Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ. Балаева Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиттік округінің митрополиті Александрды және елдегі православие дінін ұстанушыларды Пасха мерекесімен құттықтады.
Құттықтау хатында былай делінген:
Аса қүрметті Жоғары мәртебелі!
Сізді Христостың Жарқын Қайта тірілуі – Қасиетті Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке терең рухани мәнге ие, өмірдің салтанаты мен рухани жаңаруды бейнелейді. Пасха адамдардың жүрегіне үміт пен ізгілікке ұмтылыс ұялатып, жасампаздыққа жігерлендіреді, адамның ең асыл қасиеттерін оятады. Ол мейірім, сүйіспеншілік пен жақынға құрмет секілді мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптейді.
Көне мереке қоғамның адамгершілік негіздерін нығайтуға, отбасылық дәстүрлерді сақтауға, конфессияаралық диалогты дамытуға, сондай-ақ өзара түсіністік, келісім мен төзімділік қағидаттарын орнықтыруға ықпал етеді.
Қазіргі жағдайда бірлік, бейбітшілік және өзара қолдау айрықша маңызға ие. Қоғамдық келісімді, мәдени және рухани әралуандықты сақтау – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің маңызды шарты.
Біздің бірлескен қызметіміз бұдан әрі де барлық халықтар мен дін өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қызмет етеді деп сенемін.
Пасха мерекесінің шуағы әр шаңыраққа жылу, қуаныш пен береке әкеліп, әр отбасына татулық пен келісім сыйласын, болашаққа деген сенімді нығайтсын. Сізге зор денсаулық, күш-қуат және барлық игі бастамаларыңызға табыс тілеймін!
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр