3 сәуір 2026 жыл. Мәскеу. Иеміздің Иерусалимге Кіру мейрамы қарсаңында, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің өтініші бойынша Мемлекеттік Третьяков галереясынан Ресей астанасындағы Құтқарушы Христос кафедралды соборына Қасиетті Құдай Анасының «Владимирская» және «Донская» ғажайып иконалары табысталды.
Бұл иконалар Православиеде Көктегі Патшайымның ең қастерлі ғажайып бейнелерінің қатарына жатады.
Құдай Анасының «Владимирская» иконасы Құтқарушы Христос ғибадатханасына 49 жыл мерзімге өтеусіз пайдалануға берілді.
Тиісті келісім Третьяков галереясы мен Мәскеу қаласындағы Құтқарушы Христос кафедралды соборының Патриархтық өкілдігі арасында Ресей Мәдениет министрлігі бекіткен, қасиетті жәдігердің сақталуына қажетті барлық талаптарды қарастыратын үлгілік нысанға сәйкес жасалды.
Осындай шарттармен Құдай Анасының «Донская» иконасы да Третьяков галереясынан Дон ставропигиалдық ерлер монастырына өтеусіз пайдалануға берілді. Әзірге ол Құтқарушы Христос ғибадатханасында уақытша орналастырылады.
Табыс етілген иконалар Ресей Федерациясының меншігінде және Мемлекеттік Третьяков галереясының жедел басқаруында қала береді. Олардың сақталуына қатысты барлық шешімдер Ресей Мәдениет министрлігінің бақылауымен екі тараптың бірлескен келісімі арқылы қабылданады.
Қасиетті Құдай Анасының «Владимирская» иконасы Руське шамамен 1130 жылы Константинопольден әкелініп, кінәз Мстислав Владимировичке сыйға тартылған. Ол иконаны Киев маңындағы Вышгород қаласындағы ғибадатханалардың біріне орналастырған. XII ғасырдың ортасында Юрий Долгорукийдің ұлы, кінәз Андрей Боголюбский, көктен қолдау алуды қалап, Вышгородтағы Құдай Анасының бейнесін Солтүстік-Шығыс Руське алып кетеді. Владимирдегі Успен соборы салынғаннан кейін, икона сонда орналастырылады. Кейін бұл икона ғажайыптарымен және шипаларымен танылып, «Владимирская» деп атала бастайды. XV ғасырда ол Мәскеуге көшіріліп, Мәскеу Кремліндегі Успен соборында сақталған. 1918–1919 жылдары революциядан кейін икона реставраторлар тарапынан тазартылып, кейін Мемлекеттік Третьяков галереясына берілді. 1999 жылдан бастап икона Толмачидегі Әулие Николай шіркеу-музейінде арнайы жасалған киотта сақталып келді.
Құдай Анасының «Донская» иконасы Третьяков галереясына 1930 жылы Мемлекеттік Тарих мұражайынан түсті. Зерттеушілердің пікірінше, икона алғашында Коломнадағы Успен соборы үшін жазылған және XVI ғасырдың ортасына дейін сонда тұрған. Кейін Иван Грозныйдың бұйрығымен Мәскеуге көшірілген. Икона XVI ғасырдың соңында кеңінен қастерлене бастады. Қазы-Гирей шапқыншылығы кезінде патша Феодор Иоаннович осы икона алдында дұға еткен. Кейін Құдай Анасының жәрдемі мен Қырым әскерінің шегінуінің құрметіне Дон монастырының негізі қаланды. 1593 жылы көне иконаның көшірмесі жасалып, кейін Дон монастырі соборының Патша қақпасының оң жағына орналастырылды. Қазіргі уақытта бұл бейне монастырьдің Үлкен соборында сақтаулы.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр