ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Конфессияаралық диалог
24.08.2026, 18:00

Митрополиттік округ өкілдері Қарағанды қаласында Турин Кебінінің көрмесінің ашылуына қатысты

Митрополиттік округ өкілдері Қарағанды қаласында Турин Кебінінің көрмесінің ашылуына қатысты

23 тамыз 2026 жыл. Қарағанды. Ең Қасиетті Бикеш Мария Фатимская атындағы католиктік соборда «Турин кебіні – іздерді іздеу» атты рухани-ағартушылық көрмесі ашылды.

Көрменің ұйымдастырушылары: Қазақстан Православие Шіркеуі, Рим-Католик Шіркеуінің Қарағанды епархиясы Егемен Мальта Ордені және «Kirche in Not» («Мұқтаждағы Шіркеу») халықаралық қайырымдылық қорымен бірге.

Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен көрменің ашылу рәсіміне қатысқан Митрополиялық округтің өкілдері: митрополиттің жеке хатшысы иеромонах Димитрий (Байдек), Қарағанды епархиясының хатшысы протоиерей Дмитрий Патрикеев және Қарағанды епархиясының миссионерлік бөлімінің жетекшісі иерей Вячеслав Шкуропат.

Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқандар: Рим-Католик Шіркеуінің епископы Аделио Дель Оро, Рим-Католик Шіркеуінің Қарағанды епархиясының көмекші епископы Евгений Зинковский, «Kirche in Not» халықаралық қайырымдылық қорының «Ресей, Орталық Азия және Кавказ» бөлімінің жетекшісі, көрменің тең құрылтайшысы П.В. Гуменюк, Қарағанды облысының діни бірлестіктер клубының модераторы Д.С. Полтаренко, Қарағанды қаласындағы Бала қажы мешітінің наиб имамы С.А. Курманов, Рим-Католик Шіркеуінің Қарағанды епархиясының дін қызметкерлері, қаланың ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері.

Ашылу рәсімі барысында иеромонах Димитрий (Байдек) Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың көрмеге қатысушылар мен қонақтарға арналған құттықтау сөзін оқып берді.

«Бүгін біз мәдени және рухани тұрғыдан маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз – Астанада «Турин кебіні – іздерді іздеу» атты бірегей көрме ашылуда. Аталған экспозиция келушілерді жиі “бесінші Інжіл” деп аталатын әйгілі археологиялық жәдігердің тарихымен және ғылыми зерттеулерімен таныстырады. Бірегей реликвия ретінде ол ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін ғылыми қауымдастық өкілдері мен көптеген зияратшылардың назарын аударып, Қасиетті Жазба мен Киелі кітап тарихын зерттеуге деген қызығушылықты оятып келеді.

Қазақстан Православие Шіркеуі, Астанадағы Рим-Католик Архиепархиясы, Мальта Ордені және «Kirche in Not» халықаралық қайырымдылық қоры өкілдерінің бірлескен еңбегінің арқасында Қарағанды тұрғындары Кебіннің дәл көшірмесін көріп, осы тылсым қасиетті жәдігер туралы жан-жақты мәліметтер мен көпшілікке беймәлім деректерді білуге тамаша мүмкіндік алды. Көрмеге келген әрбір жан көптеген қызықты мәліметтер алып, дүниетанымын кеңейтіп, жан дүниесі мен жүрегіне мол әсер алатынына сенімдімін. Қарағандыда және республикамыздың өзге де қалаларында «Турин кебіні» көрмесінің өткізілуі конфессияаралық және мәдениетаралық диалогтың дамуына зор үлес қосып, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы игі іске қызмет ететіні сөзсіз», – делінген Митрополиттік округ Басшысының құттықтау сөзінде.

Одан кейін қатысушылар экспозициялық залға өтті. Онда Турин кебінінің дәл көшірмесі, тақырыптық ақпараттық панельдер, тарихи артефактілер, қасиетті жәдігерді зерттеуге арналған бейнематериалдар мен иллюстрациялық буклеттер ұсынылды. Мамандар тікенді тәждің көшірмесін, Мәсіхтің азап шегуіне байланысты құралдарды және І ғасырда айқышқа шегелеу кезінде қолданылған шегелерді қайта жасап шығарды.

Іс-шара соңында брифинг өтіп, көрме қонақтары мемлекеттік және жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің сұрақтарына жауап берді.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді