14 шілде 2026 жыл. Алматы. Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы, Орыс Православие Шіркеуінің Басшысы Қасиетті Патриарх Кириллдің батасымен «Бағанашыл» спорт кешенінің аумағында жастар арасындағы халықаралық волейбол турнирінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Православие Шіркеуі мен «Eleos-Meirim» қоғамдық қоры (президенті – В.М. Капсамун) ұйымдастырды.
Жарыс айтулы тарихи күндер – Алматының қасиетті азапкерлері Серафим мен Феогностың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл толуына және Ақсай монастырінің қайта жаңғыртылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу рәсіміне Астана және Қазақстан митрополиті Александр жетекшілік етті.
Турнирге Қазақстан Митрополиттік округі епархияларының, Алматы православие рухани семинариясының, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанның атынан қатысып отырған 14 команда, 150-ден астам жас спортшы қатысуда.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында болғандар: Қазақстан Митрополиттік округінің хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері О.Н. Овчинников; Астана епархиясының викарийі, Қаскелең епископы Геннадий; Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Н.М. Кікімов; Алматы қаласы Волейбол федерациясының президенті А.Ж. Шпекбаев; Оңтүстік астана Волейбол федерациясының құрметті президенті А.Г. Баталов; «Бағанашыл» спорт-сауықтыру кешенінің президенті, генерал-майор П.М. Новиков.
Турнирдің төрешілер алқасына халықаралық дәрежедегі спорт шебері Т.А. Пюрова жетекшілік етті.
Жарыс басталар алдында Митрополиттік округтің Басшысы қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
«Жастар арасындағы жарыстар – рухани-адамгершілік және отансүйгіштік тәрбиенің маңызды бөлігі. Мәсіхтің Шіркеуі бізге күш ешқашан зұлымдыққа қызмет етпеуі әрі даңққұмарлықтың құралына айналмауы керектігін үйретеді. Нағыз спортшы – өзгеден озатын адам емес, өз нәпсісін, әдеттерін, сезімдерін, өзімшілдігі мен жалқаулығын жеңе білген адам. Қасиетті Жазбадағы Нақыл сөздер кітабында: «Сабырлы адам батырдан артық, өзін билеген адам қаланы жаулап алғаннан артық» (Притч.16:32) деп керемет айтылған. Сондықтан біздің жарыстардың тек спорттық емес, одан да биік мақсаттарды – жас ұрпақтың туған жеріне, оның қасиетті орындарына деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуді және салауатты әрі ізгі өмір салтына ұмтылысын қалыптастыруды көздейтіні аса маңызды. Іс-шараны ұйымдастырушыларға, жаттықтырушыларға, тәлімгерлерге және барлық қатысушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамунға ерекше ризашылығымды айтамын. Бүгін құрметтеліп отырған қасиетті азапкерлердің дұғалары арқылы Құтқарушы Иеміз Мәсіх бәрімізге Өзінің мол рақымы мен жарылқауын беріп, Қазақстан жеріне береке дарытсын. Спортшыларға табыс тілеймін», – деді митрополит Александр.
Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Н.М. Кікімов ұйымдастырушылар мен турнир қатысушыларын құттықтап, «мұндай спорттық бастамалардың ерекше маңызы бар екенін, өйткені олар әртүрлі буын өкілдерін салауатты өмір салты, өзара құрмет пен достық құндылықтарының төңірегіне біріктіретінін атап өтті. Турнирдің бейбітшілік, қоғамдық келісім және конфессияаралық диалог қаласында өтіп жатқанының өзі ерекше мәнге ие. Өзара құрмет пен ынтымақтастық – қоғамымыздың бірлігінің берік негізі», – деді.
Жас спортшыларға құттықтау сөздерін арнағандар: Алматы қаласы Волейбол федерациясының президенті А.Ж. Шпекбаев, Оңтүстік астана Волейбол федерациясының құрметті президенті А.Г. Баталов және «Бағанашыл» спорт-сауықтыру кешенінің президенті, генерал-майор П.М. Новиков.
Петропавл храмының кілтшісі протоиерей Кирилл Шкляр «Eleos-Meirim» қоғамдық қорының президенті В.М. Капсамунның құттықтау хатын оқып берді.
«“Eleos-Meirim” қоғамдық қайырымдылық қорының және өз атымнан баршаңызды қасиетті азапкерлер Серафим мен Феогностың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл толуына арналған жастар арасындағы волейбол турнирінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.
Бүгінгі жарыс – жай ғана спорттық сайыс емес. Бұл – православие жастарының игі істер төңірегіне топтаса алатынының, өз Шіркеуінің дәстүрлерін құрметтейтінінің және рухани ғана емес, тән жағынан да кемелденуге ұмтылатынының айқын көрінісі.
Қасиетті азапкерлер Серафим мен Феогност өз өмірлерімен мызғымас сенімнің, Мәсіхке деген сүйіспеншіліктің, ерліктің және жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Олардың өмір жолы әрқайсымызға шынайы күштің өзгені жеңуде емес, өз әлсіздіктеріңді жеңуде, Құдайға адал болып, жақыныңды құрметтеп, ар-ожданмен өмір сүруде екенін еске салады. Осындай іс-шаралар арқылы біз дәл осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіруге ұмтыламыз. Өйткені спорт мінезді шыңдайды, тәртіпке баулиды, өзара қолдауды, жауапкершілікті және қарсыласқа құрметпен қарауды тәрбиелейді. Осы турнирді ұйымдастыруға атсалысқан барша жанға – дін қызметкерлеріне, ұйымдастырушыларға, жаттықтырушыларға, төрешілерге, еріктілерге және серіктестерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Бүгінгі мерекені ерекше шаттыққа бөлеп отырған барлық қатысушыларға айрықша ризашылығымды жеткіземін. Бүгінгі күн жаңа таныстықтардың, бауырластық қарым-қатынастың, адал спорттық бәсекенің және жарқын естеліктердің күніне айналсын. Ең мықтысы жеңіске жетсін, бірақ одан да маңыздысы – әрбір қатысушы жаңа достар тауып, өз мінезін шыңдап, бірліктің қуанышын сезінсін», – делінген құттықтау сөзінде.
Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы спорттық жарыстың құрметті қонақтарына алғыс хаттар табыс етті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі командаларды таныстырумен және қатысушы елдердің мемлекеттік әнұрандарын орындаумен аяқталды.
Іс-шараның естелігі ретінде барлық қатысушылармен ортақ суретке түсті.
14 шілдеде турнирдің топтық кезеңі, ал 15 шілдеде плей-офф кезеңі, үшінші орын үшін матч және финалдық кездесу өтеді.
16 шілдеде спорттық жарысқа қатысушылардың барлығы Ақсай скитіне қажылық сапар жасап, Алматының қасиетті азапкерлері Серафим мен Феогностың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл және қасиетті мекеннің қайта жаңғыртылғанына 30 жыл толуына арналған рухани мерекелік іс-шараларға қатысады.
Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен мерекелік құдайлық құлшылықты Астана епархиясының викарийі, Қаскелең епископы Геннадий басқарады.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр