26 қыркүйек 2026 жыл. Он екі ұлы мерекенің бірі – Иеміздің Қасиетті әрі Өмір Беруші Кресін ұлықтау мерекесінің қарсаңында Астана қаласындағы Успен кафедралды соборында Астана және Қазақстан митрополиті Александр түні бойы құлшылық етті.
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына қызмет еткендер: Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Клавдиан, Орал және Атырау епископы Вианор; Астана шіркеулік округінің құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев), Алматыдағы Құдай Анасының «Қайғыға ортақтасушылардың бәрінің қуанышы» иконасы құрметіне арналған шіркеудің басқарушысы протоиерей Евгений Воробьев, Астана қаласындағы Саровтық әулие Серафим шіркеуінің клиригі иеромонах Силуан (Синегубов), кафедралды собордың клиригі иерей Григорий Куликов, Митрополиялық округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; Алматыдағы Қазан соборының басқарушысы иерей Георгий Рублинский, сондай-ақ Астана және Алматы епархияларының дін қызметкерлері. Диакондық чинді протодиакон Николай Гринкевич басқарды.
Құлшылық кезінде Успен кафедралды соборының хоры О. Варенцованың жетекшілігімен діни әндер орындады.
Түні бойы құлшылық ету кезінде ғибадатханада Православиенің ұлы тұлғасы – Тримифунт әулиесі әрі керемет жасаушы Спиридонның қасиетті жәдігері салынған сандық болды. Ол Қазақстанның басты храмына таңертең, Құдайлық Литургия басталғанға дейін жеткізілген еді. Тримифунт иерархына тағзым етіп, рухани жұбаныш пен нығайтылуды тілеу үшін Успен соборына Астана тұрғындарымен қатар, өңірдің қалалары мен ауылдарынан көптеген қажылар келді.
Құлшылық ету Жарғысына сәйкес, ұлы кешкі жоралғы кезінде нан, шарап, бидай және елей (май) қасиеттеліп, лития – күшейтілген дұға жасалды.
Иеміздің Кресін ұлықтау мерекесіндегі түні бойы құлшылық етудің басқа құлшылықтардан басты ерекшелігі – Христостың Өмір Беруші Кресіне ерекше тағзым ету. Құлшылық басталғанға дейін Крест тірі гүлдермен безендіріліп, құрбандық үстеліне қойылады. Шіркеу Жарғысына сәйкес, бұл мерекеде полиелей, ұлықтау әнін айту және Інжілді оқу қасиетті алтарьда орындалады.
Ұлы мадақтау Үшқасиетті әнімен аяқталғаннан кейін Иеміздің Кресті крест шеруімен алып өтілді. Бұдан кейін Александр митрополит пен бірге қызмет еткен архипастырьлар Өмір Беруші Кресті ұлықтау рәсімін орындады.
Терең рухани мағынаға толы бұл салтанатты құлшылық ету рәсімі жылына бір-ақ рет – Иеміздің Кресін ұлықтау мерекесінің қарсаңында соборлық ғибадатханаларда иерархтар тарапынан орындалады.
Рәсімге сәйкес, иерархтар Кресті төрт тарап – шығысқа, батысқа, оңтүстікке және солтүстікке қарай, елге, қалаға және халыққа бата бере отырып, бес рет көтерді. Бесінші және соңғы рет Крест шығысқа қарай көтерілді. Әрбір көтеру кезінде диакон арнайы өтініш-дұғаны жариялап, хор оған бірнеше рет «Уа, Жаратқан Ие, рақым ете гөр!» деп жауап берді. Ежелгі Иерусалим дәстүріне сәйкес, көтерілген Крест діни қызметкерлер тарапынан раушан суымен жуылды.
Кресті ұлықтау чины Иерусалимде Иеміздің Қасиетті Ағаш Кресін тарихи түрде көтеру оқиғасынан бастау алады. Сол кезде халықтың орасан зор көпшілігінің алдында Иерусалим архиепископы Макарий патшайым Елена тапқан Крестті баршаға көрінуі үшін көтерді. Ал халық Өмір Беруші Ағашқа тағзым етіп: «Уа, Жаратқан Ие, рақым ете гөр!» деп дұға етті.
Хор Иеміздің Кресіне тағзым етуге арналған стихираларды орындаған кезде сенушілер Өмір Беруші Ағашқа тағзым етіп, кейін қасиеттелген елеймен майланды. Әрбір шіркеу мүшесіне лития кезінде қасиеттелген нанның бір бөлігі берілді.
Түні бойы құлшылық ету соңында сөйлеген сөзінде Александр митрополит жиналған қауымды Тримифунт әулиесі Спиридонның қасиетті жәдігерлерінің Қазақстан астанасына жеткізілуімен құттықтап, православ христианы үшін Иеміздің Кресін – «Құдай сүйіспеншілігінің Құрбандық үстелін» қастерлеудің мәні туралы жиі ойлануға шақырды.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр