24 мамыр 2026 жыл. Талдықорған. Иоанн-Богослов храмында өткен Құдайлық Литургиядан кейін храм жанындағы рухани-мәдени орталықта Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Жетісу облысы әкімінің орынбасары Д.Р. Есдәулетовпен кездесуі өтті.
Кездесуге қатысқандар: Православие Шіркеуі тарапынан - Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Клавдиан; «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамун; Митрополиттік округ басшысының хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек); митрополит хатшылығының жетекшісі иеромонах Прохор (Ендовицкий); Митрополиттік округ басшысы әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; Алматы қаласындағы қасиетті азапкерлер және ақысыз емдеушілер Косма мен Дамиан храмының басшысы иерей Андрей Шкляр қатысты. Зайырлы билік тарапынан Жетісу облысы Дін істері басқармасының басшысы С.А. Жанабай қатысты.
Амандасудан кейін облыс әкімінің орынбасары митрополит Александрға сапары үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына өңірдің рухани өміріне көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді.
Диас Рахметұлы Митрополиттік округ Басшысына өңірдің тыныс-тіршілігі мен еліміздің Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың 2022 жылғы 8 маусымдағы Жарлығымен құрылған Республикадағы ең жас облыстардың бірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Кездесу барысында бүкіл Қазақстанның және жекелеген өңірлердің саяси әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ қазақстандық қоғам өмірінің түрлі салаларын жетілдіру міндеттерінің табысты жүзеге асырылуы елдегі бейбітшілік, татулық, конфессияаралық және ұлтаралық келісімді сақтауға тікелей байланысты екені атап өтілді.
Кездесудің жеке тақырыптарының бірі Жетісу облысы әкімдігі мен Талдықорған викариатстығы арасындағы өңірдегі рухани-адамгершілік ахуалды жақсарту және тарихи-мәдени мұраны сақтау салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері болды.
Ізгі ниет жағдайында өткен кездесудің соңында митрополит Александр мен Д.Р. Есдәулетов бір-біріне денсаулық пен еңбектеріне табыс тіледі.
Жетісу облысы әкімінің орынбасарымен кездесуден кейін Митрополиттік округтің Басшысы Құдай Анасының Рождествосы құрметіне салынып жатқан кафедралды соборға барып, «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамунмен және құрылысқа жауапты мамандармен бірге жұмыс кеңесін өткізді.
Епископ Клавдиан архипастырь мен В.М. Капсамунға Талдықорған викариатстығының болашақ басты храмы мен сәулет кешеніне кіретін рухани-мәдени орталықтың құрылысы барысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта шатыр жабыны мен шағын күмбездерді орнату жұмыстары аяқталды. Астана епархиясының викарийінің айтуынша, жаз мезгілінде негізгі күмбезді орнату, собордың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ аумақты абаттандыру жоспарланып отыр.
Жоғары Мәртебелі архипастырь құрылыстың алдағы кезеңдеріне қатысты бірқатар ұсыныстар айтып, храм кешенінің салынуына атсалысып жатқан жандардың барлығына алғыс білдірді және Қасиетті Шіркеудің игілігі жолындағы еңбектеріне Құдайдың көмегін тіледі.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр