ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу және мемлекет
27.02.2026, 09:00

Қазақстан Православие Шіркеуі Басшысының Алматы қаласының әкімі Д.А. Сатыбалдымен кездесуі өтті

Қазақстан Православие Шіркеуі Басшысының Алматы қаласының әкімі Д.А. Сатыбалдымен кездесуі өтті

26 ақпан 2026 жыл. Алматы.

Қалалық әкімдікте Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Оңтүстік астананың әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдымен кездесуі өтті.

Атқарушы билік басшысы мен архипастырь Оңтүстік астананың өміріндегі өзекті оқиғаларды талқылады. Атап айтқанда, жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша алдағы республикалық референдумның маңыздылығы сөз болды. Әкімнің айтуынша, «жаңа Конституция жобасы егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті дамытуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған».

Дархан Амангелдіұлы митрополит Александрға Қазақстан Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың қабылдауында болғаны туралы және Алматыны одан әрі дамыту жөнінде берілген нақты тапсырмалар жайында ақпарат берді. Атқарушы билік басшысы Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың қатарында экономиканы әртараптандыру, экологиялық жағдайды жақсарту, тұрақты көлік және туристік инфрақұрылымды дамыту, жайлы қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бар екенін атап өтті.

Кездесуде Алматы әкімі мегаполистің мәдени-туристік кластерін дамыту, сондай-ақ діни нысандарды танымал туристік маршруттар бағдарламаларына енгізу мәселелері туралы айтты. Дархан Амангелдіұлы атап өткендей, мегаполистің экономикалық дамуы оның туристік тартымдылығының артуымен тығыз байланысты. Осы мақсатта жыл сайын Алматыда зерттеулер жүргізіліп, туристердің әлеуметтік-демографиялық сипаттамалары, сапар мақсаттары мен болу ұзақтығы зерделенеді.

Митрополит Александр Д.А. Сатыбалдыға Алматы епархиясының өмірі туралы айтып, приходтар мен дін қызметкерлерінің санына қатысты статистикалық мәліметтер келтірді, Алматы православиелік рухани семинариясының қызметі туралы хабарлап, ағартушылық, мәдени, жастар және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.

Әмірші митрополит 2017–2020 жылдары жүргізілген Алматының басты ғибадатханасы – Вознесенский кафедралды соборының ауқымды кәсіби қалацна келтіру туралы толықтай баяндады. Барлық жұмыстар Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен ЮНЕСКО-ның бақылауымен, Қазақстан, Ресей, Сербия, Италия, Германия және Франция елдерінен шақырылған жоғары деңгейдегі мамандардың қатысуымен жүзеге асырылғаны атап өтілді. Иерарх мемлекет басшысы Қ.-Ж.К. Тоқаевтың соборға сапары барысында бұл ауқымды жобаны «жалпықазақстандық қасиетті нысанның екінші тынысы» деп атағанын еске салды.

Митрополит Александр қазіргі уақытта ғибадатхананы көркейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ойылған алтын жалатылған киоттар жасалып, сапалы шіркеулік бұйымдар сатып алынып, жаңа белгішелер жазылып жатқанын хабарлады.

Ортақ пікір бойынша, Президенттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі нысандары тізіміне енген Вознесенский кафедралды соборы көптеген қажылар мен туристерді тартатын орын болып табылады. Оңтүстік астананың рухани жауһарының тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігімен мемлекет басшылары мен дипломатиялық миссия жетекшілері, корольдік әулеттер мүшелері, министрлер, әлемдік діндер көшбасшылары және көрнекті ғалымдар тұрақты түрде танысады.

Иерарх Д.А. Сатыбалдыға ғибадатхана маңындағы аумақ пен собор үйін абаттандыруға қатысты сенушілердің өтініштері мен тілектерін жеткізді.

Кездесу барысында өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелер қаралды. Қалалық әкімдік пен Алматы епархиясының қала тұрғындарының рухани-адамгершілік негіздерін нығайту, мәдени және тарихи мұраны сақтау ісіндегі ынтымақтастығы талқыланды.

Атқарушы билік пен республиканың дәстүрлі жетекші конфессиялары – Ханафи мәзһабындағы ислам мен Православиелік христиандық арасындағы сындарлы диалог мегаполистегі конфессияаралық татулық пен ұлтаралық келісімді сақтаудың басты шарты болып қала беретіні атап өтілді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды факторларының бірі болып табылады.

Кездесу соңында Митрополиттік округ басшысы әкімге Қазақстандағы Православие туралы кітаптарды сыйға тартты. Сыйға берілген басылымдардың қатарында Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборы мен оның ғылыми қалпына келтіруіне арналған иллюстрацияланған альбом бар.

Жылы әрі достық жағдайда өткен жүздесу соңында митрополит Александр мен Дархан Амангелдіұлы бір-біріне зор денсаулық және еңбектеріне табыс тіледі.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді