ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Шіркеу және мемлекет
08.10.2026, 17:00

Митрополит Александр мен Керкира митрополиясының делегациясы Павлодар облысының әкімі А.К. Байхановпен кездесті

Митрополит Александр мен Керкира митрополиясының делегациясы Павлодар облысының әкімі А.К. Байхановпен кездесті

8 қазан 2026 жыл. Павлодар. Облыс әкімдігінің ғимаратында Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың өңір басшысы Асаин Қуандыкович Байхановпен кездесуі өтті.

Кездесуге қатысқандар: Православие Шіркеуі тарапынан Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; Ақтөбе және Қызылорда епископы Игнатий; Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Клавдиан; Павлодар епархиясының хатшысы, Павлодар шіркеу округінің благочинныйы протоиерей Алексий Степанов; Митрополиттік округ Басшысының әкімшілік хатшылығының жетекшісі иерей Георгий Сидоров; митрополиттің протокол қызметінің жетекшісі протодиакон Роман Головин; «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамун; Элладаның Православие Шіркеуінің Керкира митрополиясы делегациясының өкілдері – протопресвитер Эвангелос Кутрас, протопресвитер Фома Костамонитис, Павел Спиридонис және Спиридон Агафос. Зайырлы билік тарапынан кездесуге Павлодар облысы әкімінің орынбасары А.К. Маликова және облыстық мәслихат төрағасының м.а. И.П. Назарчук қатысты.

Павлодар облысының әкімі митрополит Александрды және Элладаның Православие Шіркеуінің өкілдерін жылы қарсы алып, Митрополиттік округ Басшысына және грек дін қызметкерлеріне Ертіс өңірінің орталығына христиан әлеміне кеңінен танымал қасиетті жәдігер – Тримифунт әулиесі Спиридонның қасиетті жәдігерлерін әкелу бастамасы мен оны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Асаин Қуандыкович қонақтарға өңірдің тыныс-тіршілігі туралы айтып, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы статистикалық мәліметтерді келтірді. Атап айтқанда, өңір басшысы ауыл шаруашылығы науқанының жоғары қарқынмен өтіп жатқанын атап өтіп, оның барысында диқандар 700 мың тоннадан астам астық жинағанын айтты. Әкім кездесуге қатысушыларға ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңартылуы және суармалы егіншіліктің дамуы туралы да мәлімет берді.

Өңір басшысы Павлодарда өткен «Ертіс – достық өзені, даму өзені» халықаралық форумында талқыланған Ертіс өзені бойынша кеме қатынасын қалпына келтіру перспективалары туралы да хабардар етті. А.К. Байханов бұл бағыттың көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту және Қазақстан мен көршілес мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін маңыздылығын атап өтті.

Митрополиттік округ Басшысы Павлодар облысының әкіміне Тримифунт иерархының қасиетті жәдігерлерінің Қазақстанның түрлі қалаларына сапары туралы айтып берді. Митрополит Александрдың айтуынша, қасиетті жәдігердің еліміздің көптеген діндарлары үшін әкелінуі – бүкіл христиан әлемі қастерлейтін ұлы Құдайдың құлының шірімеген оң қолына тағзым етуге берілген бірегей мүмкіндік.

Кездесу барысында грек дін қызметкерлері Қазақстанда түрлі этнос пен діни көзқарас өкілдері арасындағы достық пен өзара түсіністіктің ерекше ахуалы айқын сезілетінін атап өтті. Бұл мешіттер мен православие шіркеулерінің көршілес орналасуынан ғана емес, күнделікті адами қарым-қатынастан да көрінеді. Кездесуге қатысушылардың ортақ пікірінше, Қазақстанға тән тату көршілік, бейбітшілік пен келісімнің бірегей ортасы, Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. К. Тоқаевтың саясаты арқылы орнығып отырған бұл құндылықтар бүгінде көпконфессиялы және көпэтносты халқы бар көптеген елдер үшін үлгі бола алады.

Кездесу барысында өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Облыс әкімдігі мен Павлодар епархиясының өңірдің тарихи және мәдени мұрасын сақтау, халық өміріндегі дәстүрлі рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайту, сондай-ақ экстремизмнің алдын алу бағыттарындағы өзара ынтымақтастығы туралы сөз болды.

Достық жағдайда өткен кездесудің соңында Митрополиттік округ Басшысы Павлодар облысының әкіміне Қазақстан Православие Шіркеуінің 2027 жылға арналған күнтізбесін және 2012 жылы Тримифунт әулиесі Спиридонның қасиетті жәдігерлерінің Митрополиттік округ аумағына әкелінуіне орай жарық көрген фотоальбомды табыс етті.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді