ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Әлеуметтік қызмет
01.06.2026, 12:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараға қатысты

Қазақстан Православие Шіркеуінің өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараға қатысты

30 мамыр 2026 жыл. Алматы облысы. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Алматы қаласының дәстүрлі діндер көшбасшылары клубының мүшелері «Жаңалық» тарихи-мемориалдық кешеніне барды.

Бұл жерде 1930–1950 жылдары ІІХК полигоны орналасқан болатын. Мұнда саяси тұтқындар мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар атылып, жерленген. «Жаңалық» – Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ең ірі жаппай жерленген орындарының бірі. Мұнда 4 мыңнан астам адам жерленген, олардың арасында көптеген православие дін қызметкерлері, монашестводағылар және қарапайым діндарлар бар.

Осы полигонда Орыс Православие Шіркеуінің жаңа азап шегушілері ретінде дәріптелгендер де атылып, жерленген. Олардың қатарында Қырым епископы қасиетті азап шегуші Порфирий (Гулевич), Екатеринослав епископы қасиетті азап шегуші Макарий (Кармазин), Ақсай скитінің иеромонахы қасиетті азап шегуші Пахомий (Русин), Қаскелең қаласының дін қызметкері қасиетті азап шегуші Симеон Афонькин, Талдықорған қаласының дін қызметкері қасиетті азап шегуші Сергий Бредников, Мәскеу қаласының дін қызметкері қасиетті азап шегуші Иоанн Честнов, Новосібір қаласының дін қызметкері қасиетті азап шегуші Илия Березовский, Есік қаласының дін қызметкері қасиетті азап шегуші Роман Марченко және Валаам монастырының иеромонахы қасиетті азап шегуші Галактион (Новиков) бар.

Жаңалықта жерленген белгілі дін қызметкерлерінің қатарында болғандар:  бұрынғы Түркістан архиепископы Иннокентий (Пустынский), Алматы епископы Тихон (Шарапов), архимандрит Арсений (Корди), Александр-Невский Лаврасының архимандриті Павлин (Гончаров), архимандрит Аркадий (Перепечко), Санкт-Петербург қаласындағы Воскресение соборының бұрынғы кілтшісі протоиерей Никифор Стрельников және Верный қаласындағы Вознесенск кафедралды соборының бұрынғы басшысы протоиерей Матфей Шевченко.

Еске алу шарасы аясында мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, жаппай қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз зардап шеккен жандардың рухына арналған музей кешені араланды.

Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен Қазақстан Православие Шіркеуінің атынан іс-шараға Қазақстан Митрополиттік округінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысының орынбасары иеромонах Димитрий (Байдек) және бөлім қызметкері диакон Виталий Быструшкин қатысты.

Іс-шараның маңызын арттыра түскен жайт – сапардың Қасиетті Үштік мейрамы алдындағы ата-аналар сенбісінде өтуі болды. Бұл күн – Православие Шіркеуіндегі марқұмдарды жалпы шіркеулік еске алудың маңызды күндерінің бірі. Осы күні Шіркеу қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз қаза тапқан және зардап шеккен жандарды да еске алып, олардың рухтарының тыныштығы үшін дұға етеді.

Іс-шараға қатысушылар өткен тарихтың қайғылы беттерін ұмытпай сақтау маңызды екенін атап өтті. Мұндай естелік қазіргі қоғамға адам өмірінің құндылығын, ар-намыс пен ар-ождан бостандығын, сондай-ақ әртүрлі көзқарастар мен дәстүр өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруінің маңызын еске салады.

Алматы қаласының дәстүрлі діндер көшбасшылары клубы көптеген жылдар бойы конфессияаралық диалогты дамытуға, бірлескен қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамдағы бейбітшілік пен келісім ахуалын нығайтуға қызмет етіп келеді.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді