28 қыркүйек 2026 жыл. Петропавл. Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің батасымен және Керкира, Пакси және Диапонтия аралдары митрополиті Нектарийдің ізгі келісімімен Қазақстанға әкелінген Тримифунт әулиесі Спиридонның шірімеген қасиетті жәдігерлері Петропавл епархиясына жеткізілді.
Қасиетті жәдігерді Қазақстанға әкелуді «Eleos-Meirim» қоғамдық қоры (президенті – В.М. Капсамун) ұйымдастырды.
Қасиетті жәдігерлерді Астана және Қазақстан митрополиті Александр, Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Клавдиан, Эллада Православие шіркеуінің Керкира митрополиясының діни қызметкерлері және Алматы қаласы храмдарының дін қызметкерлері алып келген ұшақ Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласының әуежайына кешкі уақытта қонды.
Тримифунт иерархының оң қолы салынған реликварийді Петропавл және Булаево архиепископы Владимир мен Петропавл епархиясының хатшысы протоиерей Сергий Первушин қарсы алды.
Әуежайдан қасиетті жәдігер дін қызметкерлері мен Петропавл қаласының православие дінін ұстанушы тұрғындары жиналған Вознесенск кафедралды соборына жеткізілді.
Қоңырау үні мен Тримифунт әулиесі Спиридонға арналған тропарь және ұлықтау әні шырқалған кезде қасиетті жәдігер салынған реликварий соборға енгізіліп, храмның ортасына қойылды.
Митрополит Александр жиналған қауымға құттықтау сөзін арнады.
«Баршаңызды үлкен қуанышпен – Митрополиттік округтің Петропавл епархиясына Тримифунт епископы, ғажайып жасаушы әулие Спиридонның қасиетті жәдігерлерінің жеткізілуімен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл – ол І Жалпы шіркеулік соборда Құдайдың Үшбірлік болмысын оң қолына қарапайым кірпішті қысып көрсету арқылы танытқан сол қол.
Сол кезде жиналғандардың барлығы ғажайыпқа куә болды: от тұтанып, су ақты, ал әулиенің қолында балшықтың бір бөлігі қалды. Бұл белгі Құдайдың үш Тұлғада бір екендігін көрсетті. Кірпіштің біртұтас болып, үш құрамдас бөліктен тұратыны секілді, Құдай да Үш Тұлғада Бір.
Әулие Спиридон бүкіл әлемде қадір тұтылады. Әулие Патриарх Алексий II: «Әулие Спиридонның бүкіл өмірі сүйіспеншілік істерінен тоқылған», – деген еді.
Бүгін оның қасиетті жәдігерлері алдында осы ұлы ғажайып жасаушы әулиеден қолдау мен шапағат сұрай аламыз. Жаратқан Ие әулие Спиридонның иманмен, тәубемен және сүйіспеншілікпен өзіне жүгінген барлық адам үшін Құдай тағының алдында көтеретін дұға-тілектерін естиді.
Әулие Спиридонның дұғалары арқылы сеніміміз нығая берсін, үмітіміз берік болсын, жүрегімізде Құдайға және жақындарымызға деген сүйіспеншілік оты жана берсін», – деп атап өтті архипастырь.
Қасиетті жәдігердің Қазақстанға әкелінуін ұйымдастырған «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамунға ерекше алғыс айтылды.
Архипастырьлар мен дін қызметкерлері Тримифунт ғажайып жасаушысының қасиетті жәдігерлері алдында құлшылық етті. Осыдан кейін қасиетті жәдігерге тағзым ету басталды.
Түні бойы соборда Тримифунт әулиесі Спиридонға арналған акафистермен бірге құлшылықтар үздіксіз өткізіледі.
Құдайдың ұлы әулиесінің қасиетті жәдігері Петропавл қаласында 30 қыркүйек күнгі түске дейін болады.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр