7 мамыр 2026 жыл. Қазақстан Республикасында Отан қорғаушылар күні атап өтілуде.
Қазақстан Православие Шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамын мерекемен құттықтады.
Құттықтау жолдауында, атап айтқанда, былай делінген:
Қуатты армия – мемлекеттің егемендігін, елдің тұтастығын және азаматтарының бейбіт өмірін сақтаудың кепілі. Барлық замандарда Отанға қызмет ету, оның қасиетті шекарасын қорғау туған жерге деген сүйіспеншіліктің ең жоғары көрінісі болып саналған. Сондықтан халқымыз туған жерді қорғау жолында күшін де, қажет болса өмірін де аямайтын жандарға әрдайым ерекше құрмет пен алғыс білдіреді.
Православие шіркеуі қашанда әскери қызметке батасын беріп, жеңіс үшін дұға етіп келді, ал қаралы күндері майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің қайғысын бірге бөлісті.
Қазақстан Православие Шіркеуі мен Республика басшылығы арасында қалыптасқан ізгі қарым-қатынастар қоғамымызда жоғары рухани-адамгершілік құндылықтардың, отансүйгіштіктің, тарих пен дәстүрге құрметтің нығаюына ықпал етуде. Құдай қаласа, бұл игі үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба берсін.
Осы мерекелік күні Қарулы күштердің қолбасшылығына және барлық әскери қызметшілерге туған Қазақстан игілігі жолындағы қиын да жауапты қызметтерінде бейбіт өмір, амандық, жан және тән саулығын шын жүректен тілеймін.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр