ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Обращение
23.02.2026, 08:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Ұлы пост басталар алдында жасаған үндеуі

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Ұлы пост басталар алдында жасаған үндеуі

Қадірлі әкелер, ардақты бауырлар мен әпке-қарындастар!

23 ақпанда Құдайдың бізге мейіріммен сыйлаған, мейрамдардың Мейрамы әрі салтанаттардың Салтанаты – нұрлы Мәсіхтің Қайта тірілуін лайықты қарсы алуға дайындалатын берекелі кезең - Ұлы пост басталады.

Қасиетті Қырықкүндікке дайындық уақыты аяқталды. Біздің рухани назарымыздың алдынан салықшы мен парызшылдың, адасқан ұлдың, Ақырғы соттың және Адам атаның Жұмақтан қуылуының бейнелері өтті. Мәсіхтің Шіркеуі Інжілдегі астарлы әңгімелер арқылы бізге кішіпейіл дұғаның маңызын және адамның шынайы тәубесіне әрдайым жауап беретін Құдайдың шексіз мейірімін еске салды. Біз Құдайдың Ақырғы соты туралы баяндауды естідік, онда ақталуымыз бен айыпталуымыздың өлшемі – жақынымызға деген қарым-қатынасымыз болмақ. Ата-бабаларымыздың Эдемнен қуылуы жайлы Киелі кітаптағы әңгіме күнәнің қорқынышты күшін, өсиеттерді бұзудың жойқын салдарын ескертеді.

Енді біз Ұлы посттың рухани майданына қадам басамыз. Бұл жол бізге христиан өмірінің мұратын көрсетеді: мұнда материалдық руханиға бағынады, ал адам ең алдымен «Құдай Патшалығын және Оның әділдігін» (Мф. 6:33) іздейді. Қасиетті Августиннің терең ойы бар: «Құдай бізді құтқарады, бірақ бізсіз емес». Зұлымдыққа қарсы тұрып, ізгіліктерде нығаю үшін ерік-жігерді тәрбиелеу, табандылық пен беріктікті көрсету қажет. Қасиетті Римдік Иоанн Кассиан айтқандай, Жаратқан Ие «біздің аз ғана еңбегіміз үшін өлшеусіз жомарттықпен сый береді». Тамақты шектеу, бос әурешіліктен тыйылу, Қасиетті Жазбаны мұқият оқу және дұғаны күшейту арқылы біз адам табиғатының бастапқы, табиғи қалпына оралуға мүмкіндік аламыз, жүрегімізді құмарлықтардан тазартып, санамызды Құдай заңына бағынуға үйретеміз.

Ұлы постты сақтау – Құтқарушының «Тәубеге келіңдер» (Мф. 4:17) деген шақыруына берген жауабымыз. Алайда бұл жолда  өз күнәмізді сезінбеу, Інжілдегі адамгершілік өлшемдерінен ауытқудың қаншалықты ауыр салдарға әкелетінін түсінбеуден бізді көптеген кедергілер күтеді. Рухани соқырлықта біз жақынымыздың ең ұсақ қателігін де анық көреміз, бірақ өзіміздегі қателіктерді байқамаймыз (Мф. 7:4). Апостол Иоанн Богослов ескертеді: «Егер біз күнәсізбіз десек, өзімізді алдаймыз, әрі шындық бізде жоқ» (1 Ин. 1:8). Сондықтан Қырықкүндік күндерінде қасиетті Ефрем Сириннің дұғасы қайта-қайта естіледі: «Ием, маған өз күнәларымды көруге және бауырымды айыптамауды бұйырта гөр ».

Ежелгі тақуалық қолжазба – «Мысырлық әкелердік өсиеттерінде» бір қасиетті тақуа туралы әңгіме бар. Ол монастырь кеңесіне қатысып отырғанда, жалқау бір монах жайлы сөз қозғалады. Қарт үнсіз қалады, кейін орнынан тұрып, кельясынан шығып, арқасына құм толы үлкен қап көтеріп келеді. Қолына бірнеше түйір құм салынған кішкентай себетті ұстап, оны алдына қояды. Таңданған бауырлар: «Әке, бұл не?» – деп сұрайды. Тақуа: «Мына үлкен қап – менің сансыз күнәларым. Бірақ мен оларды артыма ұстап жүрмін, көрмейін, еске алмайын деп. Ал мына алдымдағы аз ғана құм түйіршіктері – жақынымның күнәлары. Мен оларды үнемі есіме алып, ойлап, айыптаймын», – деп жауап береді. Сөзін ол: «Бұлай емес, өз күнәларымызды алдымызға қойып, Құдайдан кешірім сұрағанымыз дұрыс емес пе?» – деп аяқтайды. Апостол Павелдің сөзін есте сақтайық: «Әрқайсымыз Құдай алдында өзіміз үшін есеп береміз» (Рим. 14:12).

Жанымызға мұқият үңіліп, күнәларымыз бен құмарлықтарымызды көріп, Мәсіхтен кешірім сұрайық. Егер тәубеміз шынайы жүректен шықса, Құдай оны қабылдап, Өзінің рақымымен заңсыздықтарымызды кешіреді, өйткені Ол төзімді әрі мейірімі мол, әрі Оның ұлы адамсүйгіштігін жеңетін күнә жоқ (Исх. 34:6).

«Сеніммен және сүйіспеншілікпен жақындайық, мәңгілік өмірге ортақтас болайық», – деп Ұлы пост кезіндегі Алдын ала қасиеттелген сыйлар Литургиясында Шіркеу бізді шақырады. Қырықкүндік – Тәубе ету мен Қасиетті Қауымдастық (Исповедь пен Причастие) құпияларына белсенді қатысуға ең қолайлы уақыт. Сол арқылы сенуші адам болашақ мәңгілік өмірдің кепілін алады және «Құдай табиғатына ортақтасушы» болады (2 Пет. 1:3). Евхаристияны орындау және Мәсіхтің қасиетті Құпияларына қатысу – құтқарылудың қажетті шарты. «Адам Ұлының тәнін жемесеңдер және Оның қанын ішпесеңдер, өздеріңде өмір болмайды» (Ин. 6:53), – дейді Жаратқан Ие. Әулие Иоанн Златоусттың айтуынша, «лайықты түрде біроескенлер ғана көктен келетін Иемізді қарсы алады».

Кешірім жексенбісі күні, Ұлы постқа лайықты кіру үшін, Иеміз бізден бір маңызды шартты талап етеді – жақындарымызбен татуласу. Мәсіх бізге Інжіл бойынша өмір сүрудің басты қағидасын береді: «Адамдардың өздеріңе қалай істегенін қаласаңдар, сендер де оларға солай істеңдер, өйткені Таурат пен пайғамбарлар соған негізделген» (Мф. 7:12). Өзара кешірім – шынайы рухани өмірдің іргетасы. Құтқарушы: егер жақындарыңның күнәларын кешірсеңдер, Көктегі Әкелерің де сендерді кешіреді (Мф. 6:14–15), – дейді. Біз Құдайдан жүрегімізге құтқарушы рақымын жіберуін кішіпейілділікпен сұраймыз, сол рақым арқылы біз жақындарымыздан кешірім сұрауға және өзгелерді шын жүректен кешіруге күш табамыз.

Алдағы пост ерлігінде Жаратқан Ие бізді Өзінің көмегінсіз қалдырмайтынына нық сенейік. Дұға, еңбек және төзімімізге жауап ретінде Киелі Рухтың рақымы адам әлсіздігін толықтырып, кемшіліктерімізді түзетеді. Құтқарушы Мәсіх біздің ізгілікке деген талпынысымызды жесір әйелдің қарапайым үлесіндей қабыл етсін (Мк. 12:42). Тек осы қасиетті күндерде ғана емес, бүкіл өмір бойы сенімнің беріктігі мен үміттің мызғымастығын сақтауға тырысайық, «барлығында Құдай мадақталуы үшін»ізгі істерде кемелденейік (1 Пет. 4:11).

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді