ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
14.08.2026, 16:00

Өмір Беруші Қасиетті Кресттің Асыл діңгегін Шығару мерекесі. Митрополит Александр Семей қаласындағы Воскресенский кафедралды соборында Құдайлық Литургияны өткізді

Өмір Беруші Қасиетті Кресттің Асыл діңгегін Шығару мерекесі. Митрополит Александр Семей қаласындағы Воскресенский кафедралды соборында Құдайлық Литургияны өткізді

2026 жылғы 14 тамыз — Өмір Беруші Қасиетті Кресттің Асыл Діңгегін Шығару мерекесі, жеті Маккавей шейітін, олардың анасы Саломонияны және ұстазы Елеазарды еске алу күні, сондай-ақ Успенский оразасының басталуы.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр Семей қаласындағы Воскресенский кафедралды соборында Құдайлық литургияны басқарды.

Митрополиттік округтің Басшысына қызмет еткендер: Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий, Семей шіркеу округінің құрметті өкілі протоиерей Роман Сычук, Воскресенский соборының дін қызметкері протоиерей Сергий Жарич, Митрополиттік округ Басшысының жеке хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек), протоиерей Петр Хонин, Өскемен шіркеу округінің құрметті өкілі  иеромонах Силуан (Магилев), Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров, митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин, протодиакон Андрей Дудник, протодиакон Николай Белоконь, Өскемен епархиясының хатшысы диакон Илия Кван.

Соборға діндарлардың мінажат етуі және рухани тұрғыда нығаюы үшін ұлы інжілдік қасиетті жәдігер — Өмір Беруші Қасиетті Крест Діңінің бөлшегі бар Иса Мәсіхтің Крестке шегеленуі бейнеленген икона әкелінді.

Құлшылық кезінде дұға еткендер: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы О.Н. Овчинников, Семей қаласындағы Петропавл Знаменско-Абалацк әйелдер монастырының игумениясы Марионилла және монастырь әпкелері, Жетісу казактары одағының казактары, сондай-ақ епархия ктиторлары.

Құдайлық Литургия кезіндегі діни әндерді регент Ю. Хохрякованың жетекшілігімен Воскресенский кафедралды соборының хоры орындады.

Қасиетті өлеңнен кейін иерей Георгий Сидоров Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Успенский оразасының басталуына орай жолдаған үндеуін оқып берді.

Құлшылық Құдайды мадақтаумен аяқталды Дін қызметкерлері Христос Крестіне арналған тропарь мен кондакты орындады. Осыдан кейін ежелгі шіркеулік дәстүрге сәйкес, балды қасиеттеу рәсімі өтті. «Мейірімі мол әрі рақымы шексіз, Ием» дұғасы оқылғаннан кейін митрополит Александр жаңа жиналған балды қасиетті сумен бүркіп, батасын берді.

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы жиналған қауымға өсиет сөзін айтып, діндарларды Успенский оразасының басталуымен құттықтады.

«Иеміздің Өмір Беруші Қасиетті Крестінің Асыл Діңгегін шығару мерекесінен бастап Ең Қасиетті  Құдай Анасының Успениясына арналған қасиетті ораза күндері басталады. Адамзатты сүйетін Жаратушы Иеміз, «барлық адамдардың құтқарылып, шындықты тануға жеткенін қалайды» (1 Тимц. 2:4). Ол бізге тәубеге келу үшін тағы да рақымға толы уақыт беріп, әрқайсымызға ораза мен дұға арқылы күнәларымыздан арылып, нәпсі-құмарлықтарымызды жеңіп, өмірімізді Інжіл іліміне сай жаңартуға тағы бір мүмкіндік ұсынып отыр. Материалдық, физикалық әлем жаратылып, өз заңдылықтары бойынша өмір сүреді. Сол сияқты рухани әлемде де Жаратушы тарапынан мызғымас қағидалар мен заңдар белгіленген. Оларды ұмытуға, елемеуге немесе бұзуға болмайды. Құдайды ұмыту, ойымыздағы кез келген зұлымдық және елеусіз әрі маңызсыз болып көрінсе де, кез келген өсиетті бұзу адамды рухани тұрғыдан күйретіп, оны рухани өлімге алып келеді. «Күнәнің беретіні — өлім» (Рим. 6:23), — дейді апостол Павел. Біздің әлеміміз барған сайын рухани қараңғылыққа бой алдырып барады. Бұрын қоғам тарапынан айыптауға ұшыраған іс-әрекеттер бүгінде үйреншікті құбылысқа айналуда. Адамдар жаман сөздер мен қатыгездіктен ұялуды қойып, азғындыққа толы мінез-құлқымен мақтанады, адамгершілік тазалығы мен отбасы құндылықтарын менсінбей, оларды келеке етеді. Құдайдан алыстаудың және Оның заңдарын елемеудің салдары айқын көрінеді: қоғамдағы тұрақсыздық, әскери қақтығыстар, экономикалық дағдарыстар және індеттер. Адамның күнәсі, одан басқа ештеңе емес, түрлі қайғы-қасірет пен апаттардың себебі болып табылады. Қасиетті Жазба бізге: «Жаман орта жақсы мінез-құлықты бұзады» (1 Кор. 15:33), — деп ескертеді. Біз өзіміз де көп күнә жасаймыз және күн сайын рухани қараңғылықтың түрлі — ашық та, жасырын да көріністерімен бетпе-бет келеміз. Сондықтан бізге дұға мен ораза аса қажет. Құтқарушының сөзіне сәйкес, солар арқылы адамның жүрегі мен санасындағы кез келген зұлымдық қуылады, жанды азғыратын арамдық күштері жеңіледі. Тәубеге келуді белгісіз уақытқа қалдырмайық. Кемшіліктеріміз бен әділетсіздіктерімізбен күресті өзімізден бастайық. Ораза арқылы нәпсі-құмарлықтарымызды тежеп, жақындарымызға деген іс жүзіндегі сүйіспеншілік арқылы Құдайдың рақымына жол ашайық. Шіркеудің әкелері мен ұстаздары бізге мынаны үйретеді: нәпсі-құмарлықтардың тұтқынынан өзімізді азат ете отырып, айналамыздағы адамдарды да күнәнің кірінен арылуға көмектесеміз; ізгілік арқылы Көкке көтеріле отырып, жанымыздағы адамдардың рухани биіктеуіне ықпал етеміз; шын жүректен дұға жасап, әсіресе қасиетті Евхаристияға қатысу арқылы бүкіл әлемді Құдайдың рақымымен киелілендіреміз. Успенский оразасының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл — біздің Ең Қасиетті Құдай Анасына деген алғысымызды білдіретін және Оған ерекше жалбарынатын уақыт. Әрқайсымыз Көк пен жердің Патшайымын, билеуші Әміршіні дәріптей отырып, осы күндері Оның ана ретінде адамзатқа араша болуының күшін, адамзатқа деген сүйіспеншілігінің ұлылығын ерекше сезініп, терең түсінуіміз керек. Христиан болу — Христостың соңынан еріп, өз крестімізді батылдықпен әрі сабырмен көтеру деген сөз. Алайда өмір жолында біз жалғыз емеспіз: әрдайым бізбен бірге Ең Таза Құдай Анасы бар. Құдайды және құтқарылуды іздегендерге, Онымен кездесуді аңсағандарға, жақындарының қайғысына ортақтасып, оларға жылы сөздерімен, ізгі кеңесімен және пайдалы ісімен жұбаныш сыйлайтындарға Оның көмегі мен қуанышы әрдайым серік болады.

Успениесінде де дүниені тастап кетпейтін Көк Патшайымының дұғалары арқылы барлық игіліктің Жаратушысы әрі Сыйлаушысы бізге осы қасиетті ораза жолын өзімізге және жақындарымызға пайда келтіре отырып лайықты өткеруді, ынта-жігерімізді әлсіретпеуді, рухымызды жалындатып, Иемізге қызмет етуді нәсіп етсін (Рим. 12:11)».

Митрополит Александрдың уағызынан.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді