ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу және мемлекет
22.05.2026, 17:00

Қазақстан Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаев О.Н. Овчинниковке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» белгісін табыс етті

Қазақстан Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаев О.Н. Овчинниковке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» белгісін табыс етті

21 мамыр 2026 жыл. Астана. Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Православие шіркеуінің хатшысы, Митрополиттік округ хорының регенті, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы жанындағы орыс шіркеулік ән өнерін дамыту жөніндегі Шіркеу-қоғамдық кеңестің мүшесі Олег Николаевич Овчинниковке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын табыс етті.

Салтанатты рәсімге қатысқандар: Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Роман Васильевич Скляр, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Карин, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева.

Президент салтанатты іс-шараға қатысушыларды мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтап: «Бұл мерекенің еліміз үшін маңызы ерекше. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен руханиятының негізі екенін бәріміз жақсы білеміз. Өзінің мәдени және рухани мұрасын сақтай алған мемлекет қашанда зор беделге ие болады. Сіздер осы асыл мақсат жолында аянбай еңбек етіп келесіздер, қоғам бұл еңбекті жоғары бағалайды. Кәсіби мерекелеріңіз күні еліміздің мәдениет және өнер саласының барлық қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін! Халқымыз өнердің рухани құндылығын терең сезінеді және дарынды жандарды әрдайым ерекше құрметтейді. Біз қашанда бірегей талант иелеріне лайықты құрмет көрсетеміз. «Өнердің өрісі кең» («У искусства широкие горизонты») деген даналықты ұстанған халқымыз сіздерді әрдайым ардақтап келеді. Бүгінгі кездесу – соның жарқын дәлелі. Руханияты бай елдің азаматтарының ой-өрісі озық, ал болашағы жарқын болары сөзсіз», – деп атап өтті.

Сөз соңында Президент отандық мәдениетті дамытуға және халқымыздың рухани дүниетанымын байытуға бағытталған жасампаз еңбегі үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маэстроға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» белгісі мен куәлігін табыс етті.

Президент Жарлығында О.Н. Овчинниковке құрметті атақ «мәдениет саласындағы айрықша жетістіктері және Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін» берілгені атап көрсетілген.

Олег Николаевич мемлекет басшысына алғыс сөзін арнады: «Маған “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” жоғары атағын бергеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Мемлекеттік биліктің бұл ерекше ықыласын тек өзіме ғана қатысты деп қабылдамаймын. Мұны мәдениет пен өнер саласында туған еліміздің игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген православ қазақстандықтардың еңбегіне берілген жоғары баға деп санаймын. Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен өнерге адал, дарынды жандар қызмет атқаратын Митрополиттік хормен бірге біз алдағы уақытта да шіркеулік және классикалық музыка арқылы мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттап, елдер мен халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытып, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту жолында, ортақ Отанымыз – қасиетті Қазақстанның игілігі үшін еңбек ете береміз».

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы марапаттау рәсімінен кейін болған телефон арқылы әңгімеде О.Н. Овчинниковті жоғары мемлекеттік атақпен құттықтады:

«Иеміздің Көкке көтерілуі мерекесі күні еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сізге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын беріп, мәдениет саласындағы айрықша жетістіктеріңіз бен Республика алдындағы ерекше еңбектеріңізді жоғары бағалады. Сіз көптеген жылдар бойы музыкалық-хор мәдениеті саласында Құдайға және адамдарға қызмет етіп келесіз, оның ішінде он алты жылдан бері Қазақстан Митрополиттік округі хорының регенті болып еңбек атқарып жүрсіз. Сіздің қызметіңіз Қазақстан Республикасында мәдениет пен өнердің дамуы үшін аса маңызды. Митрополиттік округ хорын басқара отырып, Сіз шіркеулік музыкалық дәстүрлердің әсемдігі мен ұлылығын танытып қана қоймай, мәдени диалогтың дамуына және елдер мен халықтар арасындағы рухани байланыстардың нығаюына да үлес қосып келесіз. Сіз классикалық хор музыкасын қадірлейтін көптеген тыңдармандардың құрметі мен ықыласына ие болдыңыз. XIX-XX ғасырлардағы көрнекті композиторлардың шіркеулік шығармаларымен жүргізген еңбегіңіздің арқасында Қазақстанның, Ресейдің, ТМД елдерінің және алыс шетелдердің көптеген қалаларындағы жұртшылық рухани музыка жауһарларымен қауышуға мүмкіндік алды. Қол жеткізген жетістіктеріңізбен тоқтап қалмай, шығармашылық ізденісті жалғастырып, түрлі музыкалық жобаларға қатысып, рухани және зайырлы ән өнерінің үздік үлгілері жазылған альбомдар шығарып жүргеніңіз қуантады. Сізді «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының берілуімен құттықтай отырып, Сіз жетекшілік ететін хор ұжымы осы көне, қасиетті жерде бұдан былай да «Киелі Рухтағы бейбітшілік пен қуанышты» (Рим. 14:17) паш ете беруін тілеймін. Еліміздің кең байтақ жерінде жарқырап танылған жаңа азап шегушілер мен діндарлардың дұғаларымен Жаратқан Ие Сізге шығармашылық ұзақ ғұмыр, тыныштық пен амандық сыйлап, шіркеулік және классикалық музыка өнері саласында Құдай мен адамдарға әлі талай жыл қызмет етуге нәсіп етсін».

Қазақстан Республикасының «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы негізінде белгіленген. Бұл атақ Республика алдындағы зор еңбегі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік сала өкілдеріне беріледі.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді