ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу және мемлекет
08.09.2025, 18:00

Митрополит Александр Қазақстан Президентінің ел халқына жыл сайынғы жолдауын жарялау отырысына қатысты

Митрополит Александр Қазақстан Президентінің ел халқына жыл сайынғы жолдауын жарялау отырысына қатысты

8 қыркүйек 2025 жыл. Астана. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент ғимаратында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент жыл сайын Қазақстан халқына елдегі жағдай мен мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдауын арнайды.

Іс-шараға Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр қатысты. Жолдауды жариялауға үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары; Парламент палаталарының депутаттары; республиканың облыстары мен қалаларының әкімдері; шығармашылық интеллигенция; Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы; Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері; жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық және жастар ұйымдарының жетекшілері, ұлттық компаниялардың, дипломатиялық корпустардың, кәсіподақтар федерациясының басшылары қатысты.

«Қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. 

Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді.

Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. 

Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болуда.

Экологиялық және техногендік апаттардың кесірінен түрлі елдердің экономикасы орасан шығынға батуда

Батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырады. Жаһандық деструктивті күштер ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің іргесін шайқауда.

Босқындардың саны көбейіп, көші-қон дағдарысы туындады. Адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы да өршіп тұр.

Бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Тіпті жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды. Геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын аңғартатын басқа да факторлар аз емес. Қысқаша айтсақ, әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады.

Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.

Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.

Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек.

Баршаңызға мәлім, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалды. Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда. Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек.

Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады.

Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.

Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.

Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.

Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.

Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек. Осы орайда, алдымызда тұрған мынадай маңызды міндеттерге тоқталып өткім келеді», - делінген президенттік  жолдауда.

Президенттің сөзін республикалық телеарналар тікелей эфирде көрсетілді.

Қ.-Ж.К.Тоқаев сөз сөйлегеннен кейін митрополит Александр мемлекеттік органдардың өкілдерімен және парламентшілермен сөйлесті.

Материал Akorda.kz ресми порталынан алынған.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді