ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
26.07.2026, 12:00

Қасиетті алты Бүкіләлемдік Собор әкелерін еске алу мерекесіне арналған Жексенбі күні Астана және Қазақстан митрополиті Александр Астанадағы Успение кафедралды соборында Құдайлық Литургияны өткізді

Қасиетті алты Бүкіләлемдік Собор әкелерін еске алу мерекесіне арналған Жексенбі күні Астана және Қазақстан митрополиті Александр Астанадағы Успение кафедралды соборында Құдайлық Литургияны өткізді

2026 жылғы 26 шілде – қасиетті алты Бүкіләлемдік Собор әкелерін еске алу күні және Архангел Гавриил Соборы мерекесі.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр Астанадағы Успение кафедралды соборында Құдайлық Литургияны өткізді.

Митрополиттік округтің Басшысына қызмет еткендер: Қарағанды және Шахтинск архиепископы Севастиан; Қарағанды епархиясының викарийі, Сәтбаев архиепископы Ипатий; Астана шіркеулік округінің құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев); Алматы православиелік рухани семинариясының ректоры, Қазақстан Митрополиттік округінің ақпараттық-баспа бөлімінің жетекшісі протоиерей Евгений Иванов; Қостанай епархиясы хатшысының м.а. иеромонах Геннадий (Бурдюжа); Успение соборының кілтшісі протоиерей Евгений Корольков; Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; кафедралды собордың дін қызметкерлері иерей Григорий Куликов пен иерей Андрей Парфенов; Сергий храмының дін қызметкері иерей Андрей Ивашинин. Диакондар қатарын митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин басқарды.

Құдайға құлшылық кезінде Успение кафедралды соборының хоры (жетекшісі – О. Варенцова) шіркеулік әндерді орындады.

Храмда дұға еткендер: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; Астанадағы Құдай Анасының «Қаза тапқандарды іздеуші» иконасының құрметіне арналған монастырьдың игумениясы Севастиана (Плотникова) монастырь әпкелерімен бірге; Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасы орынбасары хатшылығы басшысының орынбасары Н.В. Паршикова; Астана епархиялық басқармасының қызметкерлері, қажылар мен храм прихожандары.

Қасиетті өлеңнен кейінгі уағызды протоиерей Евгений Иванов оқыды.

Құдайлық Литургия аяқталған соң митрополит Александр архиерейлерді, дін қызметкерлерін және жамағатты жексенбілік күнмен әрі қасиетті алты Бүкіләлемдік Собор әкелерінің ерліктері мен еңбектерін еске алу мерекесімен құттықтап, жиналғандарға рухани насихат сөзін арнады.

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Астана епархиясының жамағатына Қарағанды епархиясында қызмет атқаратын жаңа архипастырь – Сәтбаев архиепископы Ипатийді таныстырды.

«Жексенбі күні – кіші Пасха келген сайын Қасиетті Шіркеу бізге Мәсіхтің Қайта тірілуі арқылы жүзеге асқан құтқарылуымыздың ұлы құпиясын еске салады. Құтқарушының Қайта тірілуі арқылы әрбір сенуші адам көктен берілетін рақым күшіне ортақтасуға мүмкіндік алды. Бұл күш бізге Ізгі хабардың ақиқаты мен Құдайдың өсиеттеріне сай өмір сүруге, мейірімді де қайырымды, адал да ізгі ниетті болуға, әртүрлі адамдармен қарым-қатынаста сүйіспеншілік танытуға, жақындарымыз бен алыстағылардың қуанышы мен қайғысын бірге бөлісе білуге көмектеседі. Православиелік сенімді өз ішкі дүниемізбен үздіксіз әрі ыждағатты рухани еңбек етпей шынайы мойындау мүмкін емес. Сонымен қатар, біз айналамыздағы өмірді даналық сөздерімізбен, ізгі істерімізбен, өз өмірімізге де, жанымыздағы адамдардың өміріне де Құдайдың құтқаратын әрі қасиеттейтін рақымын шақыру арқылы өзгертуге тиіспіз. Иеміз бізден шамадан тыс ерлік күтпейді. Ізгі хабар өсиеттерімен өмір сүрудің ең қиыны – алғашқы қадамдар ғана. Әуелгіде дөрекілікке дөрекілікпен, жамандыққа жамандықпен, әділетсіздікке әділетсіздікпен, айыптауға айыптаумен жауап бермеуді үйрену қажет. Одан кейінгі қадам – жақындарымыздың мұқтажына, олардың қайғысы мен қуанышына ықыласпен қарау. Отбасында, жұмыста немесе жақындарымызбен және таныстарымызбен қарым-қатынаста жасалған әрбір адал әрі дұрыс іс жүрекке шынайы қуаныш, жанға тыныштық сыйлайтынын түсіну маңызды. Құтқарушы әр адамға қайта-қайта былай деп үн қатады: «Шаршағандар мен ауыр жүк көтеріп жүргендердің бәрі Маған келіңдер, Мен сендерге тыныштық беремін. Менің жүгімді мойындарыңа алыңдар Менен үйреніңдер, өйткені Мен кішіпейілмін әрі жүрегім жұмсақ, сонда жандарың тыныштық табады. Себебі Менің мойынтұрығым – игі, ал жүгім – жеңіл» (Мф. 11:28–30). Иеміздің бізге жүктейтін жүгінің қаншалықты игі әрі жеңіл екенін сезіну және түсіну үшін, жақсылық жасауға асығуымыз қажет». Митрополит Александрдың уағызынан.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді