25 қазан – Алматы және Қазақстан митрополиті, дін жолында азап шеккен Николайдың (Могилевский) Жаратқан Иеге аттанған күні. Осы айтулы күнге орай Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр архипастырлық сөзін жолдады:
Құрметті әкелер! Қымбатты бауырлар мен әпке-сіңлілер!
Бүгін – Алматы қаласы және бүкіл қасиетті Қазақстан жері үшін үлкен әрі қуанышты мереке – қасиетті иерарх әрі діндар Николайды (Могилевский) еске алу күні. Бұл көрнекті иерархтың өмірін Інжілдің мына сөздерімен қысқаша сипаттауға болады: «Ол жанып тұрған әрі жарық беріп тұрған шырақ еді» (Ин. 5:35). Оның есімі аталған кезде Православие Шіркеуі мен еліміздің тарихындағы тұтас бір дәуір көз алдымызға келеді. Бұл – Құдайға деген сенімге негізделген сан ғасырлық қоғамдық құндылықтардың күйретілген, сансыз архипастырлар, дін қызметкерлері мен қарапайым діндарлардың жойылған, Інжіл ақиқатын мойындағаны үшін жазықсыз адамдардың қуғын-сүргінге ұшыраған қасіретті кезеңі еді. Әмірші Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарын және соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтірудің қиындықтарын бастан өткерді. Ол өзінің шіркеулік қызмет жолын көптеген қайғы-қасірет пен сынақ арқылы өткерді.
Митрополит Николай, дүниеге келгендегі аты-жөні – Феодосий Никифорович Могилевский, Құдайға шын берілген жыршы отбасында дүниеге келіп, терең христиандық тәрбие мен жақсы теологиялық білім алды. Ол өзінің Жарқын Пасханың алғашқы күнінде, қоңыраулардың қуанышты үні мен салтанатты әуені астында дүниеге келгенін айтқанды жақсы көретін. Ата-анасынан бойына сіңірген Христос Шіркеуіне деген ыстық сүйіспеншілігін, құлшылық жасауға деген ынтасын, дұға жолындағы ерліктерге деген табандылығын болашақ қазақстандық иерарх өмірінің барлық ауыртпалықтары мен сынақтары арқылы сақтап өтті. Оның өмірлік ұстанымына пайғамбар әрі патша Давидтің: «Өмірімнің бар күнінде Жаратқан Иеге ән саламын, тірі кезімде Құдайымды мадақтаймын» (Заб. 103:33) деген сөздері айналды. Ол өз өмірін Құдайға арналған мадақ жырына айналдырып, Жаратушыны сөзімен де, ісімен де ұлықтады.
«Адамның қадамы Жаратқан Иеден бекітіледі» (Пс. 36:23), – деп көне өсиеттің әділ тұлғасы куәлік етеді. Құдай біреуді жоғары пастырлық қызметке белгілегенде, Өзінің құдіретті жоспары арқылы оны көптеген жолдармен жетелейді. Олардың мәні мен маңызы көбіне кейін ғана айқын әрі анық танылады.
Қасиетті Николайдың өмірінен біз осы тылсым Құдайдың күшін көреміз. Ол болашақ дін қызметкеріне ақиқат сөзін дұрыс жеткізуге (2 Тим. 2:15) қажетті дарындардың ашылуына мүмкіндік беретін түрлі жағдайлар мен сынақтарға оны бағыттап отырды.
Болашақ дін жолындағы азап шегушіге Жаратқан Ие Нило-Столобенск монастырінде монастырлық міндеттер атқаруды, Мәскеу рухани академиясында білім алуды, Полтавада, Черниговта және Иркутскіде рухани білім беруді дамытуға атсалысуды нәсіп етті. Оның епископтық қызметі Христос Шіркеуі үшін революциядан кейінгі трагедиялық жылдары басталды. Әмірші Николай алауыздық тудырушылар мен жаңарушыларға – қой терісін жамылған жыртқыш қасқырларға (Мф. 7:15) батыл қарсы тұрды. Ол ғибадатханалар мен монастырларды жауып, қиратқан, қасиетті дүниелерді жойған, діндар халықты азаптаған құдайсыздарға қарсы өз өмірін аямай күресті. Оның еңбегі мен рухани ерліктерін Чернигов епархиясы мен Тула жері, Орел және Мәскеу халқы жақсы біледі. Бір кездері елші Павелге дұға етіп, қасиетті Иоанн Дамаскин: «Сен қандай түрмеде тұтқын болмадың?» деген еді. Бұл сөздерді қасиетті діндар Николайға да қатысты айтуға болады. Ол Христос үшін атақты Бутырка түрмесінде және Воронеждегі тергеу изоляторында азап шекті, Мордовия, Чувашия лагерьлерінде және Саровта ауыр жұмыстардан әлсіреді. Қасиетті иерарх азап тостағанын қуанышпен қабылдап, Құдайға шүкіршілік етті және «тәнді өлтіргендерден қорықпады, өйткені олар жанды өлтіре алмайды» (Мф. 10:28).
«Қоғамға қауіпті элемент» ретінде владыка Николай Қазақ КСР-іне бес жыл мерзімге жер аударылды. Осылайша 64 жасында оның Қазақстандағы діндарлық жолындағы азап шегу және архипастырлық қызмет кезеңі басталды. Тұтқындар вагонында, ескі-құсқы киіммен, аштық пен суықтан әлсіреген владыка Ақтөбе облысындағы шағын елді мекен – Челкар станциясына келді. Ол бірнеше ай бойы қайыр-садақамен күн көріп, өзінің жоғары рухани дәрежесін жұрттан жасырды. Қарапайым әрі кішіпейіл адам болғандықтан, соғыс жылдарында баршаға қиын екенін біліп, діндарлардың ешқайсысына ауыртпалық түсіргісі келмеді. Адамдарға деген сүйіспеншілік пен жанашырлық, сондай-ақ Құдайдың еркіне толықтай мойынсұну оның өміріне бағыт-бағдар болды.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін көп ұзамай Жаратқан Ие Өзінің адал қызметшісін қайтадан рухани отарды бағуға шақырды – владыка Николай жаңадан құрылған Алма-Ата және Қазақстан епархиясының басқарушысы болып тағайындалды.
Лагерьлер мен жер аударулардан әбден қажыған қасиетті иерархты апостолдық қызмет күтіп тұрды. Оның алдында көптеген қиындықтар болды: ғибадатханалардың аздығы және олардың мүшкіл жағдайы, дін қызметкерлерінің өткір тапшылығы, халықтың кедейлігі, қолдауға және жұбанышқа мұқтаж сансыз қуғын-сүргінге ұшырағандар мен жер аударылғандар. Құдайсыз қуғын-сүргіннен, соғыстан және репрессиядан әбден азап шеккен діндар халық өз архипастырынан сүйіспеншілікке толы әкені, қамқор пастырды және дана ұстазды көрді.
Православиеге деген адалдық, сенімдегі мызғымас беріктік, жақындарына деген ыстық сүйіспеншілік, күнә жасағандарға көрсетілген момындық пен парасатты кеңшілік, барша адамнан шынайы христиандық өмірді талап ететін пастырлық табандылық – ұлы қазақстандық иерархтың бүкіл қызметінің өзегіне айналды. Әмірші Николайдың өмірінде қасиетті Иоанн Златоусттың: «Ізгі пастыр-епископ әрдайым мыңдаған шейіттен кем емес ерлік жасайды» деген сөзі толық орындалды.
Құдайға шүкір, бүгінде әмірші Николаймен жеке араласқан адамдар әлі де бар. Олар әмірші Николайдың дұғасы арқылы болған ғажайыптар, оның рақымға толы көмегі мен шапағаты туралы айтып береді. Бүгінде жүрек қалауымен Алматыдағы Никольск соборында қасиетті діндар митрополит Николайдың адал жәдігерлері жатқан қасиетті сандықшаға тағзым етуге келген әрбір адам өзінің ізгі тілектерінің орындалуына куә болады. Қасиетті Жазбаның сөзімен айтқанда, «әділдер мәңгі өмір сүреді» (Сир. 5:15) және өздеріне рухани перзент ретінде үн қатқандарға қамқорлықтарын көрсетеді.
Жаратқан Ие бізге қасиетті діндар Николайдың рухани мұрасы – оның өмірбаянында, уағыздарында, естеліктері мен хаттарында сақталған мұрасына ортақтасуға мүмкіндік берді. Қасиетті иерарх бізге өсиет ретінде өзінің «Адам жанының құпиясы» атты кітабын қалдырды. Онда ол құмарлықтар және олармен күресу жолдары туралы қасиетті әкелердің ілімін баяндайды. Оның бір тарауында мынадай терең сөздер бар: «Адам өзінің Құдайымен тірі қарым-қатынасқа түскен кезде ғана өмір сүре алады. Өйткені Құдай – шынайы, Өздігінен бар Өмір және барлық игіліктің толықтығы». Осы рақымға толы Өмірді жүрегіне қабылдап, Христоспен бірлікке жеткен архипастыр Інжіл қуанышын адамдарға сыйлады және оны бүгінге дейін сыйлап келеді.
Митрополит Николайды еске алу күні оған дұға арқылы жүгініп, сенім мен тақуалықтағы табандылығына шамамыз келгенше еліктеуді және онымен бірге ұлы апостолдық сенімді батыл түрде айтуға лайық болуды сұрайық: «Бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен кім айыра алады? Өлім де, өмір де, періштелер де, биліктер де, күштер де, қазіргісі де, болашағы да, биіктік те, тереңдік те, басқа ешбір жаратылыс та бізді Иеміз Иса Мәсіхтегі Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды» (Рим. 8:35, 38–39).
Оптина шөлінде жарқыраған әулиелерді еске алу күні. Митрополиттік округінің Басшысы Өтеген батыр кентіндегі Адриано-Наталиевск шіркеуінде Литургияны өткізді
Толығырақ
Алматы православие діни семинариясында Ғылыми кеңестің отырысы өтті
Толығырақ
Митрополит Александр Орыс Православие Шіркеуінің Қасиетті Синодының отырысына қатысуда
Толығырақ
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр