Барша құрметті әкелер, қадірлі бауырлар мен әпке-қарындастар!
Мәсіхтің Рождествосын тойлаудың нұрлы күндері Құдайдың қамқорындағы Қостанай жерінің тұрғындары үшін ерекше оқиғамен аталып отыр. Бүгін епархияның басты ғибадатханасы — Қостанай қаласындағы Қасиетті Константино-Еленинский кафедралды соборына ұлы қасиетті жәдігер — Ең Қасиетті Құдай Анасының ғажайып Феодоровская белгішесімен «мера в меру», яғни өлшемі мен бейнесі дәл сақталған тізімі сыйға табысталуда.
Мәсіхтің дүниеге келуінен жеті ғасыр бұрын ұлы пайғамбар Исаия адамзатқа Құдайдың адам болып келуінің құпиясын жария еткен еді: «Міне, Бикеш құрсақ көтеріп, Ұл табады, Оның есімін Еммануил деп қояды, яғни “Құдай бізбен бірге”» (Ис. 7:14). Назареттен шыққан қарапайым да кішіпейіл, пәктігі мен момындығымен жарқыраған Бикеш Тәңірдің еркімен тән алған Құдайдың Анасы болды. Аса жарылқаулы Мария Мәсіх Құтқарушының дүниеге келу құпиясына қызмет етіп, шынайы Құдай Анасы атанды. Апостолдар заманынан бері христиан әлемі Құдай Анасының белгішелерін ерекше құрмет тұтады. Шіркеу дәстүрі бойынша, Оның алғашқы бейнесін қасиетті евангелист Лука жазған. Аспан Патшайымына деген терең әрі шынайы сүйіспеншілік ата-бабаларымызға тән болғанын Православие Шіркеуінде ғажайыптарымен даңққа бөленген Ең Қасиетті Құдай Анасының бейнелерінің көптігі айғақтайды. Солардың қатарында ғасырлар бойғы тағдыры ұлы әрі даңқты тарихи оқиғалармен сабақтас Құдай Анасының Феодоровская белгішесі бар.
Шамамен сегіз ғасыр бойы ұлы орыс өзені Волга жағасындағы көне Кострома қаласында сақталып келе жатқан Державалық Билеуші — Феодоровская бейнесі православие христиандарына аян болған көптеген ғажайыптар, рақымға толы араша түсу мен аналық көмектің куәсі болып келеді. Бұл ұлы қасиетті жәдігер сенім мен тақуалықтың атақты діндарларымен, әйгілі қолбасшылар мен билеушілермен тығыз байланысты. Көне Феодоровская белгішесі қасиетті, әділ ұлы кнәз Александр Невскийдің мінәжат бейнесі болған: ол осы қасиетті белгішемен некеге батасын алып, Батыс шекараларды жат жұрттықтардан қорғап, Шығысқа — Алтын Ордаға сапар шеккенде де осы қастерлі бейнеден айырылмаған. Құдай Анасы Феодоровская белгішесін қасиетті діндар Николай, Алматы митрополиті, ақсақал-әулие митрополит Иосиф (Чернов), Қарағандылық қасиетті діндар Севастиан және ХХ ғасырда Қазақстан жерінде жарқыраған Мәсіх үшін жапа шеккен көптеген тақуалар ерекше қастерлеген.
Бүгін тағзыммен сақтар және дұғалық құрмет көрсету үшін табысталып отырған бұл тізім иконографияның ережелері мен дәстүрлері толық сақтала отырып, көрнекті икона жазушылары мен зергерлер тарапынан асқан шеберлікпен жасалған. Ол Қазақстан жерінің амандығы мен тыныштығы үшін ерекше дұғалармен Құдай Анасының ғажайып Феодоровская бейнесінің алдында қасиеттелді. Белгішенің қаптамасына қасиетті жәдігер салынған арнайы қорап бекітілген, оның ішінде XVII ғасырға дейін ғажайып бейненің төменгі жиегіне орнатылып тұрған тарихи ағаштың бір бөлігі сақталған.
«Құдай Анасы, Билеуші, Сенің ғажайып бейнеңнің көрінісі, — деп оқимыз Феодоровская белгішесінің көрінісіне арналған көне канонда, — барлық сенушілер үшін нұрдай жарқырады: өлілерге өмір, соқырларға — көру, саңырауларға — есту, мылқауларға — сөйлеу, әлсірегендерге — саулық, сәбилерге — тәрбие, жесірлер мен жетімдерге — көмек, бедеу әйелдерге — шипа, жүкті әйелдерге — ауыртпалықсыз босану сыйлады». Ежелден бері бұл қасиетті бейне православие халқы тарапынан отбасы амандығына, бала сүю мен тәрбиесіне қамқоршы ретінде құрметтеліп келеді. Осы иконаның алдында жасалған дұғалар арқылы ауыр дерттерден, соның ішінде бедеуліктен айығу оқиғалары болғаны жөнінде нақты, құжатпен расталған айғақтар бар.
Құдай Анасының араша түсуі арқылы бізге төгілетін мол сыйлар өмірімізді Інжілге сай түзетуге жетелейді. Біздің Жанашыр Арашашыға деген алғысымыз тек сөзбен ғана емес, нақты істермен де көрініс табуы тиіс. Қасиетті Лука — дәрігер әрі архиепископ — бұл туралы былай дейді: «Ең Қасиетті Құдай Ана ын мадақтай отырып, біз тек Оны дәріптеумен шектелмей, жүрегімізді Оның жүрегіне, Оның қасиеттілігіне қарсы келетін нәрселерден сақтауымыз керек». Құдай Анасы херувимдерден де қадірлі, серафимдерден де даңқты деп аталғанымен, Өзінің ұлылығына қарамастан, Ол біз үшін игі қасиеттердің мейірімді үлгісі болып қала береді. «Ең Қасиетті Бикеш Мәриямның қасиеттілік үлгісі бізге Інжілде тек таңдану мен тағзым үшін ғана емес, тәлім алып, соған ұқсау үшін берілген», — деп жазады дана иерарх, Мәскеулік әулие Филарет. Қасиетті Жазбадан біз Құдай Анасының кішіпейілдігі, қарапайымдылығы мен Құдай еркіне мойынсұнуы сияқты қасиеттерін көреміз. Сондықтан жердегі өмірімізге қажетті нәрселердің бәрін Ең Қасиетті Құдай Анасынан сұрай отырып, ең маңыздысын — «бір-ақ қажет» болғанды (Лк. 10:41–42), яғни жанның құтқарылуына қажет Аспан сыйларын сұрауды ұмытпайық. Бізге өсиеттерді орындау үшін рухани күш пен сергектік қажет. Баршамызға риясыз, құрбандыққа даяр сүйе алатын, кешіре білетін, жанашырлық танытатын, түсіне алатын мейірімді жүрек ауадай қажет.
Қостанай қаласындағы Қасиетті Константино- Еленинский соборында Аспан Патшайымының ғажайып Феодоровская бейнесінің болуы осы жомарт қазақ жерінде өмір сүріп жатқан барша жұртты рухани нығайтып, жұбаныш сыйласын. Бұл сый Ең Қасиетті Құдай Анасының алдында сеніммен әрі сүйіспеншілікпен дұға ететін әрбір жан үшін Құдай мейірімінің қайнар көзі болсын.
Жүрегіміздің тереңінен сенім мен сүйіспеншілікпен Иеміздің Анасына жалбарынайық:
Ең Қасиетті Құдай Ана, бізді құтқара гөр!
Ең Қасиетті Құдай Ана, бізге жәрдем бере гөр!
Берекелі Билеуші, Ұлыңның нұрымен бізді нұрландыра гөр!
Рождество мейрамының соңғы күні. Митрополиттік округтің Басшысы Оңтүстік астанадағы Благовещенский храмында Құдайлық Литургияны өткізді
Толығырақ
Митрополит Александр Алматы қаласындағы храмдардың жексенбілік мектептерінің оқушыларын Рождество мерекесімен құттықтады
Толығырақ
Оңтүстік астанада жастарға арналған Рождестволық бал өтті
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр