14 тамыз 2026 жыл. Семей. Облыс әкімдігінде Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Абай облысының әкімі Б.У. Уәлимен кездесуі өтті.
Кездесуге қатысқандар: Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий, Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников, Семей қаласындағы Воскресенский кафедралды соборының басқарушысы, митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин, Өскемен епархиясының хатшысы диакон Илья Кван; мемлекеттік органдар тарапынан облыс әкімінің орынбасары М.А. Раханов және облыстық дін істері басқармасының міндетін атқарушы басшысы Н.М. Кобжасаров қатысты.
Жылы жүздесіп, өзара сәлемдескеннен кейін өңірдің атқарушы билігінің басшысы Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысына еліміздегі ең жас облыстардың бірі — Абай облысының тыныс-тіршілігі туралы ақпарат берді. Абай облысы 2022 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың Жарлығына сәйкес құрылып, 1997 жылға дейін бұрынғы Семей облысының құрамында болған аумақтарды біріктірді.
Берік Уәли жаңа облыстың құрылуы ел басшылығының өңірді басқару сапасын арттыруға және оның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды бастамасы екенін атап өтті.
Облыс әкімі митрополит Александрға өзінің өмір жолы, Қазақстанның «Таң», «НТК», «31 канал» телеарналарындағы қызметі, «Хабар» агенттігі» басқарма төрағасы және Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметтеріндегі жұмысы туралы айтып берді.
Тараптар өңірдегі діни ахуалды, сондай-ақ қоғамның рухани-адамгершілік жағдайын жақсарту, конфессияаралық бейбітшілік пен дінаралық келісімді нығайту ісінде мемлекеттік органдар мен Өскемен және Семей епархиясының өзара іс-қимылын талқылады.
Кездесу барысында Қазақстан үшін тарихи маңызы бар оқиғаға — 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жөніндегі жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссияларының қызметі де талқыланды.
Митрополит Александр Б.У. Уәлиге Қазақстан Митрополиттік округінің өмірі туралы айтып берді. Биыл округ үшін бірнеше маңызды тарихи дата аталып өтуде. Олардың қатарында елдің көктегі қамқоршылары — Алматылық әулие шейіттер Серафим мен Феогностың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл және екінші кафедралды қаласы Семей болып табылатын Өскемен епархиясының құрылғанына 15 жыл толуы бар.
Әңгімелесушілер зайырлы билік органдарының қолдауымен діни ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің бірлескен күш-жігері арқылы түрлі мәдени-ағартушылық іс-шараларды — концерттер, көрмелер, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдерді өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі облыстың тарихи және мәдени мұрасын сақтау мәселесі болды. Оның аса маңызды ескерткіштерінің бірі — Семей қаласындағы Воскресенский кафедралды соборы.
Кездесу соңында митрополит Александр мен Берік Уәли естелік сыйлықтар табыстап, бір-біріне зор денсаулық және еңбектеріне табыс тіледі.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр