Аса құрметті Жоғары мәртебелі!
Қадірлі әкелер, бауырлар мен әпке-қарындастар!
Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркеуі Митрополиттік округінің қайырымдылық қызметінде еңбек етіп жүрген сіздерді шын жүректен құттықтауға және Қасиетті Үшбірліктің Ұлы есімінің даңқы жолында христиандық сүйіспеншілік істерін атқарудағы ынта-жігерлеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер!
Бүгінде сіздердің епархияларыңызда өтіп жатқан съездің атауында Мәсіхтегі өмірдің бүкіл мәні көрініс тапқан. Өйткені Жаратқан Ие Өзі туралы: «Адам Ұлы Өзіне қызмет еткізу үшін емес, Өзі қызмет ету және көптеген адамдардың азаттығы үшін жанын құрбан ету үшін келді», – дейді (Мф.. 20:28). Демек, адамдардың мұқтажына ынтамен, шын жүректен және риясыз қызмет еткен жан Құдай Ұлына еліктейді. Адамзатқа қызмет ету арқылы біз Көктегі Патшалықта Құдай Ұлының оң жағынан орын табамыз.
Құдайға Оның бізге берген ұлы мейірім сыйы – Шіркеудің жақынға қызмет ету ісіне қатысу мүмкіндігі үшін алғыс айтайық! Осылайша біз өзіміздің шақырылуымызды орындаймыз, өйткені «біз Құдай алдын ала белгілеп қойған ізгі істерді атқару үшін жаратылдық» (Еф. 2:10).
Ізгілік жанды сауықтырады, тәнді шипаландырады, жақсылық көрген жанның жүрегін қуанышқа бөлейді, ал оны жасаушыға одан да мол игілік сыйлайды. Өйткені Иса Мәсіхтің сөзі бойынша, «алғаннан гөрі берген бақыттырақ» (Деян. 20:35). Бұл – Құдай перзенттерінің бақыты. Шынайы сүйіспеншіліктің осындай бақытының дәмін бір рет татқан адам оны қайтадан іздейді – жақынына қызмет етудің қуанышын іздейді.
Сіздерге атқарып жатқан жұмыстарыңыздың жемісті болуын және қасиетті қызметтеріңізде Құдайдың жәрдемі мен қолдауын тілеймін! Жүрегіміздегі сүйіспеншілік ешқашан сарқылмасын, әрі біз оны әрбір мұқтаж жанмен бөлісе білейік. Өйткені сүйіспеншілік істері – Өзі Сүйіспеншілік болып табылатын Құдай туралы ең жақсы уағыз.
Мәсіхтегі сүйіспеншілікпен,
протоиерей Михаил Потокин,
Орыс Православие Шіркеуінің шіркеулік қайырымдылық және әлеуметтік қызмет жөніндегі бөлімінің төрағасы
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр