иерей Богдан Бойко; митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин және протодиакон Владимир Сыровацкий.
Құдайға құлшылық етуге қатысқандар: храмның жамағаты мен қайырымдылық жасаушылары, құрылысқа жауапты мамандар және «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының қызметкерлері.
Әндерді Алматы епархиясының диакон А. Пивень жетекшілік ететін ерлер хоры орындады.
Рәсім басталар алдында архипастырь дін қызметкерлері мен жамағатқа арнап сөз сөйлеп, православие христианының өміріндегі храмның маңызы туралы айтты.
«Қасиетті әкелер мен Шіркеу ұстаздары “жер бетіндегі Аспан” деп атаған ғибадатхананың православие христианының өміріндегі маңызын асыра бағалау мүмкін емес. Оның күмбездерінің астында ең қасиетті Евхаристия атқарылып, “дүниенің өмірі үшін” (Ин. 6:51) қансыз Құрбандық ұсынылады. Осында құлшылықтарға қатысып, қасиетті Құпияларға қатысу арқылы адамдар рухани жаңарып, Құдайға және жақынына деген сүйіспеншілікте нығаяды, зұлымдықпен күресуге және ізгі қасиеттерді дамытуға қажетті рақым күшін алады, Інжілдің асқақ ақиқатын үйренеді. Құдай үйінде күнделікті күйбең тіршіліктен шаршаған адамның жаны тыныштық табады. Осында бізді Құтқарушының Өзі: “Еңбек етіп, ауыр жүк көтеріп жүргендердің бәрі Маған келіңдер, Мен сендерге тыныштық сыйлаймын” деп шақырады (Мф. 11:28).
Сондай-ақ Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің терең мағыналы сөздерін еске салғым келеді: “Храм салған адам тарихқа енеді. Тек адамзат тарихына ғана емес. Мұндай адамдардың есімдері Өмір кітабына ерекше жазылады”. Әрбір Құдайлық Литургияда храмдарды салушылар, қайырымдылық жасаушылар мен көркейтуге үлес қосқандар үшін дұға оқылып, олардың қасиетті қабырғаларында қызмет етіп, мінәжат еткендердің бәрі еске алынады. Еңбек еткен жандардың игі істері мен қайырымды жандардың қолдауы Құдай алдында ешқашан ұмытылмайды», – деді әмірші.
Дұғалар оқылғаннан кейін Митрополиттік округтің Басшысы жаңадан жасалған айқыштарға қасиетті суды сеуіп, оларды қасиеттеді.
Құдайға құлшылық ету аяқталғаннан кейін митрополит Александр жиналған қауымға Кресттің маңызы туралы еске салды:
«Иеміз Иса Мәсіхтің Кресті – Құдайдың сүйіспеншілігінің Құрбандық орны әрі біздің құтқарылуымыздың құралы. Апостолдар заманынан бүгінгі күнге дейін Қасиетті Крест ағашы Інжіл ақиқатына шынайы сенетіндердің бәрі үшін ерекше құрмет пен тағзымның нысаны болып келеді. Бүгін біз рухани маңызы зор оқиға – қасиетті күміссіз емшілер әрі ғажайып жасаушылар Косма мен Дамианның құрметіне салынып жатқан храмның күмбездерін көркейтетін айқыштарды қасиеттеу рәсімінің куәсі болдық. Бұл айқыштар Алматының соборлары мен ғибадатханаларының үстінде асқақтап тұрған өзге айқыштармен бірге қаламызды, өлкемізді және елімізді Мәсіхтің рақым күшімен жарылқап, түрлі бәле-жала мен қиыншылықтардан қорғайды әрі баршаға Құдайдың адамзатқа деген шексіз сүйіспеншілігін еске салып тұрады».
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы ктитор мен қайырымдылық жасаушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, храмның басшысы иерей Андрей Шклярға және құрылыс жұмыстарының үйлестірушісі В.М. Капсамунға ерекше алғысын білдірді.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр