2026 жылғы 18 шілде – Радонеж игумені, қасиетті Сергийдің киелі жәдігерлерінің табылуын мерекелеу және ұлы ханшайым, қасиетті азапкер Елисавета мен инокиня Варвараның азап шегіп шәһид болған күні.
Астана және Қазақстан митрополиті Александр Мәскеу қаласындағы Патриархтық өкілдік – Қазақстан Митрополиттік округінің Өкілдігіндегі қасиетті азапкерлер Вера, Надежда, Любовь және Софияның құрметіне арналған храмда Құдайлық Литургияны өткізді.
Митрополитке мына қызмет еткендер: Алматы діни семинариясы проректоры, теология ғылымдарының кандидаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор игумен Агафангел (Гагуа); протоиерей Александр Соколов; қасиетті азапкерлер Вера, Надежда, Любовь және олардың аналары Софияға арналған храмның басшысы иеромонах Антоний (Дробязко); иеромонах Даниил (Макагон); диакон Анатолий Леденев және диакон Роман Фролов.
Құлшылық кезінде храм хорының әнін Анна Рожнова басқарды.
Құдайлық қызмет барысында дұға еткендер: Өкілдік қызметкерлері, Патриархтық өкілдіктің қайырымдылық жасаушылары және храм жамағаты.
Литургия аяқталғаннан кейін қасиетті Сергийге және қасиетті азапкерлер Елисавета мен Варвараға арналған мадақтау дұғасы оқылды. Одан соң митрополит Александр есім күні иелерін Періште күнімен құттықтап, жиналған қауымға уағызын айтты
«Тарихшы Василий Ключевскийдің: «Қасиетті Сергийді еске алу арқылы біз өз-өзімізді тексереміз, ұлы рухани ұстаздарымыз бізге аманат еткен адамгершілік мұрамызды қайта таразылаймыз…» деген сөздерін қайталай отырып, қасиетті Сергийдің біз үшін жол көрсетуші жұлдыз, нағыз христиан өмірінің үлгісі екенін айтамыз. Оған қайта-қайта бет бұру арқылы біз бүгінгі күннің рухани шындығын дұрыс бағалауды үйренеміз. Халқымыздың рухани-адамгершілік және мәдени өміріндегі барлық асыл құндылықтар өз бастауын қасиетті Сергий негізін қалаған Қасиетті Үштік монастырында қалыптасқан дәстүрлерден алады. Православие әлемінің дұғашысы әрі арашашысы болған оның тұлғасы бүгінде Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігін рухани тұрғыдан біріктіріп тұр. Мұның өзі терең мәнге ие. Өйткені қасиетті Сергий тарихқа, ең алдымен, бітімгер әрі халықтарды ағартушы ретінде енді. Алғашында дүниеден безіп, қалың ормандағы оңаша жерде қатаң тақуалық жолын таңдаған қасиетті Сергий көп ұзамай замандастары арасында зор рухани бедел мен күшке ие болды. Оның өмірі арқылы Киелі Жазбаның мына сөздері айқын жүзеге асты: «Сендер – дүниенің жарығысыңдар. Таудың басындағы қала жасырын қала алмайды. Сондай-ақ шам жағып, оны ыдыстың астына қоймайды, қайта шам қойғышқа қояды, сонда ол үйдегілердің бәріне жарық береді. Сол сияқты адамдар сендердің игі істеріңді көріп, Көктегі Әкелеріңді мадақтайтындай, жарықтарың олардың алдында жарқырай берсін» (Мф. 5:14–16). Кішіпейіл тақуаға бірнеше рет өзінің оңашадағы дұғалық өмірін тастап, түрлі өлкелерге татуластыру миссиясымен аттануға тура келді. Оның байыпты да сабырлы сөздері жауынгер мінезді кінәздерді де жуасытып, жүректеріне тыныштық пен бейбітшілік ұялататын. Абба Сергий барлық дәуір үшін «мәңгілік замандас» болып қала береді. Оның өмірбаянын зерделеп, рухани бейнесіне ой жүгірткен сайын біз барлық жалған түсініктер мен адасулардан арыламыз. Біздің көз алдымызда қарапайым монахтармен бірге егін егіп, нан өсірген, храмдар мен кельялар салған ұлы Игуменнің нұрлы бейнесі қайтадан жарқырай түседі. Өзі өте қарапайым өмір сүріп, жұпыны киінсе де, оның рухани күші соншалық, бір ауыз сөзімен кереметтер жасап, болашақты болжай алатын. Бүгінде адамдар жайлылықты, байлық пен билікті көксейтін заманда, преподобный Сергийдің замандасы жазған мына сөздер ар-ұжданымызды оятады: «Оның ізгіліктері мыналар еді: жан мен тән тазалығы, үнсіздік, тән еңбегі, шынайы кішіпейілділік, үздіксіз дұға, парасаттылық, кемел сүйіспеншілік, қарапайым киім, өлімді естен шығармау, жуастық пен сабыр, Құдайдан үнемі қорқу». Осы сөздерді жадымызда сақтап, қасиетті тақуаның шынайы бейнесін көз алдымыздан шығармау қандай маңызды! Христиан ең алдымен көктегі мәңгілік өмірді ойлап, мәңгілікпен қауышуға дайындалуға шақырылған. Біз қасиетті Сергий көрсеткен Құдайға және жақынға деген сүйіспеншілікке, жуастыққа, кек сақтамауға және еңбекқорлыққа ұмтылуға тиіспіз. Қасиетті әкенің рухани өсиеті ретінде бүгін де оның бізге жеткен: «Сүйіспеншілік пен бірлік арқылы құтқарыламыз» деген сөздері ерекше естіледі.
Қостанай епархиясында «Тимонов оқулары» атты V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
Толығырақ
Серафимо-Феогностов атындағы ерлер монастырінде Алматының қасиетті шейіттері Серафим мен Феогносттың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл толуына орай рухани салтанатты шаралар өтті
Толығырақ
Серафимо-Феогностов атындағы ерлер монастырінде көктегі қамқоршыларының қасиетті жәдігерлеріне арналған жаңадан жасалған рака орнатылды
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр