19 ақпан 2026 жыл. Астана.
Республика астанасында, Ресей Федерациясының Елшілігінде Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Қазақстандағы Ресейдің Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Николаевич Бородавкинмен кездесуі өтті.
Кездесуге елорда приходтарының құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев) қатысты.
Митрополит Александр Алексей Николаевичті қарсы алып, оны жуырда аталып өткен кәсіби мерекесі – Ресейде 10 ақпанда тойланатын Дипломатиялық қызметкер күнімен құттықтады. Сондай-ақ тараптар Масленица аптасына байланысты ізгі тілектерімен алмасты.
Әңгіме барысында митрополит Митрополиялық округ өміріндегі 2026 жылдың басынан бері орын алған негізгі оқиғалар, яғни Қазақстан Православие шіркеуі Синодының отырысы, Алматы қаласында жер сілкінісі мен табиғи апаттардан көктегі жебеуші саналатын Панормский ащап шегушісі Агафииді еске алуға арналған рухани мерекелер, сондай-ақ еліміздің епархияларында көптеген жастардың басын қосқан Православие жастары күні туралы баяндады.
Ресей дипломатиялық миссиясының басшысы биыл Митрополиттік округ атап өтетін маңызды рухани күндер - Алматыдағы Никольский соборының Православие шіркеуіне қайтарылғанына 80 жыл толуы, Алматы әулие-қасиетті азап шегушілер Серафим мен Феогностың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл және Ақсай шатқалындағы Серафим-Феогност ерлер монастырінің құрылғанына 30 жыл толуына дайындық барысы жөнінде хабардар болды
Алексей Николаевич митрополит Александрға Елшіліктің қызметі туралы айтып, соның ішінде Ақтау қаласында Ресейдің Бас консулдығын ашу жұмыстарының аяқталу кезеңін атап өтті.
Сондай-ақ Елші 2026 жылы Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалық етуіне байланысты мамыр айының соңында Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтетінін, оған Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары, соның ішінде Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин қатысатынын хабарлады. Жоғары деңгейдегі өзара сапарлар тәжірибеге айналғаны, қазіргі уақытта олардың мерзімдері келісіліп, келіссөздердің мазмұндық бөлігі пысықталып жатқаны айтылды.
Тараптар Қазақстан Республикасына Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жеке шақыруымен келетін Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы мемлекетаралық қатынастар тарихындағы маңызды оқиға болатынына және ынтымақтастықтың серпінді дамуына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының белсенді сыртқы саясат жүргізіп отырғаны, халықаралық аренада беделінің жоғары екені, Ресеймен одақтастық байланыстарды қолдайтыны атап өтілді. Президент Қ.-Ж.К. Тоқаевтың басшылығымен халықаралық қатынастарда көпвекторлы бағыт жүзеге асырылып, барлық мемлекеттермен жан-жақты әрі прагматикалық байланыстар дамытылып жатқаны айтылды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелері жөнінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған референдумның маңыздылығын атап өтті.
Тараптар саясат, экономика, білім беру, ғылым, мәдениет және өнер салаларындағы ресейлік-қазақстандық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен бірге қоғам өміріндегі дәстүрлі діндердің рөлі, адамгершілік құндылықтарды сақтау, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері қозғалды.
Кездесу өзара түсіністік пен достық жағдайда өтті.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр