Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің архипастырларға, пастырларға, диакондарға, монастырдегілерге және Орыс Православие Шіркеуінің барлық адал перзенттеріне арналған
Рождестволық жолдауы
Иемізде сүйікті архипастырлар,
аса қадірлі пресвитерлер мен диакондар, Құдайды сүйетін монахтар мен монахинялар,
қымбатты бауырлар мен әпкелер!
Сіздердің баршаңызды Жаратқан Иеміз, Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің нұрға толы Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтаймын және сіздерге көне шіркеу гимнінің сөздерін арнаймын:
«Мәсіх туды — мадақтаңдар!
Мәсіх көктен — қарсы алыңдар!
Мәсіх жерде — рухани көтерілеңдер!»
(Рождестволық канонның 1-ирмосы).
Апостол Павел Құдайдың Адам кнйіпіне айналуы арқылы жүзеге асқан бұл оқиғаны тақуалықтың ұлы құпиясы деп атады (1 Тим. 3:16). Бұл құпияның алдында жердегі әрбір даналық қорқынышпен тына қалады. Адамдық күйбең білім өз мәнін жоғалтады. Бұл құпия тіпті ең дөрекі әрі тасбауыр жүректі де жібітіп, жұмсарта алады. Қатыгездік пен өшпенділікке толы осы дүниеде бөлінушіліктің бәрін сауықтыра алатын, бізге шынайы бейбітшілік пен нағыз бақыт сыйлай алатын Біреу дүниеге келді.
Адам өміріне күнә енген сәттен бастап, жерде қасіретті бөліну орнады: Жаратушыдан, шынайы Нұрдың Қайнарынан ажыраған әлем біртіндеп қараңғылық пен бейберекетке бой алдырды. Бірақ Құдай Өз жаратылысын тастап кеткен жоқ, оны қамқорлығынан айырған жоқ. Құтқарылуымызды сабырмен дайындай отырып, Ие тәнге алып, жерлік тарихқа енді де, бізбен бірге болды. Құдай Ұлы — күнәдан басқа барлық жағынан бізге ұқсас Адам Ұлына айналды. Бір кездері Эдем бағында естілген «Қайдасың, Адам?» деген қасіретті сұрақтың жауабы ақыры Вифлеем маңындағы қарапайым үңгірде табылды. Апостол Павелдің сөзімен айтқанда: «Алғашқы адам — жерден, топырақтан; екінші Адам — көктен келген Ие» (1 Кор. 15:47). Мәсіхте, жаңа Адамда, Құдай әлемді Өзімен татуластырды (2 Кор. 5:19), күнәнің жараларынан айықтырып, адам табиғатын жаңартты.
Адам өмірі де, бүкіл әлемнің өмірі де тек Құдайда ғана сауығады — бүгінгі мереке куәлік ететін қарапайым, бірақ аса маңызды шындық осы. Осында киелі Августиннің Құдіретті Иенің дана қамқорлығын қасиетті дірілмен мадақтаған сөздерін еске алмау мүмкін емес: «Сен бізді Өзің үшін жараттың, әрі Сенде тыныштық таппайынша жүрегіміз тынышталмайды» («Исповедь»).
Тек Иса Мәсіхте ғана Құдаймен бірлік пен жаратылыс бастауынан мәңгілікке шақырылған адам өмірінің шынайы мәні табылады.
Құтқарушының дүниеге келуі — ең алдымен адамдарға деген Құдай сүйіспеншілігінің ашылуы: бір жағынан, шексіз әрі бәрін жеңетін, ал екінші жағынан, барлығын жабатын, барлығына сенетін, барлығынан үміттенетін және барлығына төзетін момын сүйіспеншілік (1 Кор. 13:7).
Ендеше, Жаратушымыздың осы ұлы сүйіспеншілігіне қалай лайықты жауап беріп, Оған қалай жақындай аламыз? Бұл жақындық Інжіл өсиеттерін ұстану арқылы, екіжүзділіксіз сабыр мен өзара сүйіспеншілік арқылы, ең бастысы — Қасиетті Евхаристия Құпиясында Мәсіхпен бірлігімізді үнемі жаңарту арқылы жүзеге асады әрі нығаяды.
Бүгін — үміт мерекесі. Бейбітшілік мерекесі. Тыныш қуаныш мерекесі.
Дүниеге келген Құтқарушыны мадақтай отырып, Оны әсем әндер мен шіркеу гимндерімен қарсы ала отырып, әлемге жарық, жерге тұз болуға шақырылған биік христиандық міндетімізді естен шығармайық (Мф. 5:13–14). Уақыт барда баршаға, әсіресе сенімде жүргендерге жақсылық жасайық (Гал. 6:10). Қайғырған жандарға үміт сыйлайық, торығушыларды жұбатайық, жақын-алыс адамдармен қуанышымызды бөлісейік, мұқтаждарға көмектесейік — осылайша, біз Құдайға Мәсіхтің хош иісі боламыз (2 Кор. 2:15) әрі дүниеге келген Құдай Иеге жағымды сыйлар ұсынамыз.
Ал әзірге әртүрлі себептермен Шіркеудің құтқарушы қоршауынан тыс қалып, Мәсіх қауымының өміріне қатыспай жүргендерге үндеу тастаймын: жүректеріңізді бізді соншалық сүйіп, әрбір Оған сенуші құрып кетпей, мәңгілік өмірге ие болуы үшін Өзінің жалғыз Ұлын берген Құдайға ашыңдар (Ин. 3:16). Адамзат тегіне деген айтылмас мейірімі мен сүйіспеншілігі үшін Иеміз бен Құтқарушымызды дәріптейік.
Баршаңызды Рождество мерекесімен құттықтай отырып, қымбаттыларым, дүниеге келген Құтқарушыға деген қуанышта күш-қуат пен сарқылмас шаттық тілеймін.
Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіхтен сіздерге рақым мен бейбітшілік болсын (Еф. 1:2). Әмин.
+ КИРИЛЛ, МӘСКЕУ ЖӘНЕ БҮКІЛ РУСЬ ПАТРИАРХЫ
Мәсіхтің Рождествосы
2025/2026 жж.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр