Қазақстан Православие Шіркеуінің Басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Саратов және Вольск архиепископы Александрдың (Тимофеев) рухына арналған «Теология, қоғам, мемлекет: диалог кеңістігі» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына құттықтауы
Құрметті конференцияның ұйымдастырушылары мен қатысушылары!
Құрметті архипастырлар!
Аса қадірлі әкелер, қымбатты бауырлар!
Бүгінде елдер мен халықтар бетпе-бет келіп отырған геосаяси сын-қатерлер, әлеуметтік және экономикалық салалардағы дағдарыстар адамзат қоғамының рухани-адамгершілік құндылықтардың рөлі мен орнына деген көзқарастарды өзгертуге, соның ішінде діни және зайырлы білім беру жүйелерінің өзара қарым-қатынасының сапалы жаңа ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған жүйелі шараларға мұқтаж екенін көрсетіп отыр. Осы сын-қатерлерге сенімді түрде қарсы тұра алатын зияткерлік және рухани әлеуметтік ортаны қалыптастыру қажет.
Шіркеу мен қоғамның өзара іс-қимылы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ой мен білім саласын меңзейміз. Дәл осы бағыттағы өзара байланысты күшейту қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін Шіркеудің не екенін, оның әлемдегі орны қандай екенін, алдына қандай мақсаттар мен міндеттер қоятынын толық түсінбейтін адамдар аз емес. Бұл түсініспеушіліктер мен жаңсақ пікірлерді жойып, адамдарға сенімге, дінге, қасиетті дәстүрлерге және тарихқа қатысты қалыптасқан стереотиптерді еңсеруге көмектесу керек. Адамдарда өткінші емес, мәңгілік мәні бар мәселелерге деген шынайы әрі терең қызығушылықты оята отырып, бұл стереотиптерден қалай арылуға болады? Ол үшін байыпты әрі терең диалог қажет. Бұл – әрі зияткерлік, әрі рухани диалог.
Діни мәдениет өркениеттің іргетасы болып табылады, өйткені дәл осы мәдениет қоғамның құндылықтар жүйесін, өмірлік мағыналарын, моральдық нормалары мен дүниетанымын айқындайды. Ал материалдық мәдениет – технологиялар, экономика, инфрақұрылым – қоғамның өмір сүруі мен жайлылығын қамтамасыз етсе, рухани мәдениет бұл қоғамның не үшін өмір сүріп, технологияларды не мақсатта дамытатыны туралы сұраққа жауап береді.
Конфессияаралық және дінаралық коммуникацияның ерекше кеңістігін, өзіндік диалог форматына ие маңызды саланы теология ғылыми пәні қалыптастырады. Бұл диалог кеңістігін кеңейту дәстүрлі конфессиялардың ғана емес, қоғам мен мемлекеттің де тікелей мүддесіне сай келеді. Сонымен қатар өзара іс-қимылдың деңгейі мен оның тиімділігі мұндай диалогқа дайын, діни қауымдастықтың өміріне белсенді араласатын әрі оның ішінде бедел мен ықпалға ие ғылыми-теологиялық кадрлардың болуына көп жағдайда байланысты.
Теологияның университеттік және академиялық кеңістікке енуі ар-ождан бостандығы қағидатын сақтай отырып, мемлекеттің және қоғамның зайырлылығын агрессивті секуляризм немесе атеизм тұрғысынан емес, дүниетанымдық бейтараптық ретінде түсінуге қайшы келмейтінін ұғыну қажет.
Теологияның білім мен ғылым саласында болуы – қоғамымыздың азаматтық тұрғыдан кемелденуінің, өзінің құрылымдық күрделілігін, көп факторлылығын қабылдай бастауының, сонымен бірге өркениеттік бірегейліктің рухани және мәдени тамырларының маңызын түсінуінің белгісі.
Христиан теологиясы – еуропалық және ресейлік мәдениеттің, сондай-ақ Таяу және Орта Шығыс мәдениеттерінің маңызды элементтерінің бірі. Ол елдер мен халықтардың өмірінде көптеген ұрпақтардың діни тәжірибесін білдіретін христиандық ақиқаттар мен идеялардың сақталуына мүмкіндік береді. Кез келген ғылым секілді, теологияның да тар ауқымды арнайы маңызы ғана емес, сонымен бірге жалпы мәдени мәнге ие белгілі бір білім түрін сақтауға, дамытуға және кейіннен кең қоғамдық кеңістікке жеткізуге негіз қалыптастыратын маңызы бар.
Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің мына сөзін келтіргім келеді: «Жоғары мектептегі теология, яғни гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың ғылыми деңгейіне сәйкес келетін жоғары академиялық деңгейдегі теология – қоғамда діни радикализмнің таралуына қарсы дәрі. Діни радикализм, әдетте, өздігінен, бақылаусыз дамып, адамдардың қалың бұқарасын қамтуы мүмкін».
Қазіргі жаһандық мәселелер мен сын-қатерлерге арналған, шіркеу мен мемлекет арасындағы, дінаралық, ұлтаралық және мәдениетаралық диалог тәжірибесін зерделейтін халықаралық мәртебеге ие бүгінгі конференцияның маңызын үлкен қанағаттанушылықпен атап өтуге болады.
Осы маңызды тақырыптарды талқылау көптеген өзекті мәселелерді табысты шешуге өз үлесін қосады деп сенемін.
Конференцияның барлық қатысушыларына жемісті жұмыс және еңбектеріңізге Құдайдың жәрдемін тілеймін.
Пікір жазу үшін жүйеге кіріңіз немесе тіркеліңіз!
Пікіріңіз сәтті қосылды және оны қазір сайт әкімшілігі қарастырып жатыр