ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРАВОСЛАВИЕ ШІРКЕУІ

КАZ | ENG | RUS
Обращение
10.10.2026, 18:00

Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Шымкенттік жаңа шейіттерге арналған ескерткіш-храмның қасиетті ету рәсіміне орай жасаған үндеуі

Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Шымкенттік жаңа шейіттерге арналған ескерткіш-храмның қасиетті ету рәсіміне орай жасаған үндеуі

Аса құрметті  Хрисанф мырза, мәртебелі билеуші!

Құрметті архипастырь бауырлар!

Қадірлі әкелер, қымбатты бауырлар мен әпке-сіңлілер!

Әулиелер қауымында мадақталатын Құдай (Пс. 88:8) бізге тарихи оқиғаның куәсі болу қуанышы мен игілікті мүмкіндігін сыйлады – Оңтүстік Қазақстан жерінде Шымкенттік жаңа шейіттер қауымына арналған храмды қасиетті ету рәсімі өтті.

Бүгінгі күнге «рақым үстіне рақым» (Ин. 1:16) деген Інжіл сөздерін орынды қолдануға болады. Өйткені бізге Құдайдың күші мен Көктен келген нұрды сыйлаған храмды қасиетті ету рәсімі Шымкентке бүкіл православие әлемі үшін ұлы қасиетті жәдігердің – емшілік дарытатын, өзіне жүгінген әрбір адамға рухани күш пен жұбаныш беретін Тримифунт епископы, әулие әрі ғажайып жасаушы Спиридонның қасиетті жәдігерінің әкелінуімен тұспа-тұс келді.

Жаңа храм бүкіл әлемге белгілі ерекше жер – Лисья балкасында бой көтерді. Бұл жерде Мәсіхтің есімі үшін азап шеккен және соңғы тыныштығын тапқан сансыз көп діндарлар – архипастырьлар мен пастырьлар, монахтар мен миряндар жерленген. Тарих олардың кейбірінің есімдерін сақтап қалды, олардың қатарында өткен ғасырдың көрнекті иерархтары – Қазан митрополиті Кирилл (Смирнов), митрополит Иосиф (Петровых), архиепископ Алексий (Орлов), епископ Евгений (Кобранов) бар.

Бұл храмның ерекшелігі – оның құрылысын Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл Қасиетті тақсырдың өзі бастамашылық етуінде. Жоғары мәртебелі Лисья балкасының бар екенін және мұнда болған қайғылы оқиғаларды әлі жас кезінде тақуалық жолын ұстанған туыстарынан білген. Жоғары мәртебелі Шымкентте мемориалдық шіркеу салу идеясын Қазақстан Республикасының басшылығына жеткізді және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарапынан бұл бастамаға жылы қолдау тапты.

Осылайша бұл жер жаңа шейіттерді ұлықтайтын әрі «отты сынақ» кезінде (1 Пет. 4:12) жазықсыз жапа шеккендердің барлығын дұғада еске алатын ғибадатхана-ескерткішпен көркейе түсті.

Бұл жерге жақындары мен туыстарын еске алу үшін тек Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден – Ресейден, Украинадан, Беларусьтен, Молдовадан, Грузиядан, АҚШ-тан, Германиядан, Италиядан, Бразилиядан, Аргентинадан және басқа да елдерден қуғын-сүргінге ұшырағандар мен қаза тапқандардың ұрпақтары келетін болады. Олар да біз секілді бүгінгі тарихи оқиғаны тағатсыздана күтті.

Шымкентте православие шіркеулері мешіттермен бейбіт қатар орналасып, еліміздің тарихы мен қазіргі өміріндегі ханафи мәзһабындағы Ислам мен Православиелік христиандықтың маңыздылығын көрсетеді. Бұл Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы халқының бірлігінің мызғымас күшін айғақтайды.

Жаңа храмның бой көтеріп, қасиетті етілуі – Шымкент тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін ерекше рухани сый. Өйткені бұл жай ғана сәулет нысаны емес, Құдайдың үйі әрі «Көктегі қақпа» (Быт. 28:17), Көкке апаратын баспалдақ (Быт. 28:12).

XIX ғасырдың көрнекті уағызшысы, Мәскеу әулиесі Филарет храмның мәнін ашатын тамаша атауларды келтіреді: «Қасиетті құпиялардың қоймасы, рақым қазынасы, Мәсіх Денесінің мекені, дұға үйі, Құдайды тану мен тақуалық мектебі, қасиеттілік қайнары, дауылға ұшырағандардың айлағы, қайғы-қасірет шеккендердің панасы, науқастардың емханасы, қайғырғандардың жұбанышы, рухани қуаныш мекені, көктегі мекендердің босағасы».

Ал әділ Иоанн Кронштадтский: «Храм – жердегі Көк» деген.

Алдымызда осы жаңа храмда жан-жақты приходтық өмірді дамыту, рухани ағарту, қайырымдылық, балалармен және жастармен жұмыс жүргізу бағытында әлі де көптеген еңбек күтіп тұр.

Жаңадан салынған шіркеудің ұлылығы мен сұлулығына қарап, біз өзіміздің де «тірі Құдайдың ғибадатханасы» екенімізді (2 Кор. 6:16) есте ұстауымыз керек. Әулие Григорий Богослов былай үйретеді: «Жерден бас тартып, Көкке қарай үздіксіз ұмтылған адам өзін осы ғибадатхана етіп қалыптастырады. Оны барлық ісің мен сөзіңнен хош иіс аңқып тұратындай, онда Құдай әрдайым мекендейтіндей етіп қорғауға кеңес беремін».

Храмның салынуына үлес қосқан қайырымдылық жасаушылар мен оны көркейтуге атсалысқан жандарға ризашылығымды білдіріп, Шымкенттік жаңа шейіттер ғибадатханасының бой көтеруіне өз үлесін қосқан баршаңызға алғыс айтқым келеді.

Осы ретте Жоғары мәртебелі терең мағыналы сөздерін еске салғым келеді: «Ғибадатхана салған адам тарихқа енеді. Тек адамзат тарихына ғана емес. Мұндай адамдардың есімдері Өмір кітабына ерекше жазылады».

Шымкент қаласының билігі де епархияның өтініштеріне қолдау көрсетіп, осы игілікті іске жанашырлықпен атсалысқаны қуантады. Шіркеу мен қоғамның, мемлекет пен дәстүрлі конфессиялардың ынтымақтастығы ешқашан үзілмей, ортақ үйіміз – қасиетті Қазақстанның игілігіне қызмет ете берсін.

Ғибадатханаға баруға деген ынта-жігеріміз ешқашан сарқылмасын, құлшылықтарға деген сүйіспеншілігіміз суымасын және Құдайдың Литургиясына қатысудан алатын қуанышымыз ешқашан өшпесін.

Құдіретті Құдай Ана, Қазақстанның жаңа шейіттері мен тәубешілерінің дұғаларымен баршамызбен бірге «Иеміз Иса Христостың рақымы, Құдай Әкенің сүйіспеншілігі және Киелі Рухтың қауымдастығы болсын» (2 Кор. 13:13).

ҚАЗАҚСТАН ПРАВОСЛАВ ШІРКЕУІНІҢ БАСШЫСЫ

АСТАНА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН МИТРОПОЛИТІ

Пікірлер әлі жоқ

Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!

Сілтеме көшірілді