2026 жылғы 29 шілде. Астана. Қасиетті Сергий Радонежскийдің құрметіне арналған храмда Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Орыс Православие Шіркеуі Қасиетті Синодының тұрақты мүшесі, Астана және Қазақстан митрополиті Александрды II дәрежелі «Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапаттау рәсімі өтті.
Жоғары мемлекеттік награданы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің тапсырмасы бойынша митрополит Александрға Ресейдің вице-премьері Дмитрий Николаевич Чернышенко табыс етті.
Президент Жарлығында (2026 жылғы 13 шілдедегі №488) архипастырьдің жоғары ресейлік мемлекеттік наградаға «рухани-адамгершілік дәстүрлерді сақтауға және дамытуға қосқан үлесі, көпжылдық қайырымдылық және қоғамдық қызметі үшін» лайық деп танылғаны атап көрсетілген.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге, екі еліміздің жастарымен жүргізіп отырған жұмысыңызға сіңірген еңбегіңізді мойындаудың белгісі ретінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің тапсырмасымен Сізге осы ең жоғары мемлекеттік награданы табыс ету – мен үшін үлкен мәртебе. Өйткені жастар – біздің болашағымыз. Аз ғана уақыт бұрын осы жерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралап көруге мүмкіндік болды. Біз дәл қазір Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Әулие Кирилл қасиеттеп берген храмдамыз. Бұл жоба Әулие Патриархтың батасымен және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылуда. Қазақстан билігіне зор алғысымды білдіремін. Ресей Федерациясының Үкіметі де бұл іске атсалысып, бірлесіп еңбек етуде. Ортақ жобаға қайырымды жандардың да үлес қосып отырғанына қуаныштымыз. Сондықтан дұғаларыңызға, жанкешті еңбегіңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Бұны Астана тұрғындары да бағалайтынына сенімдімін», – деді Д.Н. Чернышенко.
Вице-премьер жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін Астана қаласының әкімдігіне алғысын білдіріп, шіркеулік-сәулет кешенінің айналасында бейбітшілік, ізгілік, әділдік пен сенімнің ерекше мекені қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
Өзінің жауап сөзінде митрополит Александр былай деді: «Құрметті Дмитрий Николаевич, Ресей Федерациясының басшысы, аса құрметті Владимир Владимирович Путинге маған осындай жоғары мемлекеттік награда беру жөнінде шешім қабылдағаны үшін зор алғысымды жеткізуіңізді өтінемін. Бұл марапатқа ұсынуды біздің Шіркеудің Басшысы – Мәскеу және бүкіл Русьтің Әулие Патриархы Кирилл бастама етті. Мен оған шексіз ризамын. Дәл оның қасиетті батасының арқасында жаңадан бой көтерген осы Қасиетті Сергий Радонежский атындағы храм рухани өмірге ие болды. Сондай-ақ осы жерде православие храмын салуға, тіпті храм ғана емес, Ресей мен Қазақстан арасындағы ұлы достықтың айғағына айналатын үлкен рухани-мәдени орталық тұрғызуға қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Президенті, аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа да алғысымды білдіремін».
«Біздің Православие Шіркеуі әрдайым және барлық жерде Мәсіх Құтқарушының өсиеттеріне сай бейбітшілік пен татулықты уағыздайды. Елімізде конфессияаралық және ұлтаралық үнқатысуды дамыту жолындағы қамқорлықтың православие христиандары мен республиканың жетекші конфессиясының өкілдері – ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандардың бірлескен еңбегі арқылы жүзеге асырылып отырғаны өте маңызды. Мен де осы игілікті іске шамам келгенше үлес қосып жүргеніме қуаныштымын. Құрметті Дмитрий Николаевич, мемлекет басшысы, аса құрметті Владимир Владимирович Путиннің тапсырмасын орындағаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Ұлы Ресей мен Иеміз маған он жеті жылға жуық уақыт бойы қызмет етуді нәсіп еткен, халқына қызмет етіп, екі мемлекет арасындағы бауырластық байланыстарды нығайту жолында еңбек етуге мүмкіндік берген қасиетті Қазақстанның үстінен Құдайдың рақымы әрдайым төгіліп тұрсын»,- деп түйіндеді архипастыр сөзін.
Марапаттау рәсіміне қатысқандар: Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Н. Бородавкин, Ватиканның Қазақстандағы Елшісі архиепископ Джордж Панамтхундил, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат вице-министрі Р. Әли, Астана қаласы әкімінің орынбасары Т.А. Рахманберді, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасы орынбасары хатшылығы басшысының орынбасары Н.В. Паршикова.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Митрополиттік округінің рухани-мәдени және ағартушылық орталығының құрылысына қолдау көрсетіп жүрген қайырымды жандар – У.Н. Кремлев, Г.П. Морозов және Т.Р. Турлов та келді.
Православие Шіркеуі тарапынан мерекелік іс-шараға қатысқандар: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; Астана приходтарының құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев); Смоленск епархиясының діни білім беру және катехизация бөліміне жетекшілік ететін протоиерей Василий Мовчанюк; Алматы Православие рухани семинариясының ректоры, Қазақстан Митрополиттік округінің ақпараттық-баспа бөлімінің жетекшісі протоиерей Евгений Иванов; Алматы рухани семинариясының проректоры, теология ғылымдарының кандидаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор игумен Агафангел (Гагуа); Астанадағы Қасиетті Константино-Еленинск кафедралды соборының кілтшісі протоиерей Сергий Калиев; Митрополиттік округ Басшысы әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; Қасиетті Сергий Радонежский атындағы храмның кілтшісі иерей Сергий Дианов; митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин; протодиакон Сергий Куликов және Астана благочиниесінің дін қызметкерлері.
Материал Ресей Үкіметінің ресми порталының ақпараты негізінде дайындалды.
Қостанай епархиясында «Тимонов оқулары» атты V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
Толығырақ
Серафимо-Феогностов атындағы ерлер монастырінде Алматының қасиетті шейіттері Серафим мен Феогносттың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл толуына орай рухани салтанатты шаралар өтті
Толығырақ
Серафимо-Феогностов атындағы ерлер монастырінде көктегі қамқоршыларының қасиетті жәдігерлеріне арналған жаңадан жасалған рака орнатылды
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр