ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Обращение
30.08.2026, 18:00

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Білім күні және жаңа оқу жылының басталуына орай құттықтауы

Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Білім күні және жаңа оқу жылының басталуына орай құттықтауы

Құрметті оқытушылар, ұстаздар және тәлімгерлер!

Қымбатты оқушылар мен студенттер, қадірлі ата-аналар!

Баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін сіздер өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне қадам басып, маңызды әрі жауапты міндеттерді атқаруға дайындалып жатырсыздар. Студенттер мен оқушыларға түрлі ғылымдарды ынтамен меңгеру, педагогтер мен тәрбиешілерге күш-жігерін аямай, өз шәкірттеріне тәжірибесі мен білімін беру, ата-аналарға балаларының жетістіктеріне алаңдап, оларды оқу жолында жан-жақты қолдау міндеті жүктеледі. Мұның бәрін өзара құрмет пен зор сабырлылық таныта отырып, бірлесе атқару, бір-бірімізге шынайы әрі жалықпай көмек көрсету қажет.

Тек бірлік пен татулықта, ынта-жігердің, төзім мен еңбекқорлықтың арқасында пайдалы білім мен дағдылардың жиынтығы ғана емес, одан да маңызды нәрсе — қоршаған болмысқа тұтас көзқарас, шынайы өмірді дұрыс қабылдау, ақиқатты жалғаннан, жақсылықты жамандықтан ажырата білу қабілеті қалыптасады. Дана Соломонның сөзімен айтқанда: «Даналыққа қол жеткізген адам бақытты, өйткені оны иелену күміске ие болудан артық, ал одан келетін игілік алтыннан да қымбат» (Пртч. 3:13–14).

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстанның болашағы — білімді ұрпақтың қолында», — деп атап көрсетеді. Білім берудің православиелік түсінігі, жалпы алғанда, оның кеңінен қабылданған ұғымымен үндеседі. Яғни білім беру — адамның есейіп, кәмелетке толуы және белгілі бір мұратқа сәйкес қоғамға бейімделуі барысында тұлға ретінде қалыптасуы. Шынайы білімді адам — жан-жақты дамыған, берік адамгершілік ұстанымдары бар, өзін-өзі игере алатын, танымға ұмтылатын, кәсіби тұрғыдан өзін жүзеге асырып, шығармашылық әлеуетін аша білетін тұлға. Сонымен бірге, ол — өмірлік мақсатын жеке басының әл-ауқатына қол жеткізуден ғана емес, басқа адамдарға және тұтас қоғамға қызмет етуден көретін әлеуметтік жауапты адам. Осыған байланысты Мәсіх Шіркеуі білім берудің мәнін адамды жоғары руханилыққа, адамгершілікке және мәдениетке баулудан көреді. Тәрбие мен білім адамның бір мезгілде ішкі үйлесімге де, қоғамның үйлесімді құрылуына да ұмтылуына бағытталуы тиіс.

Оқу бағдарламасын табысты меңгеру тұлғаның дұрыс ішкі қалыптасуынсыз, мұғалім мен оқушының, тәрбиешілер мен ата-аналардың арасындағы ізгі қарым-қатынассыз мүмкін емес. Сондықтан жастардың бойында ізгі әрі жоғары адамгершілік қасиеттерді дамыту — оқу пәндері бойынша жақсы жетістіктерге қол жеткізумен қатар, қазіргі білім берудің ең басты міндеттерінің бірі. Әрине, ең алдымен бұл қасиеттер педагогтің өз бойынан табылуы тиіс. Құрметті ұстаздар, сіздердің мойындарыңызға зор жауапкершілік жүктеледі: сіздер балалар мен жасөспірімдерге белгілі бір пәндер бойынша қажетті білім беріп қана қоймай, олардың бойына дүниені танып-білу үдерісіне шығармашылық қызығушылық дарытып, жан-жақты әрі рухани жағынан мықты тұлғаның қалыптасуына ықпал етулеріңіз қажет.

Зияткерлік және рухани тұрғыдан кемелденудің маңызды жолында отбасы таптырмас көмекші болуға тиіс. Ата-аналарға өз тәжірибесімен, ізгі өнегесімен және ақыл-кеңесімен балаларына өмір жолында қалыптасуына жәрдемдесуді тілеймін.

Қымбатты оқушылар мен студенттер, адамзат жинақтаған ғылымдарды меңгерудің пайдасы даусыз, алайда бәріміз үшін мәңгілік Құдайлық ақиқатты табуды үйрену де аса маңызды. Зияткерлік қабілеттер мен білімнің өзі, адамның рухани күйіне мұқият қамқорлық жасамайынша, ерекше құндылыққа ие бола алмайды. Тек білім мен жауапкершілікті, Құдайға деген сенім мен терең адамгершілікті ұштастырған адам ғана өмір сүру қуанышына қол жеткізіп, Отанына қызмет етіп, жақындарын бақытты ете алады.

Егер барлық іс-әрекетіміздің негізіне өсиеттерді орындауды, ал олардың ең бастысы — сүйіспеншілікті қоятын болсақ, біздің барлық күш-жігеріміз Құдайдың игілікті батасымен сан еселеп ақталып, молая түседі. Осы күш отбасылық байланыстарды бекемдейді, балалардың өмірін табысты әрі жарқын етеді, оқу мен тәрбиенің арасындағы алшақтықты еңсереді, бізді өзара ынтымақтастық пен мейірімділікке жетелейді. Материалдық игіліктерді шамадан тыс жинауға алаңдаған қазіргі әлемге дәл осы қасиеттер жетіспейді. Жоғарыдан түсетін рақымнан айырмашылығы, ешбір материалдық құндылық адам өміріне толықтық пен терең мазмұн сыйлай алмайды, сондай-ақ адам тұлғасының мәңгілікпен байланысын нығайта алмайды.

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді