ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу өмірі
11.10.2026, 10:00

Митрополит Александр Лисья балкада қаза тапқан Шымкенттік жаңа шейіттердің құрметіне салынып жатқан мемориалдық храмды қасиетті ету рәсімін өткізді

Митрополит Александр Лисья балкада қаза тапқан Шымкенттік жаңа шейіттердің құрметіне салынып жатқан мемориалдық храмды қасиетті ету рәсімін өткізді

10 қазан 2026 жыл. Шымкент. Шымкент епархиясына архипастырлық сапармен келген Астана және Қазақстан митрополиті Александр православие дінінің сансыз архипастырлары, пастырлары, монахтары мен миряндары азап шегіп қаза тапқан орны – Лисья балкаға барды.

Митрополит Оңтүстік Қазақстанның астанасына бір күн бұрын Астана және Қазақстан Митрополиттік округіне Православие дінінің ұлы қасиетті жәдігері – Тримифунт епископы, әулие Спиридонның қасиетті жәдігерлерін жеткізген қажылық делегациясын бастап келген болатын.

Құлшылық крестінің алдында Қазақстан Митрополиттік округінің Басшысы, онымен бірге келген иерархтар мен дін қызметкерлері «Құдайдың ақиқаты мен Христос шіркеуі үшін Қазақстан жеріндегі қатал қуғын-сүргін жылдарында азап шеккен, осы жерде жазықсыз азапталып, өлтірілген архипастырлар, пастырлар, монахтар мен миряндар» үшін дұға бағыштады

Марқұм болғандарды еске алу құлшылығынан кейін Митрополиттік округ Басшысы Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің бастамасымен және батасымен салынып жатқан, осы Лисья балкада орналасқан Шымкенттік жаңа шейіттер мен мойындаушылардың құрметіне арналған мемориалдық шіркеуді қасиетті ету рәсімін өткізді.

Бүгінде храмдағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Жоғары білікті мамандардың жетекшілігімен ішкі әрлеу, интерьерді безендіру және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Қасиетті ету рәсімі кезінде митрополит Александрға қызмет еткендер:  Қарағанды және Шахтинск архиепископы Севастиан; Астана епархиясының викарийлері – Митрополиттік округтің іс басқарушысы, Қаскелең епископы Геннадий және Талдықорған епископы Клавдиан; Шымкент және Түркістан епископы Хрисанф; Оңтүстік Қазақстан Шіркеу округінің құрметті өкілі архимандрит Антоний (Соловьев); Алматы және Шымкент епархияларының дін қызметкерлері.

Храмда дұға еткендер:  Эллада Православие Щіркеуінің Керкираюск митрополиясы делегациясының өкілдері; Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамун; Митрополиттік округтің қайырымдылық жасаушылары; Шымкент епархиясы басқармасының қызметкерлері; епархияның православиелік жастар қозғалысының өкілдері; жексенбілік мектептердің тәрбиеленушілері және Шымкент қаласының православиелік тұрғындары.

Мерекелік шараға  қатысқандар: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі дін істері комитетінің төрағасы А.Н. Хатиев; Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы С.А. Құранбек; Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулы Д.А. Тураев; Беларусь Республикасының Оңтүстік астанадағы Бас консулы Д.В. Мелешкин.

Қасиетті ету рәсімі басталар алдында митрополит Александр жиналғандарға құттықтау сөзін арнады.

«Әулиелер қауымында дәріптелетін Құдай бізге қуаныш пен тарихи оқиғаға – Оңтүстік Қазақстан жерінде Шымкенттік жаңа шейіттер соборының құрметіне арналған храмды қасиетті ету рәсіміне қатысу мүмкіндігін сыйлады. Жаңа храм бүкіл әлемге белгілі ерекше жер – Лисья балкада бой көтерді. Бұл жерде сансыз сенушілер – архипастырлар мен пастырлар, монахтар мен миряндар Христос есімі үшін азап шегіп, соңғы тыныштықтарын тапты. Бұл храмның ерекшелігі – оның құрылысын Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл бастамашылық етті. Жоғары Мәртебелі Лисья балканың бар екенін және мұнда болған қайғылы оқиғалар туралы жас кезінде діндар туыстарынан білген.

Жоғары Мәртебелі  Шымкентте мемориалдық шіркеу салу идеясын Қазақстан Республикасының басшылығымен бөлісіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарапынан қолдау тапты.

Осылайша бұл жер жаңа шейіттерді дәріптеп, қатал қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккендердің барлығын дұға арқылы еске алатын ғибадатхана-ескерткішпен көркейе түсті», – деп атап өтті архипастыр.

Жарғыда белгіленген дұғалар оқылғаннан кейін митрополит ғибадатхананың ішкі бөлігін қасиетті сумен бүркіді.

Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы, Русь Православие Шіркеуінің Басшысы Кириллге; Қазақстан Митрополиттік округінің Бсшысы мен архипастырларына; Қазақстан Президенті Қ.-Ж. К. Тоқаевқа; Қазақстанның билігіне, әскеріне және бүкіл халқына ұзақ ғұмыр тіленіп, көпжылдық дұға айтылды.

Митрополиттік округ Басшысы Шымкент епископы Хрисанфты, дін қызметкерлері мен Шымкенттің православиелік қауымын мегаполис пен бүкіл Қазақстанның рухани өміріндегі маңызды оқиға – жаңа храмның қасиетті етілуімен құттықтады.

Одан кейін митрополит Александр шіркеуді салуға дұғасы, құрбандығы немесе жеке еңбегімен үлес қосқан және осы игілікті іске қолдау көрсетіп келе жатқан барлық азаматтарға шынайы алғысын білдірді.

«Қайырымдылық жасаушылар мен храмды көркейтуге үлес қосқан жандарға ризашылығымды білдіргім келеді. Шымкенттік жаңа шейіттер храмның бой көтеруіне өз үлесін қосқан баршаңызға алғыс айтамын.

Жоғары Мәртебелі мына терең мағыналы сөздерін еске салғым келеді: «Ғибадатхана салған адам тарихқа енеді. Тек адамзат тарихына ғана емес. Мұндай адамдардың есімдері Өмір кітабына ерекше жазылады».

Шымкент қаласының билігі де епархияның өтініштеріне қолдау білдіріп, осы игілікті іске жәрдем көрсеткені қуантады. Құдай қаласа, Шіркеу мен қоғамның, мемлекет пен дәстүрлі конфессиялардың ынтымақтастығы тоқтамай, біздің ортақ үйіміз – қасиетті Қазақстанның игілігіне қызмет ете берсін», – деді митрополит.

Содан кейін Митрополиттік округтің іс басқарушысы, Астана епархиясының викарийі, Қаскелең епископы Геннадий Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің Шымкенттік жаңа шейіттер храмының қасиетті етілуіне орай жолдаған құттықтауын оқып берді.

Митрополит Александрды, архипастырларды, дін қызметкерлері мен сенушілерді мемориалдық шіркеудің қасиетті етілуімен Шымкент қаласы әкімінің м.а. С.А. Құранбек құттықтады. Сарсен Абайұлы Қазақстан Президенті Қ.-Ж. К. Тоқаевтың құттықтауын жария етті.

Ресей Федерациясының елшісі А.Н. Бородавкин мен Беларусь Республикасының елшісі А.И. Богдановтың құттықтау хаттарын Ресейдің Алматыдағы Бас консулы Д.А. Тураев пен Беларусьтің Оңтүстік астанадағы Бас консулы Д.В. Мелешкин оқып берді.

Шымкент қаласындағы Рим-католик шіркеуінің діни қызметкері Лоренцо Сеначиоли жиналғандарға Ватикан елшісі, архиепископ Джордж Панамтхундила жолдаған құттықтауды таныстырды.

Шымкент епископы Хрисанфқа митрополит Александр храмның қасиетті етілгені туралы грамотаны және Құдай әулиелерінің қасиетті жәдігерлерінің бөлшектері салынған Қазақстанның жаңа шейіттері мен мойындаушыларының иконасын табыстады.

Қасиетті ету рәсімінің салтанатты бөлігінің соңында Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы мемориалдық храмның құрылысына еңбек сіңірген азаматтарға шіркеулік марапаттар табыс етті.

Шымкент епархиясын басқаратын Шымкент және Түркістан епископы Хрисанф Қазақстан Митрополиттік округінің ең жоғары марапаты – «Алғыс» орденімен марапатталды.

«Ынталы Қызмет Үшін» орденімен «Шын» ЖШС бас директоры В.А. Антоненко, «Рив Авто» ЖШС бас директоры И.В. Родионов, «ПросервисЮг» ЖШС бас директоры И.А. Шапран, «Электрокомплект-1» ЖШС директоры Ю.А. Лукьянов және ғибадатхана құрылысының кураторы О.В. Почивалов марапатталды.

Марапатталғандар атынан митрополит Александрға Шымкент епископы Хрисанф алғысын білдірді.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді