ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Конфессияаралық диалог
04.03.2026, 19:35

Митрополит Александр мен католик архиепископы Томаш Пэта Қазақстандағы христианаралық және діндераралық диалог мәселелерін талқылады

Митрополит Александр мен католик архиепископы Томаш Пэта Қазақстандағы христианаралық және діндераралық диалог мәселелерін талқылады

4 наурыз 2026 жыл. Астана. Рим-католиктік Қасиетті Құдай Анасы архиепархиясының ординарийі, архиепископ-митрополит Томаш Бернард Пэтаның шақыруымен Астана және Қазақстан митрополиті Александр елордадағы Құдай Анасының Тынымсыз Көмегі кафедралды соборы жанындағы курияға (епархиялық басқармаға) барды.

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы мен католиктік астаналық епархияның архиепископ-митрополиті арасындағы кездесуге қатысқандар: Астана приходтарының құрметті өкілі архимандрит Сергий (Карамышев), Қасиетті Құдай Анасы архиепархиясының викарийі епископ Атаназиус Шнайдер және курия қызметкерлері.

Жоғары мәртебелі митрополит сұхбаттасышыға биыл  бірқатар маңызды тарихи күндер атап өтіліп жатқан Қазақстандағы Митрополитік округтің өмірі туралы айтып берді -  Қазақстанның көктегі қамқоршылары – Алматы қасиетті азап шегушілері Серафим мен Феогносттың қасиетті жәдігерлерінің табылғанына 25 жыл; көрнекті рухани ағартушы – Түркістан және Ташкент епископы Александрдың (Кульчицкий) туғанына 200 жыл; сондай-ақ Оңтүстік астанадағы ең көне храмдардың бірі – Әулие Николай Чудотворец атындағы собордың Православие Шіркеуіне қайтарылғанына 80 жыл толып отыр. Митрополит бұл мерейтойлар аясында Қазақстанның барлық епархияларында ғылыми-білім беру, ағартушылық, мәдени және жастарға арналған іс-шаралар өтетінін атап өтті.

Әңгіме барысында Қазақстанда өткізіліп жатқан ерекше тарихи және археологиялық жәдігер – Турин Жабынына арналған көрменің екінші кезеңін ұйымдастыру мәселесі де талқыланды. Көрме Қазақстан Православие Шіркеуінің, «Kirche in Not» («Мұқтаждықтағы Шіркеуге көмек») халықаралық қайырымдылық ұйымының және Астана Рим-католик архиепархиясының бірлескен күш-жігерімен ұйымдастырылуда. 2026 жылы көрмені Петропавл, Қарағанды және Алматы қалаларында өткізу жоспарланып отыр.

Кездесуге қатысушылар Иран төңірегіндегі халықаралық қақтығыстың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді. Архиепископ Томаш Пэта Митрополиттік округтің Басшысына Рим Папасы Лев XIV 1 наурыз жексенбі күні Римдегі Әулие Петр алаңында сенушілерге дәстүрлі үндеу жасап, Таяу Шығыста бейбітшілікке шақырғанын хабарлады. Өз кезегінде митрополит Александр Иран Ислам Республикасының Жоғарғы жетекшісі Сейед Әли Хаменейдің өлтірілуіне байланысты иран халқына Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің көңіл айту жеделхатын жолдағаны туралы айтты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы христианаралық және діндераралық диалогтың жағдайы туралы пікір алмасты. Әңгімелесушілер қазіргі жағдайға қанағаттанушылық білдіріп, оның болашақтағы даму перспективаларын оң бағалады.

Сондай-ақ дәстүрлі рухани құндылықтарды қорғау және қоғамда берік отбасы, балалар тәрбиесі, некенің бұзылмауы, адамның өмірі ұрықтанған сәттен бастап табиғи өліміне дейін қасиетті құндылық екендігін дәріптеу бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында тараптар бір-біріне денсаулық пен еңбектеріне табыс тілеп, естелік сыйлықтармен алмасты.

Кездесу жылы әрі достық жағдайда өтті.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді