15 тамыз 2026 жыл. Павлодар. Астана және Қазақстан митрополиті Александр Павлодар облысының әкімдігінде болып, Павлодар облысының әкімі Асаин Қуандыұлы Байхановпен кездесті.
Кездесуге қатысқандар: Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий, Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников, Павлодар епархиясының хатшысы протоиерей Алексий Степанов, митрополиттің хаттама қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин, митрополиттің көмекшісі И.Е. Яценко қатысты. Ал мемлекеттік билік тарапынан Павлодар облысы әкімінің орынбасары А.К. Маликова, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы А.С. Сейдуманов, Павлодар облысының дін істері басқармасының басшысы Н.Ж. Байбақиров, облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы И.П. Назарчук.
Өңір басшысы митрополит Александрға Павлодар облысына келгені және Павлодар Ертіс өңірінің рухани өміріне қатысты мәселелерге көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді.
Асаин Қуандыұлы митрополит Александрға өңірдің тыныс-тіршілігі туралы айтып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларындағы статистикалық мәліметтерді келтірді. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Павлодар облысы Қазақстанның өнеркәсіптік өнімінің 7%-ын өндіреді, еліміздегі алюминий өндірісінің 100%-ын, көмірдің 60%-ын, ферроқорытпалардың 58%-ын және электр энергиясының 40%-ын қамтамасыз етеді. Осылайша, өңір Қазақстан Республикасының ірі индустриялық орталықтарының бірі мәртебесін сақтап отыр.
Өз кезегінде иерарх Қазақстанның түрлі облыстарына жасаған сапарлары, өңір басшыларымен және қоғам өкілдерімен кездесулері туралы әкімге айтып берді. Митрополит Алматы облысында өткен, Қазақстан Митрополиттік округінің барлық епархияларынан келген делегаттар, епархиялық және приходтық жастар қозғалыстарының жетекшілері мен мүшелері, жастар және ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыруға жауапты мамандар, қоғамдық, діни және әлеуметтік мәселелер жөніндегі сарапшылар, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген қонақтарды қоса алғанда, 500-ден астам адам қатысқан «Аспан. Адам. Дала» православ жастарының Еуразиялық форумының жоғары деңгейде өткендігімен бөлісті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын алдағы сайлау мәселелері талқыланды. Жалпыхалықтық дауыс беру конституциялық өзгерістерді өкілді саясат тәжірибесіне енгізуге және азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Кездесуге қатысушылар зайырлы билік пен Республикадағы дәстүрлі конфессиялар көшбасшылары арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың еліміздің жетекші діни бірлестіктері – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан Митрополиялық округімен қарым-қатынасын одан әрі дамыту қажеттігі айтылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.Қ. Тоқаев жүзеге асырып отырған Қазақстан қоғамын жаңғырту саясаты әлеуметтік және экономикалық реформаларды ғана емес, көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқының рухани және мәдени негіздерін нығайтуды да көздейтіні атап өтілді.
Кездесуде өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Облыс әкімдігі мен Павлодар епархиясының өңірдің тарихи және мәдени мұрасын сақтау, халық өміріндегі дәстүрлі рухани және адамгершілік құндылықтарды орнықтыру, сондай-ақ экстремизмнің алдын алу мәселелеріндегі өзара іс-қимылы туралы сөз болды.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр