1 қазан 2026 жыл. Қостанай. Құдайға құлшылық ету Литургиясы аяқталғаннан кейін Астана және Қазақстан митрополит Александр Қостанай қаласындағы Константино-Еленинск кафедралды соборында қаланың Солтүстік-Батыс шағын ауданында бой көтеретін Құдай Анасының «Спорительница хлебов» (нанның молшылығын тілеуші) иконасы құрметіне арналған храмның іргетасын қалау рәсіміне батасын берді.
Болашақ шіркеу құрылысы орнында крест пен құлпытасты қасиетті ету рәсіміне қатысқандар: Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Клавдиан; Элладалық Православие Шіркеуінің Керкира митрополиясы делегациясының өкілдері; Қостанай епархиясының хатшысы иеромонах Геннадий (Бурдюжа); Митрополиттік округ басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин; Алматы және Қостанай епархияларының дін қызметкерлері.
Іс-шараға Қостанай қаласының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Рәсім басталар алдында Митрополиттік округ Басшысы жиналғандарға сөз сөйлеп, диқандардың қамқоршысы болып табылатын Құдай Анасының иконасына арналған жаңа храмды салудың маңыздылығына тоқталды.
«Қостанай облысы – еліміздің астықты өңірі. Мұнда Қазақстанның барлық өңірлері мен басқа да елдерге жеткізілетін астық өсіріледі. Құдайдың жәрдемімен жақын арада Көк Патшайымның даңқты иконасына арналған шіркеудің көкке ұмтылған күмбездерін көреміз деп үміттенемін. Оның қабырғасында еліміздің бірлігі мен бейбітшілігі, Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі халықтар өкілдерінің арасындағы бауырластық пен тату көршіліктің сақталуы, Ұлы даланың ежелгі жеріндегі Православие Шіркеуінің игілігі үшін дұға ететін боламыз. Мешіттердің салынуы мен православие ғибадатханаларының бой көтеруі – егемен Қазақстанның аса маңызды жетістіктері – ұлтаралық бейбітшілік пен этносаралық келісімнің, еліміздің сан ғасырлық тарихы мен бай мәдениетіне деген терең құрметтің айқын көрінісі», – деді митрополит Александр.
Белгіленген дұғалар оқылғаннан кейін іргетасқа арналған тасқа қасиеттелген елей жағылып, крест, құрылыс орны және құлшылыққа қатысушылар қасиетті сумен себілді.
Дін қызметкерлері мен діндарлардың қатысуымен митрополит Александр қол қойған ғибадатхананың негізі қаланғаны туралы грамота оқылды. Металл капсулаға салынған құжат салынып жатқан шіркеу іргетасындағы арнайы орынға орналастырылды.
Құлшылық аяқталғаннан кейін Митрополиттік округ Басшысы жұмыс кеңесін өткізіп, оның барысында ғибадатхананың құрылысына жауапты мамандардың баяндамаларын тыңдап, жұмыстың келесі кезеңдеріне қатысты тиісті тапсырмалар берді.
Жұмыс кездесуі соңында Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы қатысушыларға еңбектері үшін алғысын айтып, Қостанай қаласының православие дінін ұстанушы тұрғындары асыға күтіп отырған ғибадатхананы салу сияқты маңызды әрі жауапты іске Құдайдың жәрдемін тіледі.
Митрополиттік округ Басшысы Құдай Анасының «Спорительница хлебов» (нанның молшылығын тілеуші) иконасына арналған храмның іргетасын қалау рәсімін жасады
Толығырақ
Митрополит Александр Қостанайда Тримифунт әулиесі Спиридонның қасиетті жәдігерлерінің әкелінуіне арналған салтанатты шараларды басқарды
Толығырақ
Тримифунт әулиесі Спиридонның қасиетті жәдігерлері Қостанайға жеткізілді
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр