Қасиетті мәртебелі архипастырьлар, аса құрметті әкелер, ардақты бауырлар мен әпке-қарындастар!
«Аспан. Адам. Дала» Еуразиялық православие жастары форумының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын.
Жаздың осынау тамаша күндерінде әртүрлі елдерден келген жасөспірімдер мен жастардың – епархиялық жастар ұйымдарының өкілдерінің өздерінің рухани тәлімгерлерімен бірге ортақ еңбек пен ізгі қарым-қатынас үшін осында жиналғанына ерекше қуаныштымын. Бүгін арамызда Орыс Православие Шіркеуінің Жастар ісі жөніндегі Синодтық бөлімінің басшылығы, сондай-ақ танымал шіркеу және қоғам қайраткерлері бар. Олардың қатысуының арқасында форум аясындағы іс-шаралар мазмұнды ғана емес, қызықты да өтетініне сенімдімін.
Жастар форумының өтуіне қайырымды жандардың қолдауы зор үлес қосты. Форумды ұйымдастыру мен өткізуге белсене атсалысқаны үшін президенті В. М. Капсамун басқаратын «Eleos-Meirim» қоғамдық қорына шынайы алғысымды білдіремін.
Жастармен жүздесу мен үшін әрдайым ерекше мәнге ие. Біз бәріміз – православие сенімін ұстанатын, Мәсіхке сенетін адамдармыз, яғни Мәсіхтегі бауырлар мен әпке-қарындастармыз. Сондықтан ешқайсымызды қайта тәрбиелеудің, үгіттеудің немесе қандай да бір нәрсеге шақырудың қажеті жоқ. Күнәнің зардаптары туралы ұзақ түсіндірудің де, жақсылықты дәлелдеудің де қажеті шамалы. Біз – пікірлес жандармыз. Сондықтан сіздерге арнап айтылар сөздерім ақыл-өсиет немесе насихат емес, өмірден түйген тәжірибеммен және бәрімізге ортақ маңызды мәселелер жөніндегі ойларыммен шынайы бөлісу ғана. Қазіргі әлем күрделі әрі сан қырлы. Біз ақпарат тасқыны қалыптастырған жаңа шындықта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әр адам қажетсіз ақпаратты елеусіз қалдырып, оны сын көзбен бағалай алатын ішкі сүзгі қалыптастыруы тиіс. Мұндай сүзгі – Шіркеудің ғасырлар бойғы тәжірибесімен нығая түсетін ар-ождан үні.
Интернетті және өзге де ақпарат көздерін қалай дұрыс пайдалану керектігі жөнінде кеңес ретінде қасиетті Паисий Святогорецтің белгілі мысалын келтіргім келеді.
Қарт әкей былай деп әңгімелеген екен: «Бір шалғында жұпар иісті лалагүлдер, гиацинттер мен құртқашаштар жайқалып өсіп тұрды. Сол гүлдерден аралар шырын жинап жүрді. Бір күні сол жерге шыбын да ұшып келді. Шалғынға алғаш келген кішкентай ара шыбыннан сыпайы түрде: Мұнда ақ лалагүлдер қай жерде өсетінін білмейсіз бе? — деп сұрады. Шыбын былай деп жауап қайтарады: Мен мұнда ешқандай гүл көрген жоқпын. Бірақ ана жерде керемет лайлы ор бар, — деп жауап берді. Сол сәтте оларға жасы үлкендеу ара ұшып келді. Әңгіме не туралы екенін білген соң таңырқап: Мен бұл маңнан ешқандай орды байқап көрген емеспін. Ал лалагүлдің, құртқашаштың, гиацинттің қай жерде өсетінін айтып бере аламын. Мұнда қандай әсем, жұпар иісті гүлдер көп! — деді. «Көрдіңдер ме, – дейтін Паисий әкей, – бейшара шыбынның ойлайтыны – тек лас орлар, ал ара қай жерде лалагүл, қай жерде құртқашаш, қай жерде гиацинт өсетінін біледі. Өмірде де дәл солай: бір адамдар араға ұқсап, барлық жерден жақсылықты көруге тырысады, ал енді біреулер шыбын сияқты тек жамандықты іздеумен болады». Ақсақал сөзін былай аяқтайтын: «Ал сен кім болғың келеді – шыбын ба, әлде ара ма?» Біздің форумның басты тақырыптарының бірі – жасанды интеллектінің (ЖИ) жеке адамның және қоғамның өміріндегі рөлін талқылау. Адамзат цифрлық технологияларды қарқынды түрде игеріп келеді. Ал Шіркеу бұл құбылысқа Інжіл ілімі тұрғысынан баға беруге міндетті.
Техникалық жаңалықтар – адамдарға берілген Құдай дарынының, шығармашылық қабілеттердің ашылуының жемісі. Өздігінен олар ізгі де, жаман да емес. Олар қоғамға әрі пайда, әрі зиян келтіруі мүмкін. Хирургтің қолындағы пышақ адам өмірін сақтап қалса, қарақшының қолында мүлде басқа мақсатқа қызмет етеді. Сол сияқты қазіргі ақпараттық технологиялар адамның өмірін жеңілдетуге қабілетті, бірақ қылмыскерлердің қолына түссе, қорлау, тонау, тіпті адамдарды жою құралына да айналуы мүмкін.
Сөзімді аяқтай келе, сіздерді адамдармен виртуалды емес, шынайы жүзбе-жүз қарым-қатынастың қадірін білуге шақырамын. Ешқашан смартфон экраны сіздердің бүкіл назарларыңызды жаулап алып, айналадағы әлемді де, бір-біріңізді де көруге мүмкіндік бермейтіндей дәрежеде виртуалды кеңістікке беріліп кетпеңіздер.
Христиандық өмірдің ең маңызды қағидаларының бірі – қуана білуді және Құдайға ризашылық білдіруді жиі еске алып жүріңіздер. Христиандық адамға зор рухани күш береді. Ол адам рухын шын мәнінде азат етіп, оны уақытша жағдайлардан жоғары көтереді әрі мәңгілік өмірдің ұлы келешегін ашады. Қуаныш пен ризашылыққа толы көңіл күй Иемізге деген сенімнен бастау алады.
Шіркеудің ең басты Қасиетті Құпиясы – Қасиетті Евхаристияның өзі аударғанда «ризашылық» деген мағынаны білдіретіні де бекер емес. РӨйткені Ол бізді осы өмір жолымен мәңгілік өмірге жетуге, Өзінің Құдайлық Патшалығына енуге барынша жәрдемдесетін жолмен жетелейді.
Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рақмет. Форумның барлық қатысушыларына жемісті әрі табысты еңбек тілеймін. Қымбаттыларым, баршаңызға Құдайдың мол батасын тілеймін.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр